Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жұмысшылар құқығын бұзған ірі компаниялар қатарында «Аралтұз» да бар

Қазақстанда жұмысшылар құқығын бұзған ірі компаниялар қатарында «Аралтұз» да бар

Қазақстандағы ірі кәсіпорындарды тексеру кезінде 6,5 мыңнан аса заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда жарамсыз өрт дабылдары мен желдету құрылғылары, қорғалмаған электр қалқандары, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің болмауы сияқты кемшіліктер тіркелген, деп хабарлайды Stan.kz.

«Мысалы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС шахталарында жұмыс шатырды реттейтін бекіткіштерсіз жүргізіледі (торкрет-бетон және болат-полимерлі бекіткіштер жоқ). Кеншілер кез келген сәтте тау массасының астында қалуы мүмкін (жазатайым оқиғалардың 60%-ы осындай заңбұзушылықпен байланысты)» , – дейді ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов.
Сонымен қатар, тексеріс кезінде 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдықтың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған. Ал 50-інің жұмысы толық тоқтатылуы тиіс (олармен 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр).
«Азаматтардың еңбек құқығын бұзушылардың арасында «Қазцинк», «Қазхром», «Қазфосфат», «Аралтұз», «Қазақмыс» және «Өзенмұнайгаз» компаниялары бар» , – деді Сапарбек Нұрпейісов.
Прокуратура органдары еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша 49 ірі кәсіпорынды тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша 69 қадағалау актісі енгізіліп, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді. Қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды. 22 техниканың жұмысы тоқтатылды.

kyzylorda-news.kz
28 сәуір 2022 ж. 461 0