Асаба тойдың сәні ме, сайқымазағы ма?
Қазақ әлімсақтан сөз өнеріне ерекше мән берген. Тарих тереңіне бойласақ, оған мысал жеткілікті. Сөйткен бабаларымыз бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Әйтпесе қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды орамды ой, ұтымды сөз арқылы шешкен бұрынғылардан «Ел бастау қиын емес, қонам деген жерден көл табылар, қол бастау қиын емес, шабам деген ерге жау табылар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, тауып айтсаң береке, таппай айтсаң келеке боласың» деген ғибрат қалар ма еді?! Мұны неге айтып отырмыз. Себеп – бүгінгі асабалардың тойдағы ерсі қылығы, өресінің төмендігі. Оған аузынан шыққан әрбір сөзінің тым жеңіл болып кеткенін қоссаңыз болады. Сондықтан осы бір тақырыпты кеңінен тарқатқанды құп деп таптық.
Күлдіремін деп бүлдірме
Қазір асаба көп. Тас лақтырсаң асабаға тиеді. Бірақ саны бар сапасы жоғы артты. Барлығына бірдей күйе жағып, даттаудан аулақпыз. Дегенмен олардың бейәдеп сөйлеуі, бүгінгі өзін шешен етіп көрсетіп жүрген қауымға деген ойды түбегейлі өзгертеді. Бірде сұңғыла бойлы, ажары келіскен той тізгіншісі билеп жүрген жігіт пен қызға сыйлық деп 5000 теңге берген азаматқа асаба «Бұл аз болып қалады. Тағы 2000 қоссаңызшы, қазір қонақ үй 7000 болып кетті» деді. Ол ол ма, «Апа қанша балаңыз бар?» деген сауалына кейуана: «Аллаға шүкір 13 құрсақ көтердім» дегені сол-ақ екен, «Шошқа құсап туа берген екенсіз» дегенді де естідік. Бұл недеген масқара? Асабалар өздерінің қандай әңгіме айтып, ерсі әрекет жасап тұрғанын біле ме өзі? «Тәуіптің жақсысы ауруға ауру қоспағаны, асабаның ең жақсысы өзіне де, тойға келіп отырған елге де ұят келтірмейтіні» деп екі сөзінің бірінен тастамайтын жандар неліктен мұндайға барады? «Есі кеткен ауылға есек азаншы, ескі мешітке көкек азаншы» дегендей, кім болса сол қазақтың тойына келіп ойына келгенін жасап, аузына келгенін айтпауы керек. Осы мәселе төңірегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаевпен байланыс құрдық. Оның айтуынша, аудандағылардың басым көпшілігі біреудің көшірмесі, ізденісі жоқ екен.
– Әрбір асабаның ұстанымы болуы шарт. Оның басында «Жұртты күлкіге қарқ қыламын деп, ұятқа қалма» деген тұруы керек. Өйткені қазір күлдіремін деп, бүлдіріп алып жататындар көп. Орынсыз, бағыт-бағдарсыз айтылып жатқан әзілдер сондағы жиналған жұрттың психикасына әсер етеді. Олай дейтінім, ол жердегі әрбір адамның басында түрлі жағдай бар. Демек, асабаның аузынан шыққан сөзді әркім әртүрлі қабылдайды. Сондықтан ортаға ортақ әңгімемен кіріп, орынды әзіл айтуға болады. Қазақ сөзге бай халық. «Астарлы сөз адамды өлтіреді» дегендей, көпшілікке жеткізгің келетін сөзді әдепсіздік пен мәдениетсіздікке бармай-ақ астарлап жеткізу ең ұтымды жол.
Бүгінде «бір-екі өлең мен нақыл сөз жаттап алсақ болғаны, мен той басқара аламын» деп жүргендер көбейіп кетті. Ол асаба емес, жәй ғана жүргізуші. Өз басым бұрынғының ізі, бүгінгі сөз саптауы бөлек асаба деп, қызылордалық Серікті, ақтөбелік Шынбергенді, жергілікті Нұрлыбекті айта аламын. Олар ата-баба дәстүріне бойлап, әңгімені әріден қозғап, жаңа мен көне заманды үйлестіре алады. Сол арқылы халықтың көңілінен шығады. Тағы бір мәселе – ұлы адамдардың сөзін орынды пайдаланбау. Өкінішке орай мұны да көзіміз көріп жүр, – деді басшы.
Бөлім басшысының айтуы орынды. Мұнымен біз асабалардың шешендігі жұтаңдығын аңғарамыз. Біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римның аузымен құс тістеген шешені, дарынды жазушы, мемлекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші замандасы бірде: «Ушыққан талай дауды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бейбіт жолмен реттеңіз. Сіздіңше, шешендік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөйтіп әлгі бейбақ шешендік жайында сала-құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Шешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу» деп қысқа-нұсқа қайырған көрінеді. Демек шешендік дегеніміз әсте ешқандай татуы, дәмі жоқ сылдыр сөзді суша сапыру емес. Ал тойдың аудиториясына яки бұқаралық санаға ешқандай ықпал-әсері жоқ арзан сөзді оңды-солды сапыру – бүгінгі тамадаларға тән ортақ көп кемшіліктің бірі әрі ең бастысы десек артық айтқандық болмас.
Аңдамай сөйлеген ауырмай...
Бүгінгі той – кешегі той емес. Бұл кешегі тойдағы айтқаныңды айна қатесіз бүгін кайталап, береке таппайсың деген сөз. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, асабаның абыройы артып, деңгейі көтерілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік жүргізушінің шығармашылық тоқырауына әкеп тынады. Ендеше көп оқу, талмай іздену қажет. Оның ішінде шеберлігі шыңдалған, жауапкершілікті түсінетіндері кездеседі. Мұндай азаматтар кей тұста той иелері қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жайылған немесе басқалай міні бар тойды өзінің той жүргізу шеберлігімен байқатпай, кем-кетігін елетпей жібереді. Ал барлығы болмағанымен кейбір өзін адуынды асабамын деп асыра бағалайтындар дастарқаны жайнаған, өзге шаруасы келіскен тойдың астан-кестеңін шығарады. Сондайда осы бір қауымға ішің жыли қоймайды.
Тағы бір мәселе – асабалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша шапалақ сұрап, ығырыңды шығаратыны. Егер оның сөйлеу, той жүргізу мәнері жиналған жұртқа ұнап, көңілдерінен шықса, халық өзі-ақ асабаның лайықты бағасын береді емес пе?! Алдындағы асты ысырып қойып, асабаға құлағын түріп, қос қолын көтеріп шапалақ соғады. Талай тойда мұндайдың да куәсі болғанбыз. Сосын көпшілігі «Ағайын айқай-шу қайда?» деп жар салады. Ашығын айтсақ, аудандағы асабалардың дені осындай. Бұл сөздің астарына үңілсек, қазақта «айқай шықты», «шу шықты» деген жақсы сөз емес. Ол «үлкен түсініспеушілік орын алды, дау-дамай ұрыс-керіс шықты» деген мағынаға саяды. Яғни бұл ауыздан шыққан сөздің байыбына бармау, жіті түсінбеу. Аудандағы адуынды асабаның бірі әрі бірегейі Нұрлыбек Сүлейменовтің айтуынша, жергілікті асабалардың барлығы дерлік тойға дайындықсыз шығады.
– Қазіргі көп той басқаратындардың іліп алар сөзі жоқ, тек ойынмен ғана шектеліп, тойдың сәнін кетіріп бара жатқандай. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ осы бір тақырыпта айтылатын шындықтар сүт бетіне шыққан қаймақтай көрініп тұр. Осы той саласында аралас-құралас, ізімізден еріп келе жатқан азаматтар болғандықтан артық айтуға қимайсың. Бірақ шындығы – олардың бірқатары ізденісте жүрмейді, дайындықпен шықпайды. Бұдан бөлек отбасындағы тойды басқаратын асаба таңдау мәселесін жастар шешіп кетті. Ата-ана баланың қуанышы болған соң одан асып кете алмайды. Еркіндікті алған бала айтары аз, ойыны көп шоумендерді шақырады. Артынша тойда үлкендер жағына көңіл бөлінбей, тек батаның уақытында ғана ескеріледі. Сосын шамадан тыс бейәдеп сөздер, ар-ұяттан артық кететін ойындар көп болады. Әр нәрсені бір қозғап, халықтың ығырын шығарып жібереді. Ақырында сынға ұшырап, қоғамда асабаларға деген бұрыс пікір қалыптасады, – дейді асаба.
Осы салада біраз жылдан бері тер төгіп, нәпақа тауып жүрген Нұрбек асаба тойдағы небір қызықтар мен кемшіліктерге куә болған.
– Тойды көңілді өткізіп, жиналған халықты игеру – әрбір асабаның міндеті. Бірақ той кезінде жас жігіт пен әжейді, ақсақал мен жас қызды жарыстырып билетіп қоятыны жаныма жақпайды. Дәл сол сәтте ол қызықты көрініп, той күшті өтіп жатқандай сезілуі мүмкін. Бірақ сырт көзге өте ерсі әрекет, мойындау керек. Содан соң, жас қыздардың шетелдік әуендерге жанын салып билегені де той көрігін қыздырғанымен, ұят нәрсе. Өйткені тойға тек жастар емес, орта буын мен үлкендер де келеді. Сол кісілердің алдында көлбеңдеп жүргендері ұят тірлік. Бізге той мәдениетін қалыптастырып, әдеп-ибадан аспауды әлі де үйрену керек, – дейді ол.
Беташардағы бейшаралық
Байқайсыз ба, беташарды жүргізіп тұрып, өзінің руын айтып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұрып, бұйыра сөйлейтін асабалар да баршылық. Осылайша қуанышқа ортақтасуға келген қазаққа трайбализмді тықпалайды. Бұлда орынсыз айтылған сөз. Сондай-ақ «Менің айтқан сөздеріме қол соқсаңыздар алақандарыңызға гүл шығады, шапалақ ұрмасаңыздар, жүн шығады» дегенді естігенде ол емес, келген қонақ кірерге тесік таппай қалады. Келіннің бетін ашардағы кейбір ерсі қылықтарға көз жұма қарамайтын асаба Нұрбек:
– Беташар – бүгінге дейін сақталған ең әдемі дәстүрлеріміздің бірі. Мұндай салтты ешбір елден кездестірмейсіз. Бірақ осы бір құндылығымыздың да қадірін қашырып жіберетін кездер бар. Беташар келінге өсиет ретінде айтылуы керек. Жаңа түскен келінге әулетін таныстырып, жаңа ортасымен қауыштыру – басты мақсат. Алайда келіннің бетін ашып жүрген кейбір асабалар кейде ерсі қылықтарға кетіп қалады. Әсіресе, тойға келген адамдардан қоймай ақша сұрау, қалтасындағы бар тиынын қағып алу сәнге айналғандай. Құдды, қайыр сұрап кетеді, артық айтсам ренжімесін. Кез келген адамның қалтасында ақша толып тұрмайды ғой?! Қаншама аға-апаларымыздың қоймай ақша сұрағанда қиналып, ұялып қалған кездерін көрдім.
Бұлай сұрау беру – үлкен мәдениетсіздіктің көрінісі. Келіннің бетін ашу – бұл қайыршылықпен айналысу емес. «Әкел, әкел, шығар, тағы да шығар» деп тойға келген халықты қинап, қалтасына ақша салып кеткенін қалап тұратын сұраншақ асабалар көбейді. Өкінішті. Одан бөлек беташарды фонограммамен, қазіргі заманауи музыкалық аспаптармен де өткізетіндер бар. Негізі, келіннің бетін қазақтың қара домбырасымен, жанды дауыста ашқан дұрыс, – дейді ол. Ал Нұрлыбек Сүлейменовтің айтуынша, солай жасауды кей той иелерінің өзі сұрайды екен.
– Қалтаға түсіп, бейшаралық күйге ену дұрыс емес әрине. Алайда көп жерде үйдің иелері «мені қайтадан бөлек айтып жіберші» деп өтінеді. Сосын «мына азаматтар қалып қоймасын, қайталап айтыңыз» деп қағазға астын сызып береді. Бірақ қалай болғанда да сол үйдің азаматтарын қиын жағдайға қалдырып, ортаға бей-берекет шақыруға болмайды, – дейді асаба.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, асабаның әр сөзі, сөз саптауы «аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп» тұруы керек. Мұнымен айтпағымыз, айтқыш екен деп, тойдың тізгінін кім көрінгенге беріп қоюға болмайды. Сондықтан ұмытпаңыз, айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла асаба ғана тойдың сәні.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
qazaly.kz