Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бізге қызметкер емес, маман жетіспейді

Бізге қызметкер емес, маман жетіспейді

Хасан кішкентайынан әкесінің аяғына оралып өскен бала. Әкесі қайда барса да соңынан бір елі қалмайтын, оның есін білгелі көргені – түрлі техника, оның қосалқы бөлшектері мен сатыр-сұтыр дыбыстар. Себебі әкесі Жаңабай техниканың жүрегіне (мотор) тыңдап-ақ диагноз қоя білетін кәнігі маман болды. Қазіргінің түсінігімен айтсақ "үздік моторист" болды. Оның асқан ұқыптылығы мен сипаттауға келмейтін тазайындығы көп адамға ұнайтын. Содан да болар, марқұм Жаңабайды бір ғана Қарақұмның басынан емес, алыс-жақын ауылдардан да іздеп келетіндердің қатары қалың болды. Түрлі техниканың тілін түсінген, үніне қарап үкім айтқан маманның қолы алтын еді. Бала Хасан аулада көлік жөндеп отыратын әкесін көріп өскен соң да, ол да өсе келе техникаға жақын болды. Тіпті әкесінен өте тумаса да, жете туған жақсы маманға айналды. Ол оның оқуын оқымады. Бар болғаны – бала күнінен көргені һәм көңілге түйгені.
«Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демей ме дана халқымыз. Міне, осы бір өміршең сөздің нақ дәлелі осы әке мен бала арасындағы берік байланыс, қала берді өмірлік тәжірибе. Хасан бүгінде әкесінен үйренгенін өмірлік азық етіп келеді. Қысқасы, жылдың қай мезгілінде болмасын техниканың қозғалтқышын жөндейді. Тіпті шырт ұйқысынан оятып алып, қолына қандай да бір қосалқы бөлшек ұстатсаңыз, соны жазбай ажыратуға бар. Ол өз ісіне деген сүйіспеншіліктің арқасы. Бүгінде ол аудандық аумақтық инспекцияда еңбек етеді. Көлік жөндеу жан қалауына айналғанмен, арнайы орталық болмаған соң кәсіби маманға кедергі көп. Алайда қолы қалт еткенде көлік жөндеуден қашпайды.
Біз мұны неге айттық? Қазір мамандық мәселесінде өте көп машақат жатыр. Бірі қалап таңдайды, енді бірі жеңілдікке қарай ұмтылады. Бүгінде көңілге түйгенді азық етер әлгіндей кәсіпке деген қызығушылықтар азайып барады. Қазіргі жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейімделіп бара жатқан секілді. Бәрі бірдей дәрігер, мұғалім немесе мемлекеттік қызметкер болғысы келеді. Ал әлгіндей механизатор, слесарь, токарь немесе дәнекерлеуші сынды керек мамандықтар тасада қала береді. Тіпті ондай мамандықты үйрететін колледждерді менсінбей қарайтындардың саны артып барады. Кейбір жастар үшін нәтиже бермесе де, атағы дардай университеттерде білім алу абырой. Мәселе – білімді жоғары университеттерде алу емес, өмірлік азық болатын саланы жан қалауыңмен меңгеру. Сонда ғана шынайы маман қалыптасады. Мүмкін ол туа бітті дарынмен келетін шығар. Кейбір жас мамандар өмірлік жолында білімге қарағанда, тәжірибе арқылы жетістікке жетіп жатады. Тіпті осы редакцияға тәжірибеден өтуге неше түрлі студенттер келді. Қолынан жазу тұрмақ, дұрыс сөйлем құрау келмейді. Сонда оның 3 жылдық немесе 4 жылдық білімі қайда?! Оқып жүрген оқу орнының атағы дардай. Міне, өмірде осындай қателіктер мен шалыс таңдаулардың салдарынан көптеген жастар қоғамда өзінің орнын таба алмай жүр. Мүмкін ол жақсы агроном шығар, мүмкін ол темірден түйін түйетін шебер шығар. Бірақ көп жағдайда ата-ананың таңдауы баланы өмірлік бағытынан тайдырып жатады. Бұл дұрыс емес, меніңше. Жалпы жаза бергеннен, айта бергеннен ештеңе өнбесін білеміз. Нәтиже де шыға қоюы екіталай. Таза киіммен жүріп, жақсы табыс табу бірден бола қоймасы белгілі. Ол үшін көп оқу керек, қала берді іздену керек. Бірақ сонда да біз секілді дамушы елге технократты мамандықтарды игерген мамандар көп керек. Ол мамандық арқылы да үлкен жетістіктерге жетуге болады. Жалпы қай істе болмасын масылдық көзқарастан арылу маңызды. Сіз бен бізге түсінікті болуы үшін Ербол Азанбек есімді желі қолданушысының төмендегі жазбасын оқып көрсеңіз болады.
«Тойдағы үзілісте қасымдағы екі адам балалары туралы айтып тұр.
Балам 35-ке келді. Әлі мойында отыр. Грантка түспеді, ақылы оқыды. Пәтер жалдап тұрды. Үйленді. Әкімшілікке кірді. Ипотекаға үй әпердім. Айлығы 80 мың, ипотекасы 150 мың. Өз отбасыма қосып мұның отбасын бағып отырмын. Ел сияқты жеуді білмейді, қызметі «левый» алатындайға да жетпеді. Былай қашанғы жүретінін. Кәстөм-шалбар кигенін қайтем, деді бір әке.
Менің ұлым 24-те, мектеп біткен соң оқымады. Грантқа түспеді. Ақылы оқымады. Құрылысқа кірді. Ұзын мойын 8 этажға дейін жететін цемент құйғыштың шопырына көмекші болды. Кейін шопыры болды, сосын соны жалға алды. Кейін ақша жинап, сондай сатып алды. Қазір құрылыс компаниялары жалдайды. Сағаты 30 мың, әр нысанға кемі 3 сағатқа барады. 1 күнде табысы 100 мыңнан асады. Үйленгенде тойын өзі жасады. Былтыр 200 Ланд крузер алды. Жақында 3 бөлмелі үй алды. Шешесі екеумізді қажылыққа жіберді. Жағдайымды жасап тұр, мыж-мыж болып жүргенінен айналдым, деді екінші әке» дейді Ербол өз жазбасында.
Осы жазбадан өзіңіз ой түйерсіз, озық ойлы оқырман!
А. ҚАРАСАЙ 
19 сәуір 2022 ж. 325 0