Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күн тәртібінде қос мәселе қаралды

Күн тәртібінде қос мәселе қаралды

Аудан басшысы қаперге алған қай істің де салмағы орасан. Бәрі дерлік өңірдің оң имиджін қалыптастырып, Аралдағы баянды бастамалардың өз деңгейінде жүзеге асуына ықпалын тигізеді. Апта басында аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен өткен мәжіліске жиналғандар соған тағы бір мәрте көз жеткізді.
Иә, бас тақырыпта көрсетілгендей, күн тәртібіндегі қос мәселенің алғашқысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жоғары дәрежеде атап өту төңірегінде өрбіді. Аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов осынау мерейлі мереке халықтық сипатқа ие болуы жөнінде кең көлемде баяндама жасады. Нақтырақ тоқталсақ, ол Тұңғыш Президент күнінен бастау алып, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен ұштасатын алдағы айтулы күндерде мазмұнды іс-шаралар рет-ретімен көрініс табатынын алға тартты. Аудан басшысы идеология жөніндегі орынбасарының баяндамасын мұқият тыңдап, баға жетпес тәуелсіздік күні әрбір аралдықтың рухын асқақтататындай болуы қажеттігіне басымдық беріп, 30 жылда атқарылған жұмыстар жанжақты зерделеніп, насихатталуы қажеттігіне тоқталды. Мұнан соң аудан әкімі алдында сөз алған аудандық қаржы бөлімінің басшысы Мақпалбай Көлдеев аудан бюджетінің 2021 жылғы 10 айдағы игерілуі және 11 айға болжам туралы хабарлама жасап, бірқатар салаларда қаржының игерілмей қалу қаупі бар екенін ортаға салды. Бұл жөнінде аудан әкімі қомақты қаражатты алып, оны игеруде жайбарақаттық танытқан жауаптыларға қатаң ескерту жасап, алдағы уақытта «көтере алмайтын шоқпарды белге байлаған» мердігерлердің аудандағы жұмыстарға араласпауын бақылауда ұстау керектігін өткірледі.
«Толқын» ақпарат
23 қараша 2021 ж. 279 0