Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын"

"Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын"

Біздің халқымыз өзінің тарихында бірнеше рет қырғынды бастан кешірді. Әсіресе ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында болған қуғын-сүргін, ұжымдастыру, мүліктерді тәркілеу мен ашаршылық, 50-жылдардың бас кезіндегі қудалау қаншама бауырларымыздың шейіт боп кетуіне әкеп соқтырды. Биыл сонау 1932-1933 жылдарғы адам айтып жеткізе алмас алапат ашаршылықтың басталғанына 89 жыл болыпты.
Бірде сарғайған газет беттерін ақтарып отырып, осыдан 29 жыл бұрын "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген атпен жарыққа шыққан "Толқын" газетінің тұғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігін көзім шалды. Кәсіби қызығушылықпен естелікке үңіле түстім...

Әуелбек Қоңыратбаев 1930 жылы 7 қарашада алғашқы нөмірі шыққан "Екпінді балықшы" (қазіргі "Толқын") газетінің тұңғыш редакторы болған. Ол 1980 жылы 7 қарашада өткен "Толқын" газетінің 50 жылдық мерекесінің құрметті ретінде болып ауданымызда болып, сонда ол өмірден түйген, көзімен көрген талай әңгімелерді баяндапты. Әсіресе, кіші Октябрь зобалаңын ұйымдастырушы Ф.Голощекиннің сұмдық істерін ашына айтқан екен.
– "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деп ұрандаған голощекиншілер елді қалай да қырғынға ұшыратудың жолдарын о баста ойластырғанын кейін білдік. Сөйттік те бармағымызды тістедік. Сендер білмейсіңдер ғой, өз көзіммен көрген бір жайды айтайын. Екі бастан газет редакторы ретінде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып, ауданның барлық өміріне қатысып отырдым. Қызылордадан сол кезде күн құрғатпай өкілдері келіп тұратын. Олардың мақсаты – ауылда, елді мекендерде аша тұяқ қалдырмау. Сендерге өтірік, маған шын, осы қаланың шығыс бетіндегі Алтықұдық разъезі аралығы қырылған малдардың тұяғынан көрінбейтін. Тіпті екі бетінен тұяқтан тау тұрғызылды десе де болғандай. Малдың етін түгелдей "орталыққа керек" деп қызыл вагонға тиейді де, батысқа қарай алып кетеді. Бір байқағанымыз, шығысқа бірде-бір ет тиелген вагондар жіберілмейтін. Ұлы халықтың жылқының етін жемейтіні белгілі. Сонда оны қайда апарады? Тарихтан белгілі болғанындай, ол еттерді оңашасын тауып өртейді немесе зоопарктегі хайуандарға апарып береді екен ғой. Аштықты әдейі ұйымдастырмады деп айтып көріңізші.
Сол жылдары теңізде балық та көп болды. Дарияның аяғына, Құланды беттегі Изендіден балық көп ауланды. Көшіп барып, балықшылар арасында газет шығардық. Әйтеуір балықты көп аулауға үндейтінбіз. Бірақ сол су маржандары да "орталыққа" жөнелтіліп жатты. Ал Қазақстанның халқы, оның ішінде қазақтар аш еді. Әсіресе, Орталық Қазақстанның қазақтары аштан қырылып жатты. Күллі Қазақстанды аштық жайлады. Қазақстанның билік басындағы зиялылары, көрнекті жазушылары Сталинге, Голощекинге хаттар жазды, телеграммалар жіберді. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады. Сонымен, кіші Октябрь зобалаңы, әдейі ұйымдастырылған нәубет қазақтарды тоз-тоз етті. Қырылғаны қырылды, қалғандары тарыдай шашылып, Қиыр Шығысқа, Өзбекстан мен Түрікменстанға, Қытай мен Ауғанстанға тарап кетті. Енді құдайым одан сақтасын, – деген екен республикаға белгілі ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев естелігінде.
Иә, сонау замандағы қасіретті күндерді жадымыздан шығармай, әр уақыт есте ұстау үшін бұл атаулы күнді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 1997 жылы арнайы Жарлығымен бекіткен болатын. 31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Содан бері 31 мамыр күні Қазақстан халқы кеңестік заманның құйтұрқы саясаты салдарынан опат болған боздақтарын жыл сайын еске алып, тағзым етіп келеді. Демек, бұл күн тарихты мәңгі жадыда ұстап, келер ұрпаққа халқымыздың басынан өткен нәубет жылдарын есте қалдыру үшін айрықша мәнге ие десек те болады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Кеңес Одағы аумағында 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екендігі анық. Айта кетерлігі, саяси сүрең жылдары тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылған, ал түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды. Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион басқа ұлт өкілдері де көтерді.Қазақстанда Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер құрылған. Жалпы, 1937-1938 жылдар аралығында Қазақстаннан 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Ал сол кезде Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Оның ішінде қазақ халқы жасанды зауалдан ең қатты зардап шекті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатымен қолдан жасалған еді. Қазақстанның әрбір азаматы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын есінен шығармауы тиіс.

К. МАХСҰТ
29 мамыр 2021 ж. 15 687 0