Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал ұрлығына жаза қатаң

Мал ұрлығына жаза қатаң

«Қазақтың міні – мал ұрлығы» деген екен ғұлама Абай. Әлі де солай. Жаугершілік пен барымтаның заманы артта қалса да, мал ұрлығы азаяр емес. Еліміздің қай аймағын алсақ та, төрт түлігінен қапыда көз жазып қалушылар көбейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Қазақ амандасқанда «Мал-жан аманба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Ұрлық жақсылыққа апармайды. Бұған тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», деген болатын.
Кейін Президентіміз айтқандай, Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізіліп, мал ұрлығына қатысты жаңа 188-1 бап енгізіліп, оның жазасы қатаңдатылды. Онда мал ұрлаушыға мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға дейін, ал алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған не ірі мөлшерде жасалған жағдайда 7 жылға дейін, бірнеше рет жасаған не тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған жағдайда 10 жылға дейін, қылмыстық топ жасаған не аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Өкінішке қарай, заң қатаңдағанымен, қылмыстық әрекет тыйылмай тұр.
Мәселен, жыл басынан бері, Арал аудандық сотының өндірісіне мал ұрлығы бойынша 7 адамға қатысты 3 іс түссе, соның 2 ісі бойынша 4 адамға  бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған. 3 адамға қатысты 1 іс сотта қаралуда.
Қаралған істерге тоқталып өтсек, азамат А. бөтеннің малын жасырын жымқырып пайда табу мақсатында, алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде азамат Ж-ның ауласында орналасқан мал қораға заңсыз кіріп, 1 бас қой малын жасырын ұрлаған. Сотталушының қылмыстық әрекеті өзінің айыбын мойындаған жауабымен, жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен, беттестіру хаттамасымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен толық дәлелденген.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес бұл қылмыстық әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады. Сот үкімімен А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен талан-таражға салып, жымқырған, сондай-ақ бөтеннің малын жасырын жымқыру қылмыстарын бірнеше мәрте жасап, қылмыстық әрекеттерімен жалпы жәбірленушілерге 5 850 000 теңге мүліктік шығын келтірген үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралып, әрқайсысына жасаған әрекеттеріне сай бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.
Көріп отырғанымыздай, мал ұрлығына жаза қатаң. Сондықтан азаматтарымыз оны жасамас бұрын, жазасын тартпайтын жамандықтың болмайтынын ескеріп, өзінің келешек өмірін, жақындарының тіршілік жағдайын жете ойлануы керек.
К. СӘДУАҚАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы
14 мамыр 2022 ж. 681 0