Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оразаның пайдасы бар орасан

Оразаның пайдасы бар орасан

Қасиетті Рамазан айы басталды. Отыз күн ораза тұтудың сауабы да бар, ашығудың пайдасы да зор. Ғылымда да ашығудың денсаулыққа пайдасы көп екені жиі жазылады. Тіпті, ғалымдар 365 күн тамақ ішетін адамдарға 30 күн ораза тұту дұрыс деп есептейді. Әсіресе, медицинада қант ауруын емдеу үшін де 10-15 күн ашықтыратыны бар. Сол себепті де, 30 күн ораза ұстаудың артықшылығы көп.

ҚМДБ бөлім басшысы Хасан Аманқұл: «Рамазан айы – Алла Тағаланың мүмин пенделеріне берген үлкен нығметі. Бұл айда Раббымыздың мейірімі төгіледі, әсіресе Оның біз үшін берілетін ғинаяты артады. Атап айтқанда, Рамазан айының бірінші түнінен бастап ғибадаттар жеңіл­дей түседі. Әбу Һұрайрадан (Алла оған ра­зы болсын) риуаят етіледі, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын): «Ра­мазан айының бірінші түнінде шай­тан­дар және өз бетімен кеткен жындар кісен­деледі, тозақтың бір есігі қалмай бар­лығы жабылады, ал жәннаттың барлық есік­тері ашылады. Сондай-ақ, әр түнде: «Уа, жақ­сылық істеуші, бағалай біл! Уа, жа­мандыққа бейім тұрушы, өзіңді ұста!», – деп жар са­лады. Әр түнде Алла Тағала көптеген пен­дені тозақтан құтқарады», – деген. Шай­тандардың кісенделуі, шүбәсіз, ғиба­дат­тардың орындалуын жеңілдетеді», – дейді.

Денсаулыққа тигізетін зияны бар ма?

Денсаулыққа оразаның қандай пайда­сы бар? Ең алдымен, ас қорыту жүйесі дұ­рысталады. Адам семіздіктен арылады. Қан қоюлануы азаяды. Яғни, холестеринді азайтады. Бүйрек, бауыр, қуық, қант диа­беті, жүрек пен тамыр ауруларына да қар­сы төзімділікті арттырады. Тері ауруларына да пайдасы зор. Мәселен, ораза тұтқан адам­ның қанында су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмек береді.
Хасан Аманқұлдың айтуынша, адам­ның күнәсі көп болса, рухани ауруға душар болуы мүмкін. Оның зейіні, қабілеті тө­мен­деп, көңіл күйі өзгереді. Жүрегі қарай­ды, қатайды дегеннің мағынасы осында. Ора­за ұстау арқылы осы қиындықтың бә­рінен тазарады. Мінезі, іс-әрекеті өзге­реді. Мейірімділігі артады, жомарттығы көбейеді.
Ауыз бекітудің тағы бір пайдасы – ас­қорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Тамақ қорытуға арналған сөл әдет­тегіден аз мөлшерде бөлінгенімен, сөл бө­лу процесі қалыпты жағдайда өз қыз­метін атқара береді. Ораза ұстаған кезде де асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Сол себепті де, асқазанда жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болғаны жөн.
Оразаның осындай пайдасы көп. Бастысы, дұрыс тамақтанып, дұрыс ре­жим тұтынуда. «Негізінде, оразаны Алла Таға­ла­ның разылығын ниет етіп ұстау шарт. Ал құлшылық мақсатында ұстаған аштық пен әдеттегі аштықтың қайсысы екені ниет етумен ғана анықталады», – дейді Хасан Аманқұл. Оның айтуынша, оразаны дұрыс ұстаса, оның денсаулық­қа пайдасы тиетіні анық. «Денсаулыққа қандай пайдасы бар?» деген сауалымыз­ға, Хасан Аманқұл бірнеше жолын ай­тып берді.
Ең алдымен, жүрек жұмысын жақсар­тады. Ораза жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартуға көмектеседі. Өйткені 15 сағат аштық жүректің асқазанға қан жіберуге жұмсайтын күшін тежейді, сондай-ақ қандағы майдың үлесін азайтады.

Екіншіден, көңіл-күйді көтереді. Ғы­лыми зерттеулер оразаның көңіл күйді жақ­сартатынын дәлелдеген. Себебі бұл мидың рухани һәм физикалық күйзеліске қарсы тұру қабілетін арттыруға көмек­теседі. Ораза адамның ми жасушаларының дамуына ықпал етеді, есте сақтау қабілеті мен ойлау қабілетін жақсартады.
Үшіншіден, қандағы холестерин дең­ге­йін төмендетеді. Себебі ол қандағы май­дың жиналуын азайтады. Сөйтіп жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартып, ин­сульт және инфаркт сынды аурулардың алдын алады.
Төртіншіден, денедегі токсиндерді кетіреді. Күндіз бойы тамақ ішпеу арқылы адамның ас қорыту жүйесіндегі токсин қал­дықтары жойылады. Себебі, ораза ор­ганизмде сақталған майды ыдыратуға көмектеседі. Бұл адамның жігері мен күш-қуатын арттыруға алып барады.
Бесіншіден, ас қорыту жүйесіне пай­далы. Ораза ас қорыту жүйесін мазалайтын көптеген ауруларды жояды. Атап айтқанда, ісінген ішек синдромы, асқазанның бұ­зы­луы, ішек кебу және жоғары қышқылдық­ты тоқтатады, сондай-ақ ас қорыту жү­йесінің мембраналарын нығайтып, оның тиімділігін арттырады. Сонымен қатар ораза ағзадағы сұйықтық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
Алтыншыдан, азу, салмақ тастау. Ар­тық салмақтан арылғысы келетіндер үшін аштық ең жақсы әдіс болып табылады. Өйткені ораза ұстаған адам аш жүреді және аз тамақтанады. Сөйтіп оның ас қорыту жүйесі демалады. Нәтижесінде асқазан тарылады да, адамның тәбеті төмендейді.
Жетіншіден, ораза ұстаған адам зиян­ды әдеттерден арылады. Рамазан айындағы ораза темекі шегу және құрамында қант­тың мөлшері жоғары тағам жеу секілді әдет­терден арылуға көмектеседі. Бір ай бо­йы жа­ман әдеттерді істемеген адам, ақыр соңында, оны толықтай тастай алады.

Майлы тамақ жемеген де абзал

Көбінде жастар ауыз бекіткенде сәре­сін ішпей, ұйықтап қалады. Мұның да организмге тигізетін зардабы бар. Кез келген адам сәресінде тойымды әрі өте пайдалы тағамды тұтынған жөн. Та­мақтанғанда бірден майлы, ет тағамдарын жеген де зиян. Оның орнына салат, сорпа ішкен ыңғайлы. Сонда ағзадағы зат алмасу процесі дұрыс жүреді.
Кәсіби диетолог Салтанат Болатбек­қызы ораза кезінде организм өздігінен тазаланатынын, асқазанның көлемі кіші­рейетінін айтып отыр. «Егер адам ораза кезінде тамақты көп мөлшерде жейтін бол­са, кішірейген асқазанның формасы үл­кейеді. Асқазанның көлемі тұрақты бол­маған соң метаболизм процесі бұзылады. Оразадан кейін де ағза ауырлықты сезінсе, асқазанда ойық жара пайда болуы мүмкін. Тұтынған тағамның бәрін бауыр сүзгіден өткізеді. Шамадан тыс тамақтану бауыр жұмысын төмендетеді. Бұл бауыр мен бүй­ректе тастың пайда болуына әкеледі. Сол себепті ораза кезінде тамақтануға аса мән берген абзал. Басқа уақытта дұрыс тамақ­танбасақ та, ораза кезінде міндетті түрде дұрыс тамақтану керек», – дейді диетолог.
Диетологтар сәресіне қант қосылмаған талқан, ботқа, құрамында ақуызы көп та­мақтарды жеген дұрыс дейді. Асыңыз то­йым­ды болуы үшін сүт немесе айран ішкен де дұрыс. Ірімшік, жұмыртқа, дәнді нан, ши­­кі көкөністер мен зәйтүн майы қо­сыл­ған салат та тойымды, әрі денсау­лық­қа пай­дасы зор болмақ. Ауызашар мен сәресі арасында су ішкеннің де зияны жоқ. Қуы­рылған, ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Сонда организмде де көп өзгеріс бола қоймайды.
Айым БЕКТҰР

aikyn.kz
25 сәуір 2022 ж. 717 0