Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Обалға орын бердік, сауаптан сырт қалдық...

Обалға орын бердік, сауаптан сырт қалдық...

Қазақ қашанда обал мен сауаптың орнын біліп, жөнін ұстанған халық. Сонау көшпелі заманнан қалып алып, қаймағы бұзылмаған қазақы ғұрыптың да бір шеті осы біз көтергелі отырған обал-сауаппен ұштасып жатыр. «Жаман болады», «обалды», «сауап аласың» сынды ырым-тыйымдар бүгінде әлі де айтылып келеді. Алайда біз сол бір салмақты сөздің байыбына бармай, сауаптан құр қалып, ысырапқа орын беріп жатқан секілдіміз. Сөзіміз ұғынықты болу үшін бір мысал.
Ауылда ағайынға сыйлы, сөзіне ел тоқтаған, кеудесі көмбе, ойы кемел қазыналы қарт бар еді. Балалары да тәп-тәуір қызметте, өсіп-өнген өнегелі жандар. Сол ақсақал өткен жылы сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Қазыналы қарттың бұл қуанышы елеусіз қалған ба? Балалары бірлесіп, ауыл айтып жүретін үлкен ауқымда той жасады. Той таныс-тамырсыз, жақын-жұрағатсыз өткен бе?! Сол күні ауылға алыс-жақын аймақтардан сыйлы адамдардың қонақтары келе бастады. Сонда сойылған бірлі-жарым ірі қара болмаса, уақ малда есеп жоқ па дерсіз. Келіп тоқтаған көлік сайын қой сойылып, қазан көтерілді. Әрине қонақ үшін бұл мәртебе ғой. Бас тартылып, бата сұрасса, қазақ үшін бұдан артық құрмет болар ма?! Сол үрдіспен жалғасқан қонақ күту рәсімі түс ауа дамылдады-ау. Өйткені сол кездерде келеді-ау деп күтілген сыйлы қонақтардың дені әлгі шаңыраққа жайғасты. Сырттай жақсы көрінгенмен, сол тойда шабылған жұрт, ауылдағы ағайындар әлгі үйде ысырапшылдық пен астамшылыққа жол берілгенін айтып жатты. Әрине балалары әкеміздің бұл қуанышынан не аяймыз деген болар. Алайда бар екен, берекені оңды-солды шаша берген де жараспас. Қысқасы, сол үйде сол күні қазан-қазан ет, табақ-табақ тарту рәсула болды. Сорпа төгілді, күріш шашылды. Әйтсе де ет елге ризық. Ауысқанын ауылдастар өзара бөлісті. Ал қора жаққа барсаңыз, шашылған сирақтар мен керексіз боп текке қалған ішек-қарындар. Тек ірі қараның ішек-қарны уақытылы тазаланып, пайдаға жараған. Алайда уақ малдың ішек-қарны мен сирақтары сол маңайды торыған ит-құстың азығына айналыпты. Обалсындық. Десе де бәрі кеш еді.
Міне, бізде осындай жағдайлар соңғы кездері жиі кездесіп жатыр. Обал мен сауаптың орнын білмей, барды бағаламау сынды дерт ауылдағы ағайынға да жетіпті. Бұрын барды бағалайтын жұрттың бүгінгі ұрпағы басынан бақайшағына дейін аштықта жеген құйқаның дәмін ұмытқан секілді. Қазір заман тоқшылықтың, баршылықтың нақ ортасына айналды. Көп адамның ішкені алдында, ішпегені артында. Салдарынан көп адам обалға орын беріп, сауаптан сырт қалып жатыр. Бұрындары әжеміз осы обал-сауап жөнінде жиі әңгіме айтып отыратын. Ол кезде де қонақжай қазақтың қазаны оттан, аузы ақтан кетпеген. Қазақ даласын дүбірге бөлеген киіктің отары қонысқа жеткенде қазан-ошақты төңкеріп, егістікті көктей өтетін болған. Сондайда ауылды азулы иттері әп-сәтте бірнеше киікті тамақтап үлгеретін болған. Ол әрине әжелерімізге үлкен жұмыс. Сол киіктерді сойып, етін қалыптап, бас-сирағына дейін кәдеге асырған. Сол бейнеттен енді арылған әйел затына қашанда жұмыс табылған. Неге дейсіз ғой? Шаңыраққа қонақ түссе бас тартатын елдің жазылмаған заңы бойынша қой сойылуы керек. Кешқұрым қой сойып, қазан көтеретін әжелеріміз оның ішек-қарны мен бас-сирағын да далаға тастамаған. Себебі обал болады, тазалап кәдеге жаратсаң сауап тиеді. Неге дейсіз бе, әжеміз жиі айтып отыратын «қырыққабат тазалаған жанға сауап тиеді, ұлтабар жеген әйел ұл табады» деп. Оны ата-әжелеріміз жақсы білген.
Басынан өткенді өнеге қылып айтқан бабамыздан сөз артылған ба?! «Ашаршылықта түйенің сіңірі тәтті, тоқшылықта қозының құйрығы да қатты». Мұны да айтқан біздің бабаларымыз. Расында бүгін біз көп нәрсеге обал көзбен қарап жүрген жоқпыз. Жалқаулық жайлаған жұрттың дайын асқа тік қасық сайлайтын көзге оғаш қылығы әлі де тыйылмай келеді. Біле білгенге бір мысал. «Астың тәттісі – қарын» деген аталарымыз қазы-қарта мен жал-жаяны әспеттегені соншалық, қазақтың ұлттық ас мәзіріне енгізді. Мақтаса мақтағандай. Астың сүбелісін бойына жиып, құнарын кетірмеген осы ішек-қарынды ендігі жұрт елеп жүрсе деген ой еді біздікі. Төрелігін еркіңізге қалдырдық, ойлы оқырман!
А. ҚАРАСАЙ
07 маусым 2022 ж. 386 0