Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 10 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

10 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 10 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі өтті.
1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Сабин металл корпорейшн» (АҚШ) корпорациясы зауытындағы қазақстандық шикізаттан қорытылған платина құймалары ұсынылды. Аталмыш компания құнды металлдың осы түрін өндіретін әлемдегі үш өндіріс ошағының бірі саналады. Тазалығы 99,95, жалпы салмағы 14 келі болатын құймалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қоймасына өткізілді.
1998 жылы Алматыда Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) V саммиті өтті. Саммитте көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басты бағыттары анықталған. Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Алматы декларациясы қабылданды.
2000 жылы Литва Республикасының Президенті Валдас Адамкус Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Литва мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық қатынастардың дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұлы князь Витаутас Орденін (1-сыныпты) табыс етті.
2001 жылы Астанада қазақтың ханы Кенесары Қасымұлына ескерткіш орнатылды. Туындының авторлары - мүсінші Нұрлан Далбай, сәулетші Шота Уәлиханов, инженер Әбдісағит Тәтіғұлов және шебер Валерий Конюхов. Ескерткішің биіктігі 7 метр, салмағы 10 тонна. Кенесары хан - Абылайханның немересі, қазақтың соңғы ханы, Қоқан, Хиуа, Ресейге қарсы соғысып, ұлан байтақ жерді аман алып қалу жолында аянай күрескен батыр.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердымухамедов Ақордадағы келіссөздер барысында Ақтауда Түрікменстанның және Түрікменбашыда - Қазақстан консулдығын ашу туралы келісім жасасты.
2014 жылы Харьков облысы Красноград қаласында 106 Ақмола кавалерия дивизиясы жауынгерлеріне арналған естелік стеласының салтанатты ашылуы өтті. Онда «106 қазақ кавалерия дивизиясының қаһарман жауынгерлеріне риза қазақстандықтардан» деген жазу ойылып жазылған.
2017 жылы Иштван Сечени атындағы Мажарстан Ұлттық кітапханасы жанындағы Қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығында белгілі қазақ жазушысы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының тұсаукесері өтті. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабы әлемнің 19 тіліне, оның ішінде мажар тіліне аударылған. Кітап Еуропадағы ең беделді әдеби сыйлықтардың бірі - Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлыққа лайық деп танылды.
2017 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасында панорамалы бинокльмен жабдықталған қарау алаңы ашылды. Ол 21,5 метр биіктікте орналасқан.
2018 жылы Астанада Солтүстік және Оңтүстік Аралға «QazaqGeograph» ғылыми-танымдық экспедициясы басталды. Сапар Қазақстан және Өзбекстан аумағы бойынша 7000 шақырымды қамтыды және келесі бағыттар бойынша өтті: Астана - Қарағанды - Балқаш - Шу - Тараз - Шымкент - Ташкент - Самарқанд - Бұхар - Үрімжі - Нүкіс - Мойнақ - Арал теңізі - Бейнеу - Бозой - Арал теңізі - Арал - Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Астана.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында еңбек сіңірген қоғам қайраткері және экология саласындағы сарапшы Мұсағали Дуамбеков атындағы аллеяның салтанатты ашылуы өтті. Панфилов көшесіндегі «Қалалық романс» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы орналасқан саябақта Мұсағали Дуамбеков атындағы аллея мен мемориалдық тақта ашылды.
10 мамыр 2022 ж. 383 0