Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 10 баладан 80 немере-шөбере сүйген шаңырақ

10 баладан 80 немере-шөбере сүйген шаңырақ

Елімізде жапырағын жайған жарасымды жанұя, өсіп-өнген өнегелі әулеттер баршылық. Бала өсіріп бақытқа, мал өсіріп байлыққа кенеліп отырған сол жанұялардың бірқатары қазақтың алтын бесігі ауылдық жерлерде. Ағайынға ақылшы, балаларына бас-көз болып отырған қазыналы қарты бар үйді қазақ «қара шаңырақ» деп атауы да сондықтан. Сондай жанұялардың бірі – ауданға қарасты Ерімбетжаға елді мекенінде тұратын Шалабаевтар әулеті.
Бұл әулеттің алтын уық асқар тауы Аманжол Шалабаев сонау Кеңес үкіметі тұсында облысқа белгілі «Қарақұм» совхозында сиыршы болған. Жібекалы ақсақалдың тұңғышы Аманжол ата ізінен ерген бауырларына ақылшы болды. Шаруаға жарайтын бозбала аталы сөзден аттамай, әке мен ананың көмегіне жарап, жастайынан мал баққан қазақтың бес батпан бейнетін бойына тоқып өсті. Өзі де осы жолда жүріп, совхоздың сиырын бақты. Сөйтіп жүріп, Әлеукеш есімді рулы елдің бұрымдысымен сөз байласты. Ол осыдан тура 60 жыл бұрынғы жағдай еді.
1961 жылдың 1 мамыры болатын. Мал қыстан шығып, елдің жылы-жұмсаққа тісі тиіп жатқан тұста «Сулықжыл» өңірінде Жібекалының шаңырағында той болады. Міне, осылай құрылған шаңырақтың іргесі шайқалмай, 60 жыл сақталуы бүгінде «Мерейлі отбасы» деген мәртебелі ұғымға ұласып отыр.
Аманжол Шалабаев 1958 жылдан бастап, кешегі совхоз тараған 1997 жылға дейін Қарақұмның маңайында сиыр баққан жан. Арасында 1983-1990 жылдары қаладағы қазіргі Арал көпсалалы колледжінде шопан болған. Ол кез ауыл шаруашылық бағытындағы кез келген істің тасы өрге домалайтын заман еді. Өмірлік жары Әлеукеш анамыз да отағасының таңдауын мақұлдап, жанында жүрді. Отағасы сиыршы болса сауыншы болды, шопан болса уақ малдың бас көтертпес бес батпан бейнетіне бойұсынды. Кейін табанды еңбек етіп, совхоздың сүт өндірісін ширата түсуге атсалысты. Бұл әулет тіршілік қамымен Қарақұмның «Бекі», «Адай», «Қозыбақжаға» және «Ақкісі» деген өңірлерінде тұрмыс кешіп, сол өңірдің сай-саласын бес саусағындай жаттап алған.
– Біз заманның кең уақытында еңбек еттік. Бірақ шаруалардан күтілетін нәтиже де, жүктелетін жүктеме де көп болатын. Әр өңірлердегі ұжымшар орталықтарын сүтпен қамтамасыз етуде біздің де бел жазбай бейнеттенген кездеріміз көп болды. Десе де аты көпке мәлім болған «Қарақұм» кеңшарының жаман атын шығармауға тырыстық. Біз сол заманда совхоз директоры болған Б.Бижанов, Қ.Әленовтің тұсында еңбек еттік. Марқұм ол кісілер таза тәртіптің, адал еңбектің адамы еді. Қарақұм өңірін тұтастай жайлаған кеңшарда қаншама жан тіршілік етіп, адал еңбектерімен күн кешті. Ол кезде шаруаларға қойылатын басты талап аналық малдың әрқайсысынан лайықты өнім алып, төлді де басына бас көбейту болды. Сондай талап үдесінен шығуда біз жастық жігеріміз бен уақытымызды жұмсадық. Кешеге дейін сол шаруаның ізінде жүрсек те балалы-шағалы болып, өсіп-өндік. Осының барлығы адал еңбектің арқасы деп ойлаймын, – дейді ауыл ақсақалы А.Шалабаев.
Бүгінде 78 жастың төріне шыққан ерімбетжағалық Аманжол ақсақал мен Әлеукеш әжейдің шаңырағында үлкен той. Қос қарияның бас қосқандарына 60 жыл толуына орай олардан тараған ұрпағы Қазақстанның әр түкпірінен жиналған. Бибіжан, Ахметжан, Айгүл, Майра, Бақытжан, Роза, Сақытжан, Әлімжан, Әлия және Ғалымжан есімді ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелерінің өзі бір қауым елге айналған. Әулеттің кенжесі Ғалымжан түтінін түтетіп отырған шаңыраққа алыс-жақыннан келген ағайынның да ақ тілегі мен алғаусыз көңілдері бір. Өзінен тараған ұрпағымен мәз-мейрам болған қазыналы қос қария бүгінде ұл-қыздары мен немере, шөберелері үшін әулеттің ақылшысы, бақыт пен берекенің бастауы болып отыр.
Ақ жаулық тағып, немере-шөберелеріне сүйікті әже болып отырған Әлеукеш Шалабаева қарттықтың ауылына түстенсе де, көз алдындағы балаларына ақылшы. Немерелерін ұдайы қайырлы іске баулып, обал мен сауаптың ара-жігін ажырата білуге үйретуде. Қазақтың күнкөрісі осы кезге дейін мал шаруашылығымен байланысты екенін ұдайы айтып, қолындағы кенже баласы Ғалымжан мен келіні Зәурешке осы малда береке барын ұдайы айтып отырады.
Сүйегі асыл қазыналы қариялардың әулетіне ғана емес, тұтас ауылға ақылшы, жөн сілтер жандар екенін немерелері де үнемі мақтанышпен айтып жүреді. Осы жасқа жетіп, баладан бақыт, малдан береке көріп отырған бұл әулеттің 10 баласынан тараған 80-нің  үстінде немере мен шөбере бар. Бәлкім, «Мерейлі отбасы» деген осы болар. Өсіп-өніп өріс кеңейткен өнегелі отбасының тату тұрмысы бүгінде ауылдастарына үлгі. Лайым солай болғай.

А. ҚАРАСАЙ 
13 шілде 2021 ж. 640 0