Жыл жігіндегі жүздесу

Иә, аудан әкімі Серік Сермағамбетов осы бір емен-жарқын кездесу барысында ауданда орын алған қуаңшылық мәселесін еңсеру бағытында жасалған жұмыстар жайын жан-жақты баяндады. Расында да қуаңшылық төрт түлік өсірген ағайын үшін айтарлықтай қиыншылық әкелген-ді. Алайда облыс әкімі мен аудан басшысының тікелей араласуымен өтпелі қиындықтан шығу жолдары әбден зерделеніп, қарастырылды.
Атап айтсақ, Сырдария өзенінің бойындағы Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» су ағытқысы іске қосылды. Бұдан бөлек, жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында Мергенсай, Сексеуіл, Құланды ауылдық округтерінде су ұңғымаларын қазу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілсе, мұндай ел игілігіне бағытталған жұмыс Беларан, Аққұм ауылдық округтерінде де жалғасып, су ұңғымалары қазылу үстінде. Сондай-ақ шалғай елді мекендердегі ауыз су мәселесі де қаперге алынып, Құланды елді мекеніне су таситын автокөлік табыс етіліп, көптің қажетіне асты.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында мұнан өзге каналдар бойын тазалау, жергілікті тұрғындарды жемшөппен қамту, су тоспаларын салу сынды жұмыстар барысы жан-жақты қаузалып, жұртшылық қамын күйттейтін берері мол бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын аудан басшысы Серік Сермағамбетов атап өтті. Кездесу барысында жиынға қатысушылар бірқатар көкейтесті мәселелерге байланысты өз сауалдарын қойып, әкім тарапынан тұщымды жауаптар алды. Яғни, ортаға салынған сауалдар легінде қуаңшылықты еңсеру бағытында жасанды жаңбыр жауғызу құрылғысын тәжірибеге енгізу мен жергілікті жерден ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жайы да көтерілді.
Иә, қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстарды саралаған аудан әкімінің жұмысын оң бағалаған бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйым өкілдері алдағы кезеңдерде елдік мүдде жолында бірлесе жұмыс жасай беретіндіктерін жеткізді.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ