Менің атам ең жақсы адам

1982 жылы «Барсакелмес» мемлекеттік қорығына директорлық қызметке жіберілді. «Барсакелместі» құланның құндылығымен бағасын, беделін асыруда зор үлес қосты. Ауыл шаруашылығы сырына қанық ғалым-зоотехник мамандығымен табиғат жауһарын, экология эталонына айналдыруда ғылыми дәйектемелерді бір адамдай жинақтады. Ұжымдағы 40- қа тарта қызметкердің қабағы шытылмауын басты парыз санады.
1996 жылы өзі еңбек жолын бастаған кәсіптік білім саласына қайта оралды. Облыста маңдайалды тірек оқу орны саналатын №2 кәсіптік-техникалық лицейге директор болып келді. Жас жұмысшы мамандардың аудан сұранысына сәйкес дайындалуына айрықша көңіл бөлді. Әрбір түлектің өмірден өз орнын табуы бұлжымас ұстанымға айналды.
Лицейдің мерей жолы жаңа жетістіктермен жандана түсті. Ұжым ынтымағы нығайып, шығармашылық үрдістер жаңашылдық сипат алды. Облыстық, аймақтық тәжірибе алмасуларда атамның майталмандары талай топ жарды.
Атына заты сай менің атам әдемі қалпында, сыйластықтың сәнімен, ұжымның ардақтауымен құрметті зейнеткерлік демалысына жарқын жүзбен келісті. Пайғамбар жасы дейтұғын көңіл көтермесін төрелік тұтып, әжем екеуі бұйырған несібе, көрінген бала-шағаның сәтті қадамын тамашалып, әкелік шаттықты еншіледі.
Аяулы әжем Бақыт Жаңақорған, Арал аудандарында өкпе сырқатына шалдыққандарды сауығу сырына дәрігерлік жанашырлықпен қанықтырды. Бөлім меңгерушісі болды. Әулеттің ұйытқы келіні, ұжымның шынайы құрметтін қанағат тұтты.
Шаңырағы биік, керегесі кең өнегелі отбасына әркім-ақ қызыға сүйсінер еді. Нұрлан, Эльмира, Гүлзира есімді ұл-қыз тәрбиелеп, кенжесі сүйікті, ерке қызы Дананың орны бөлек болатын. Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Осы балалардан артық жақсы көретін Нұрсұлтан, Нұрлыхан, Әлішер, Дінислам, Темірлан, Аделя атты немерелері құшағын қыздырып, Диляра, Жібек атты шөберелері алақанынан су ішуде бұйырды.
Зейнетке шыққан атамды ұлы Нұрлан Алматыға өз қолына алды. Атам Аралдың тайдай толқынын Алатаудың айбатымен таластыратындай сағынатын еді. Алматы оның жастық жылнамасындай . Ауыл шаруашылығы жоғарғы оқу орындары арасындағы одақтық бокс біріншілігінде Мәскеу, Воронежде, Мичуринск, Фрунзе, Ташкентте талай мықтылармен қолғап түйістірді. Кезінде Алматы рингінде жеңіс тұғырына көтерілген. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат.
Атам тәлім төріне лайық тұлға. Тұрмағамбеттің ғақлия жырларын өнеге өлшеміне балайды. Андабай мен Тұрсынбикедегі бабалар зиратын мінәжат жасауды қаперден шығарған емес.
Атамның өте сабырлы, салмақты мінезі бізге үлгі. Атам үнемі ақыл, өсиет айтып, бабалардың шежіресін құлағымызға құйып өсірді. Атам я балаға я немереге бір қабақ шытқан жан емес. Біздің жетістіктерімізбен мақтанып қуанып отыратын.
Міне, арқа сүйер атамнан айырылғанымызға 30 мамыр күні қырық күн толмақ. Бірақ атамыз мәңгі есімізде....
Алладан кейінгі шеберім,
Жан ата, жан жүрегім.
Самғасам күш-қуат беретін,
Сүрінсем тірегім.
Қалдырмас аязға, ызғарға,
Алыбым асқар тау, тірегім.
Жан ата, Сіз барда қасымда, арайлы еді әр таңым.
Әрқашанда биік көретін, Мен басқадан
Менің атам, менің атам – ең жақсы адам!
Нұрсұлтан НҰРЛЫБЕКҰЛЫ