Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез-келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Сондықтан да, елімізде осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық.

2015 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ, Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы он жылдық стратегиясы да қабылданды. Стратегияның мақсаты-мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды  тарту және Қазақстанда  сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында халықтың өміріне әсер ететін барлық салаларға тоқталып, мәселелерді шешу және дағдыны дамыту бойынша бір қатар тапсырмалар берді. Оның ішінде біз сөз етіп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі төңірегінде қолға алынатын жаңа бастамалар да болды.
Осыған орай, Заңмен Жолдауда айтылған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалар іске асырылып, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандарға жаза күшейді.
Десе де, жемқорлық фактілерінің әлі күнге дейін тиылмай келе жатқандығы ешкімнен жасырын емес.
Сондықтан да, жемқорлықтың түп тамырына балта шабу, жең ұшынан жабысқан сыбайластың жолын кесу мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күш-жігерімен ғана емес, баршамыздыңда абыройлы ісіміз, азаматтық парызымыз, адамдық қасиетіміз болуы тиіс.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, кез келген адам жемқорлыққа қарсы тұрып, оған деген төзбеушілікті қалыптастырып, мұндай кеселмен бетпе-бет келген жағдайда ол туралы тайсалмай тиісті органдарға дереу хабарлауы керек. Сонда ғана бұл індетті жеңеміз.
Ұлы Абай атамыз «Ұрпағыңызға асыл мұра ретінде арсыздықты әкелетін бай­лықты емес, тәрбие, білім, имандылықты қалдыр» деген екен. Сыбайлас жемқорлық – адам табиғатының бұзылуына, адамгер­шіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл — қоғамдық сананың рухани жақтан емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы. Біз осыны түсініп, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күресе отырып, өмі­рімізді одан әрі жақсартып, адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпай, өрке­ниетті ел құруымыз керек.

Т. ТЛЕУБАЕВА,
Арал аудандық сотының бас маманы 
28 сәуір 2022 ж. 647 0