Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл аясында атқарылған ауқымды жұмыс

Жыл аясында атқарылған ауқымды жұмыс

Арал ауданына Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов әкім болып келгелі де толық бір жыл уақыт болыпты. Елмен етене жұмыс істеп келе жатқан жаңа басшыға мұқым елдің сенім артып отырғанын жақсы білеміз. Былтыр аудан қуаңшылық жағдайына тап болған сәтте теңізді өлкенің тізгінін ұстауға тәуекел еткен азаматтың тұсында нендей іс тындырылды? Басын бәйгеге тігіп, ол қандай қадамдарға барды? Қысқасы «Халыққа адал қызмет етемін» деген Сермағамбетовтің бір жылдан бір жылға дейінгі жұмысына қысқаша шолу жасап көрсек...

Ұтырлы шешім жемісі
2021 жылы ауданда жарты ғасырға жуық уақыт бойы тіркелмеген қуаңшылық жағдайы орын алды. Төрт түлік малды баудай түсірген табиғат-ананың бұл тосын мінезі шаруалармен қатар аудан жұртшылығына да үлкен соққы болып тиді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, пандемия салдарынан ес жиып үлгермеген елдің ендігі үміті қызметке жаңа келген аудан әкімі С.Сермағамбетовте еді. Жағдай лезде аудан әкімінің назарына алынып, құрғақшылық салдарынан шығынға ұшыраған 600 бас мал толықтай рәсімделіп, ветеринариялық талапқа сай жойылды. Өлексеге толған өлкенің тазарғаны өз алдына, ел енді келген басшыдан батыл қадамдар күткені белгілі. Осыған сәйкес тиісті шаралар қабылданып, ағымдағы жылдың 13 шілдесінде төтенше жағдай жарияланды. Айтар ауызға оңай болғанмен, машақаты көп бұл шаруа да бірден мақұлдана салған жоқ.
Мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне кезекшілік ұйымдастырылып, САLL-орталығы іске қосылды. Сондай-ақ пада мәселесі күшейтіліп ветеринариялық топтармен ауру малдарға тегін емдеу жүргізілді. Бұл өз кезегінде мейлінше мал өлімін тоқтатуға септігін тигізді.

"Аспайдан" су асқанда...
Соңғы 3 жылда су түспей табаны құрғаған Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйесін және шабындық, жайылымдық және егістік жерлерді суландыру үшін 8 каналды тазарту, жаңадан су тоспаларын салу және жобалау жұмыстары жоспарланып, Бектау, Дің, Шолақарық, Ералы және Жыланды каналдары тазаланып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 7 мың гектар шабындық және 9 мың гектар жайылымдық жер суландырылады. Жоғарыда аталған каналдарды тиісті деңгейде суландыру үшін Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» суағытқысы іске қосылды. Нәтижесінде Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйесіне су тола бастады. Мұндай қадамға баруда батылдық таныта білген аудан әкімі теңіз жанашырлары мен біршама азаматтардың наразылығына қарамастан шөліркеген Сырға су жеткізді. Мұндай қадамға барған аудан әкімінің бастамасына жұрт «бәрекелді» десті.
Төңіректен су көзін іздеді
Бұдан бөлек, есепке алынған 49 су ұңғымасының құжаттары әзірленіп және бірінші кезекте 15-ін шұғыл іске қосу үшін қаржыландыру мүмкіндіктері қаралды. Осы бағытта бүгінге дейін Мергенсай елді мекеніне қарасты «Үшшоқы» су ұңғымасы, Құланды ауылдық округінен «Бурабай» су ұңғымасы, Сексеуіл кентінен «Қаракөл», Беларан ауылдық округінен «Жыңғылдықақ» су ұңғымасы және Аққұм ауылдық округінен «Шәден» су ұңғымаларын қазу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2022 жылы Қамыстыбас ауылдық округіндегі «Боранбай», Жақсықылыш кентінен «Ащықұдық», «Сульфат-2» және Қосаман ауылдық округіндегі «Тоғыт» су ұңғымаларына қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 56 су ұңғымасы анықталып, иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Жоғарыда аталған жоспарымызды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 289 млн теңге қаржы бөлінді. Құрғақ жерге құс қондырып, мал өргізген мұндай ұңғымалардың шаруалар үшін әсте жағымды хабар екені түсінікті. Мұндай су ұңғымаларының тіршілігі төрт түлікке тәуелді ауылдарға септігі мол болғаны айтпаса да белгілі еді.
Баспаналы болу бақыты
         Ауданда төтенше жағдай жарияланып, елге көмек ретінде Б.Өтемұратов қорынан қомақты қаржы аударылғанда оның бір бөлігін баспана сатып алуға бағыттап, көптеген жанұяның шынайы алғысына бөленген азаматтардың басында осы аудан әкімі С.Сермағамбетов тұрғаны түсінікті. Сол сәтте бұл мәселеге тікелей араласып, шын мәнінде баспанаға мұқтаж бірнеше отбасыға баспана берген де осы С.Сағитжанұлы екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Оны өзі де қаңтар оқиғасы кезінде жұртшылық алдында айтқанын жақсы білеміз. Қазір сол жанұялардың қуанышында шек жоқ. Одан былайғы жерде неше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған қаншама жанұя баспаналы болды. 2021 жылдың соңына қарай тағы бір мәрте көптеген отбасыға Ұлттық қор есебінен 388,0 млн теңгеге 1 қабатты 2 пәтерлі 18 тұрғын үйсатып алынды. Осылайша бір жыл ішінде барлығы 76 отбасы баспаналы болу бақытын сезінді. Жаңа пәтерлерді иеленген отбасылардың қатарына көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен бұрынғы №199 апатты жағдайдағы мектептің ғимаратында тұрып келген отбасылар бар. Қаз-қатар тізілген сол үйлерде қаншама жан бақытты күн кешуде. Бастысы, олардың ешкім дауламайтын бастарында баспанасы бар. Сол бақытты сезіндірген жандарға әлі күнге алғыстарын айтуда.
Он  жылда орындалған арман
Пенде болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмасы белгілі. Оның үстіне аудан экологиялық аймақтың нақ ортасында болғандықтан, жергілікті тұрғындардың денсаулығында ішінара кінәраттар болып тұратыны жасырын емес. Әсересе қан қысымы, бас ауруы мен жүрек, қан тамырларының қалыпты жұмысының бұзылуы сынды жағдайлар жиі тіркеліп тұрды. Мұндайда аудан тұрғындары компьютерлік томографияға түсу үшін облыс орталығы мен көршілес Ақтөбе облысына баруға тура келетін. Бұл құрылғыға осыдан 10 жылдай бұрын, яғни 2011 жылы сұраныс берілсе де, әлі күнге оң шешімін таппай келген-ді. Бүгінде бұл ауыртпашылықтардың барлығы артта қалып, құны 244,9 млн теңгені құрайтын компьютерлік томография өткен жылы ауданға жеткізілді. Бұдан бөлек аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында құны 162,4 млн теңгені құрайтын жылжымалы медициналық кешен, 32,7 млн теңгеге цифрлық маммография және 28,9 млн теңгенің цифрлық флюорографиялық стационарлық қондырғылар жеткізілді. Бүгінде аудан тұрғындарына бұл медициналық құрылғылар жан-жақты қызмет көрсетуде.
         Иә, теңізбен тағдырлас елдің талайлы тірлігін тайсалмастан атқарып келе жатқан әкімнің бір жылда атқарған ісі бұдан да көп. Маңызды әлеуметтік инфрақұрылымдарды күн тәртібінен түсірмей, жыл көлемінде идеология мен өндірісті, білім мәне спортты қатар түлеткен басшыға елдің сенімі де нық. Біз тек солардың ішінде маңызды деген жұмыстарға тоқталдық. Елмен кездескенде есеп беруге әзір, істің тетігін табуда тәжірибесі толысқан басшының қай істе болмасын ашықтықты ұстанатыны тағы бар. Бұл – жақсы қасиет. Айдынды өлкенің тізгінін ұстаған Серік Сағитжанұлының Арал ауданының әкімі ретінде бір жылда атқарған жұмыстарын бұған дейін де баспасөз беттерінен оқып-біліп отырған боларсыздар. Бастысы, халықпен санасатын басшының бұл істеріне лайықты бағасын беріп, алдағы жұмысына тек сәттілік тілейміз.
Редакциядан
28 мамыр 2022 ж. 401 0