Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы

Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Елбасы жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын.  Бұл жоба бүгінгі таңда да өз өзектілігін жоғалпады. Осы байқау аясында мен атамның өнегелі өмірімен бөліскім келеді.  Менің атам ел-жұртқа сыйлы, қазақи болмысты беделді жан. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі тұлға. Өзіне ғана тән ұтқыр да  ұшқыр сөз тұрпатымен ағайынның ақылшы-қамқоршысына айналған алып бәйтерек.
Атам Сәдібек Пірназаров 1947 жылы 11 қаңтарда Арал ауданына қарасты Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Әкесі Пірназар Пірімов қажырлы да қайсар, еңбекқор, адалдықты пір тұтқан жан болған. 1957 жылы "Приарал" кеңшары енді құрылған кезде №2 фермаға аға шопан болып жұмысқа қабылданған. 1965 жылы 16 ақпанда зейнетке шыққан.  Анасы Пірімова Мариям да еңбек жолын осы "Приарал" кеңшарында мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуға арнаған.
Атам Сәдібек жастайынан еңбекке ерте араласып, 1964 жылы осы "Приарал" кеңшарында №2 фермаға аға шопан әрі бақташы болып жұмысқа қабылданған. Бұл жылдары егістік көлемі артып, дала төсінде тыңға түрен салынып қызу еңбек қарқын алса, енді ғана ес жиып іріленген совхоздарда мал саны жыл сайын арта түсті. Сол кездегі атамның жұмысқа деген құлшынысы, Отанға деген патриоттық сезімі де бөлек еді. Басшы да, жұмысшы да уақытпен санаспайтын. Маусымдық жұмыстар бір-біріне жалғасып, толастамайтын. Көктемнің алғашқы аязы сезілген сәттен басталған   қарбалас жұмыстар қара күзге дейін созылып, қыстың қақаған аязы мен түтеген боранына ұласып, қыстамаға жалғасатын. Мал басын аман сақтау, ет пен жүнді молынан өндіру ісінде атам қажымай-талмай еңбек етті. Әр еңбегі еленді десем қателеспеймін. Оның дәлелі, атам үкімет тарапынан бірнеше мәрте медальдар мен мақтау грамоталарын алды.
Ел алдындағы еңбегі ескеріліп «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Үздік еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Тізе берсем еңбегі үшін алған төсбелгілері жетерлік. Дегенмен, есімде айрықша сақталғаны – атамның мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы  Қонаевтың табыстауымен «Ерен еңбегі үшін» алған медалі. Бұл медальдің тарихы ерекше.  Атам айтып отыратын, «сонау жылдары алғашқы болып мал басына 316 келіден ет тапсырып, «Үш жүздіктер» деген ұран қалыптастырдық» деп. «Ерен еңбегі үшін» медалін алуының басты себебі де осы. Сонымен қатар 1974 жылы шаруашылықта еңбекке белсенді араласқаны үшін  комсомолдың  ХІІІ съезіне қатысуға шақырылды. Осылайша қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүріп 40 жыл мал баққан атам 1997 жылы зейнетке шықса да, қазірге дейін шаруашылықтан қол үзген емес.
Әжем Күлмараш Пірназарова «Алтын алқа» иегері. Атам екеуі ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. Шаңырағының шаттығын Тәңірден тілеген ата-әжем Жер-Ана атты адамзаттың алтын бесігін ақ нұрымен арайландырған шырақтардай әзиз әулетінің қос шамшырағы әрі қос қанаты деп білемін. Бірі – аспан әлемінен жаһан жүзіне мейірімін шашқан күн, бірі – тылсым түнде көк күмбезін нұрландырған ай іспетті. Ескінің көзін көріп, естінің сөзін сыйлап өскен, тағылымға толы тіршілік кешкен ата мен әжеміз – тоқсан тарау тіршіліктегі қос тілекшіміз. Ізгі өмір сүруге, адал еңбек етуге  үйреткен ата-әжеме алғысым шексіз. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім- тәрбие арқылы перзент бойында еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жан – атамыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған ата-әжем «Өнегелі отбасы» деген атқа әбден лайық деп санаймын.
Ақтолқын Назарбайқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті
03 шілде 2021 ж. 788 0