Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ жадында сақталады

Ұрпақ жадында сақталады

31 мамырды «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1997 жылы Елбасымыз жарлыққа қол қойған еді. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек.
Тарихшылардың айтуынша, кезінде атылып кеткен Алаш зиялылары, қазақтың белгілі нарғасқа азаматтары мен аштық кезінде қырылған біздің ата-бабаларымыз бар, сол кезде қандастарымыздың 60 пайызы қырылып кеткен. Адамзат тарихында мұндай қиянат болмаған. Кеңес өкіметі мен қолдан жасалған аштық, қуғын-сүргін болмағанда қазір халқымыз 30 миллионға жетер ме еді...
Ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып кетті. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын. Мысалы, сол кезде Қазақстанда басшы болған Голощекиннің «Кіші октябрь» саясатының өзі халықты осыған итермеледі. Ол бастапқыда малмен ғана күнін көріп отырған байларға, кейін орташаларға, ең соңында астық екпейтін малшыларға астық салығын салды. Астықты тауып бере алмағандарын шұбыртып, қаңғытып жіберді. Бұл шын мәнінде биліктің халыққа жасаған қиянаты еді. Қазақта «жұт жеті ағайынды» дейді ғой. Оған 1937 жылы репрессия келіп қосылды...
Даулетқали Асауовтың "Орыстар озбырлығы" атты мақаласында Новосібір мемлекеттік облыстық мұрағатынан және Сағат Жүсіптің "Ашаршылық ақиқаты" кітабынан алынған мына бір деректе: "РФ Журналистері Одағының мүшесі, ІІМ доғарыстағы (отставка) подполковнигі Александр Агалаков қолындағы деректерге сүйене отырып, ол кезде Қазақ АССР-інде 6,2 миллион адам болғанын, соның 2,1 миллионы аштықтан өлгенін, 1 миллионнан астамы Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркияға қашқанын айтады. Сол кезде 100-200 мың адам Қазақстанмен шекаралас жатқан Сібірге барып бас сауғаламақ болған. Бірақ Кеңес үкіметінің адамдары ғана емес, жергілікті тұрғындар да арып-ашып жеткен елге қырғидай тиіп, жауыздық көрсеткен. Соның салдарынан ұлтымыздың талай ұл-қыздарының басы сол жақта көмусіз қалды" делінген.
         Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды Солардың бірі "Отанына опасыздық жасады" деген жаламен Ақмола лагерінде (Алжир)  қамалған С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, С.Асфендияров, М.Тәтімов, Т.Жүргенов, Н.Нұрмақов, С.Сармолдаев, С.Есқараев және басқа белгілі қайраткерлердің жұбайлары  қамауда ұсталды. 1938 жылы 6 қаңтарда, мәселен, мұнда 1-3 жас аралығында балалары
бар 50 әйелден тұратын алғашқы этап келіп түседі. Олар ерлері саяси айыпкер ретінде сотталған, өздері жас сәбилерімен тұтқынға алынған аналар болатын...
Қазақ халқының Ресейдің отарлық саясатына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресінің бірі – Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысының тарихы мен еліміздің бүгінгі тарихи шындығы бір-бірімен байланысты. Иә, Алаштың арда ұлдарының басты мұраты – Қазақ халқын аман сақтау, ұлттық менталитетін, санасын көтеруге, түрлі кесапаттан қорғау жолында еңбек етті. Ел үшін өз басын құрбан еткен зиялылар тобын баулыған Әлихан Бөкейханов пен Халел Досмұхамедов еді. Алаштықтардың бес ұстанымы болды. Ең бірінші ұстанымы– Алаш ұлттық-демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен, жері болуы керек. Екіншісі – Алаш жерінің асты-үстіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшіншісі – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Төртіншісі– Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Бесінші, ең негізгі ұстанымы – ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық-демократиялық мемлекет құру болды.
1930 жылы саяси қуғын-сүргіннің алғашқы тепкісін көріп, кейін құрбаны болып, жастай кеткен жампоз ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы жазықсыз бес жылға сотталады. Ұлтымыздың біртуар перзенттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Санжар Асфендияров, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов сынды және де басқа халқымыздың аяулы перзенттерінің рухы алдында ұрпақтары басын иеді.
Иә, осындай жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бас бостандығы мен дербестігіне арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды, жанкешті еңбектері жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының есімдері ұрпақ жадында сақталады.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
31 мамыр 2022 ж. 524 0