Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Неліктен адам жасы ұлғайған сайын тез шаршайды?

Неліктен адам жасы ұлғайған сайын тез шаршайды?

Күнделікті күйзелістер, жұмыстағы және үйдегі проблемалар, зиянды әдеттер: бұл факторлар бізге кез келген жаста жағымсыз әсер етеді. Алайда, есейген сайын адамның сыртқы тітіркендіргіштерге де, табиғи жас ерекшелігі өзгерістеріне де қарсы тұруы қиындай түседі. Ұзаққа дейін жігерлі болып қалу үшін өз өміріңізге жауапкершілікпен қарауды және жастықты созатын құпияларды білу маңызды.

40 жастан кейін ағзада елеулі өзгерістер орын алады: гормондар деңгейі төмендейді, жасушалар мен ішкі органдардың қартаюы жылдамдайды, тері өз серпімділігін жоғалтады. Сондай-ақ метаболизм баяулайды, зейін қою төмендейді және есте сақтау нашарлайды. Бұл өгерістер мына факторларға байланысты:

Мидың табиғи қартаюы
Жас ұлғая келе қан айналым жүйесі нашарлайды. Ол оттек жетіспеушілігіне, сәйкесінше, жалпы шаршаңқылыққа, есте сақтау мен зейін қоюдың нашарлауына әкеледі.

Метаболизмнің баяулауы
Тамақтану тәртібінің реттелуіне жауап беретін аралық ми бөлімі 40 жастан кейін сезімтал бола түседі. Ол зат алмасудың баяулауын ынталандырады және жиі артық май массасының пайда болуына әкеледі.

Етеккір үзілісі
Әйелдер 45-50 жасқа келгенде климакстың алғашқы белгілерін сезеді. Аналық бездің қызметтері төмендейді және ұйқысыздық пайда болады. Климакс кезіндегі зат алмасу процестерінің баяулауы артық салмақтың қосылуы мен хал-жағдайдың нашарлауын шақырады.

Когнитивті процестер
Адам есейген сайын қанағаттану сезіміне жауап беретін гормонның — дофаминнің деңгейі төмендейді. Ол когнитивті қызметтерді, яғни, зейін қою, жаңа ақпаратты жаттау, сөйлеуді дамыту қабілеттерін қамтамасыз етеді. Ағзада дофаминнің азаюы уақытты қабылдаудың өзгеруіне ықпал етеді. Сондықтан да адам есейген сайын оған уақыт жылдам өтіп жатқандай көрінеді.

Жылдам шаршап қалатыныңызды сезе бастасаңыз, не істеу керек?

Жоғарыда айтылған факторлардың ағзаға әсерін азайту үшін оларға қарсы тұруды үйрену маңызды. Егер күннен күнге энергияңыз азайып жатқандай көрінсе, өз өміріңізді өзгертуді қолға алу керек.

Ағзаңызға не болғанын анықтаңыз

Ауыр жұмыс күнінен соң немесе спортзалдағы жаттығудан кейін өзіңізді шаршаңқы сезіну қалыпты жағдай. Егер демалыс күндері де шаршаңқылық және жабырқаңқылық сезімі кетпесе, ағзаға не болғанын анықтау қажет. Үнемі шаршаңқы жүру депрессияның, қалқанша безі проблемасының, анемияның және басқа да аурулардың себебі болуы мүмкін. Оны анықтау үшін дәрігердің көмегіне жүгіну керек.

Ұйқының сапасын бақылаңыз

Егер соңғы кездері зейін қою қабілетіңіздің нашарлағанын байқасаңыз, дұрыс емес немесе жеткілікті ұйықтамауыңыз мүмкін. Ұйқысыздық тек сыртқы келбетке жағымсыз әсер етіп қана қоймай, есте сақтау проблемасының пайда болуын шақыруы мүмкін.

Көкеттік тыныс алуды меңгеріңіз

Көкеттік деп көкеттің кеуде және іш бөлігі белсенді жұмыс істейтін тыныс алуды айтады. Бұл жағдайда қозғалыс іш бұлшықеттерінің қысқаруының арқасында жүзеге асады. Көкеттік тыныс кеудемен тыныс алуға қарағанда омыртқа мен иыққа қауіп төндірмейді. Мұндай тәжірибе қандағы оттек деңгейін арттырады, ентігумен күресуге көмектеседі және жүрек-қан тамырлар жүйесі жұмысын жақсартады.

Миды қажет емес ойлардан босатуды үйреніңіз

Заманауи өмір ырғағы миға күш түсіреді, үрей мен түкке тұрғысыздық сезімінің жиналуын тудырады. Сананы қажет емес ақпараттан және жабысқақ ойлардан арылту арқылы маңызды міндеттерге орын босатасыз. Ол үшін қазіргі уақытқа мән беруге тырысып, осы шақта өмір сүріңіз. Миға қажет емес ақпарат жиналмас үшін әлеуметтік желілерде және теледидар алдында өткізетін уақытты барынша азайтыңыз.

Дұрыс тамақтаныңыз

Дұрыс тамақтану рационы — денсаулықты сақтаудың ең дұрыс әрі қарапайым әдісі. Егер жасқа тәуелді болмай, әркез өзіңізді жақсы сезінгіңіз келсе, кофе, шай және басқа да сергітетін сусындарды азайтыңыз. Тәттілер мен фастфудты пайдалы тіскебасарларға (сүзбе, жемістер, жаңғақтар) ауыстырыңыз.

massaget.kz
21 мамыр 2022 ж. 666 0