«Айсәуле» орталығының игі істері
Елімізде мектеп жасындағы балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерімен толықтай қамту мақсатындағы нақты істің басталғанына да көп уақыт болған жоқ. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру негізінде қолға алынған еді.
Сол кезден бастап халық қолдауына ие болған жоба жас буын үшін жасалған игі іс еді. Нәтижесінде, мемлекет есебінен қаржыландырылатын үйірмелер көптеп ашылып, ауыл балаларын спорт пен өнерге баулитын орталықтар құрылды. Осы тұрғыда былтыр Аралдағы Жаңаауыл ықшам ауданынан “Айсәуле” орталығы ашылған болатын. Бүгін осы орталықтың жұмыс барысымен танысқанды жөн көрдік.
Аталған бағдарлама аясында өткен жылдың желтоқсан айында ашылған «Айсәуле» орталығында көркемсөз оқу, бейнелеу, кестелеу, заманауи би, мүсіндеу үйірмелері жұмыс істейді. Ол жерде 200-дей бала тегін білім алады. Одан бөлек вокал, ұлттық би, шешендік өнер, домбыра, актерлық өнер және тағы басқа үйірмелер бар.
Бұл жөнінде орталық меңгерушісі Гүлмира Қуанышқызы:
– Біздің орталық «ArtSport» бағдарламасы бойынша ашылған аудандағы бірінші орталық. Осы бағдарлама басталған кезде мен Аралда орталық ашамын деп өзіме уәде бердім. Өйткені өзім осы жердің құмына аунап, көшесін таптап өскен адаммын. Балалардың бойында талантты көре білуіміз әрі бұғып жатқан талантын оятып, аша білуіміз керек. Бірақ осы жұмысты қолға алу үшін қаражаттың тапшылығы кедергі болатын. Өйткені баласын ақылы үйірмелерге беріп, талантын шыңдауға екінің бірінің шамасы келе бермейді. Сөйтіп, мен бұл іске кірісіп кеттім. Құдайға шүкір, орталығымыз жақсы жұмыс істеп жатыр. Егер мемлекет балалардың өнер үйренуіне қаражат бөлетін болса, біздің орталықтың әлі де 500-дей баланы қамтамасыз етуге қауқары бар. Балалар жылында бұл жоспарымыз да іске асатынына күмәніміз жоқ. Қазір бюджеттен қаржыландыру мәселесінде қиындық туындап тұр. Алдағы оқу жылында бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз, – деді.
Білікті ұстаздан ғана білімді шәкірт шығады. Ұстаз деген баланың қабілет-қарымын шыңдайтын қайрақ іспетті. Бұл орталықта білікті, білімді, балалармен жұмыс істеуге қабілетті ұстаздар еңбек етеді. Атап айтар болсақ, танымал ақын-ұстаз Ерғали Абдулла көркемсөз оқу үйірмесінде өзінің авторлық әдістемесі бойынша оқушыларды әдебиетке, сөз өнеріне баулиды. Балалардың көркем әдебиетке қызығушылығының артқанын аз ғана уақыт ішінде бірнеше конкурстар өткізіліп, проза-поэзияны мәнерлеп оқитын балалардың көптігінен білуге болады. Ақындыққа бейімі бар балалар да осы үйірмеде. Осы балалардың арасынан Сыр сүлейлерін айтпағанның өзінде, күні кеше дүниеден өткен Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Шүкіров, Бекұзақ Тәңірбергенов, Шөмішбай Сариев сынды ағаларымыздай ақын, жазушылардың шықпасына кім кепіл?!
Ал бейнелеу үйірмесінің жетекшісі аудан халқына белгілі қылқалам шебері, аудандық бейнелеу өнері және технология пәні мұғалімдерінің бірлестік жетекшісі Нұржан Балов Арал тақырыбында салған суреттерімен танымал. Ол шәкірттеріне бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйретуде. Бір ерекшелігі, үйірмеге балалар 4 жастан бастап қабылданып, оларға алғаш қылқалам ұстатып, бояудың құпияларымен таныстырады. Бейнелеу өнері баланың ой-қиялын дамытып, әдемілікке құштарлығын оятады. Қазіргі мықты дизайнер, сәулетші-архитектор, фотограф, стилистердің көбісі бала күнінде суретпен айналысқандар.
Қазір 60-қа жуық қыз баланы би өнеріне баулып жүрген би үйірмесінің жетекшісі Райла Исмағұлова ауданға белгілі өнерпаз, талай жас бишінің жұлдызын жаққан ұстаз. Одан бөлек мүсіндеу, кестелеу, ағылшын әдебиеті үйірмелерін жүргізетін Жанар Өтешова, Гүлжайна Батимова, Әдемі Әнесова да білім саласында тәжірибесі мол, ұстаздықтың қыр-сырын жетік меңгерген жоғары дәрежелі мамандар. Орталықтағы іс-шаралар осы ұстаздардың көмегімен атқарылады екен.
Бұл ұстаздардың басты мақсаты – шәкіртінің қабілет-қарымын ашу, оларға бағыт-бағдар беру. «Баламның тілі орысша боп барады, соны түзеу үшін әкелдім» деп көркемсөз оқу үйірмесіне жаздыртатын ата-аналар да болады. Ал өнерге жаны құштар балалардың дарынын ашып, қабілетін шыңдау мақсатында түрлі додаларға қатыстырады. Осы ретте жетістіктері де жетерлік. Орталықтың заманауи би үйірмесіне қатысатын балалардың кіші және орта тобы республикалық «Балдәурен» байқауының аудандық іріктеу турынан жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алғаны – үлкен жетістік, жоғары нәтиже. Би өнерінің бала денсаулығына, сымбатына, жүріс-тұрысына әсері мол екені белгілі.
Сонымен қатар орталық меңгерушісі Гүлмира Қуанышқызынан білімі, кәсібі, отбасы туралы білмек болып сыр суыртпақтадық:
– Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ (бакалвр) мен Бейжіңдегі Қытай Мұнай-Газ университетінде (магистр) білім алдым. Қазақ, орыс тілдерінен бөлек ағылшын, қытай тілдерін де білемін. Кезінде «НТК», «Қазақстан» ұлттық телеарналарында қызмет атқардым. Көп балалы анамын,– деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ орталықта балалардың ықылас-ынтасын ояту үшін түрлі іс-шаралар, түрлі байқаулар ұйымдастырылып, ауданның мәдени орындарына саяхат жасайды. Тіпті сондай бір байқауды "Қызылорда" облыстық телеарнасы келіп түсіріп, эфирі арқылы насихаттапты. Бұл да жеткіншектерді ынталандырудың бір парасы емес пе.
Осындай игілікті істерді балаларға үйірме жұмыстары арқылы үйретіп, сурет салу мен шығармашылыққа баулуда оқушылардың бос уақытын мазмұнды да мағыналы өткізуге жол ашып, өнерін шыңдауға және танымын кеңейтуге үлес қосып келе жатқан білікті де білімді басшы Гүлмира Қуанышқызы басқарған ұжымның жұмысына табыс, отбастарына амандық тіледік.
К.Махсұт