Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынтымақтың ұсынар ырысы көп

Ынтымақтың ұсынар ырысы көп

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып отыр. Ортақ деген сөздің өзі елдің тұтастығын кескіндеп тұрғандай болып көрінеді. Бұл мереке де елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің, ынтымақтың нышаны іспетті көрінеді маған.
Шындығында елдің тұғырлы, ғұмырлы болуының басты жетекші күші – ұлттық бірлік. Ел ішінде тыныштық, ынтымақ билеуі үшін бәрінен бұрын елдің ұлттық бүтіндігі қамтамасыз етілуі және елді құрайтын адамдар, ұлттар, түрлі топтар арасында түсіністік пен ара-қатынастың, тіпті тілектестіктің болуы қажет. Елді қалыптастыратын факторлардың маңызды элементтері сенім, Отан, тарих, байрақ, бірлік, татулық ішінде өмір сүру қалауы. Міне, осылар ынтымақ, бақ-берекенің ортақ кілті. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, көп мемлекеттер сыртқы күштердің емес, ішкі алауыздықтың, іштегі сатқындар, дұшпандар тарапынан ыдыратылған. Қазіргі заманда да мұның мысалдары көп. Бұл қауіп әркез төніп тұр. Ұлттық жоспары, ұлттық саяси, экономикалық, мәдени мақсаттары болмаған елдер сілкіністер кезінде үлкен жарақаттарға тап болады. Үлкен мақсаттары, асқақ армандары болмаған мемлекет дамымайды, қатардағы қарапайым елдердің бірі болып жүре береді. Темірқазық жұлдызына жете алмаймыз, бірақ оған қарап бағытымызды белгілейміз. Ұлттық және рухани құндылықтарымыз, ұлттық бірлік және ұлттық мақсаттарымыз елдің тұтастығын нығайтушы рухани күш.
Бұл орайда тәуелсіздік алған сәттен бастап жаңа мемлекет қалыптастырудағы Елбасының бастамасын, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел бірлігін сақтауға деген көзқарасын атап кетпеске болмас. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Қазақстан – 2050», секілді жоспарлары осы жолда жемісін беруде. Сондай-ақ ұлттық бірлік пен ұлттық мақсаттарды уағыздауда және іске асыруда тек саясаткерлер емес, зиялы қауым, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жалпы халық бір ауыздан атсалысуы қажет.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні де осы бағыттағы басты құрал. Еліміздің барлық өңірлерінде 1 мамыр тойланады. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.
Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі қоғам­дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті, сіңісе білді. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.
Ауданымызда да орыс, молдаван, кәріс, қырғыз, өзбек, татар, әзірбайжан, украин, қарақалпақ ұлтынан барлығы 53 өзге ұлт өкілі тұрып жатыр. Қазірде қазақылықты бойларына сіңіріп, өз қазағымыздай болып кеткен. Түрлі салада еңбек етіп келе жатқан оларды да жанындағы азаматтар мен аудан тұрғындары ешқашан шеттеткен емес. Ұлты өзге болса да, тілеуі бір олардың арманы да тәуелсіз Қазақстанның бірлігі, азаттығымыздың мәңгі болып, кемел келешекке айқын қадам жасауы болып отыр.

Ербақыт ҚАЛЫБАЕВ
01 мамыр 2022 ж. 456 0