Ынтымақ – береке бастауы
Көңілі мен құшағы кең қазақ елі қаншама өзге ұлт өкілін бауырына басты. Бейбіт аспан астында өмір сүріп жүрген ұлттар мен ұлыстарымыздың бірлігі өзге елдерге үлгі екені хақ. Бүгінгі күні елімізде қазақша қаймықпай сөйлейтін өзге ұлт қатары көбейгені де басты жетістіктеріміздің бірі десек қате болмас. Яғни, бұл дегеніміз – қазақ жеріне деген патриоттығы мен тілімізге деген құрметі. Олар тек тілді ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды да жоғары дәрежеде құрметтейтіні сөзсіз.
Ауданда да қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі – Евгений Александрович Курбатов. 1931 жылдары Евгений айдынды Арал маңына балғын балалық шағында ата-әжесімен бірге көшіп келген. Даласы кең қазақ жеріне ең алған келген шағында Сольтрест ауылына қоныстанған екен. Бала кезінен ауыл тіршілігімен тыныс алып өскен ол қазақ тілін ауыл балаларымен ойнап жүріп үйренген. Бұл туралы Курбатов Евгений:
– Иә, ауылда өстім. Жан-жағымыздағы көршілеріміздің барлығы дерлік қазақтар болды. Мен де кішкентай кезімнен қазақ тілін үйрендім. Қазір Гүлмира есімді жарым мен 2 қыз, 1 ұлымыз бар. Ауыл тұрғындары мені сыйлайды. Көңілдері де кең пейілді, өте жақсы жандар. Қазіргі уақытта спорт мектебінде волейбол ойынының жаттықтырушысымын. Сонымен бірге аудан бойынша бас жаттықтырушымын. Бірлігі мен ынтымағы мықты қазақ жерінде тұрып жатқаныма қатты қуанамын. Бүгінгі Бірлік күнін мереке етіп жариялап, барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына тоғыстырған Елбасына алғысым шексіз, – дейді.
Қай кезде болмасын қазақ жұрты өзге ұлт өкілдерін құрметтеп, бауырына басуға дайын. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ауызбіршілік пен сыйластық құрған қазақ даласына нәтижелі істердің үйір болары анық. Міне, сол себепті мемлекетімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығының жетістіктерінің арқасында еліміз өркендеп, ілгері дамып келеді. Еліміз тыныш болып, бірлігіміз ажырамасын.
А. НҰРЛАНОВА