Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мерейі тасыған Мәмбетовтер отбасы

Мерейі тасыған Мәмбетовтер отбасы

Әр мемлекеттің іргесін берік, бірлігін бекем етуші – отбасы. Қоғамның құрамдас бір бөлігіне айналған сол отбасыдан әдетте халыққа, жалпы қоғамға қажет тұлға қалыптасады. Демек әрбір жанның алтын ұясы, мемлекет ішіндегі шағын мемлекетке айналып отырған отбасы жайында айтылар сөз де, салмақты ой да жеткілікті. Елімізде әр жыл сайын аталып өтілетін «Отбасы күніне» орай қаладағы жарасымды жанұя, берекелі әулеттің біріне айналған Мәмбетовтер әулеті жайында айтпақпыз.
Бұл әулеттің тірегі мен терең тамырына айналған Шеризат Тәңірбергенұлы бүгінде жетпіс жастың желкенін керген қазыналы қария. Жеті баланың қамқоршысы ретінде қадірлі болған жаннан бүгінде тараған ұрпағы бір қауым елге айналып, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Өнегелі әулеттің аласармас алып шынары Шеризат Мәмбетов еңбек жолын 1969 жылы аудандық тұтынушылар одағында тауартанушы болып бастаған. Одан 1980 жылы «Сельстрой» мекемесінде материалдық есепші, 1981 жылы «Сельхозтехника» мекемесінің шақыртуына байланысты қойма меңгерушісі болып қызметке тұрған. Одан 1986 жылы «Сельхозэнерго» мекемесіне ауыстырылып, жабдықтаушы, экономист, бас есепші болып қызмет атқарған. 1997 жылы мекеме жабылған соң, 2005 жылы Арал қаласындағы №83 орта мектепте қызмет істеп, зейнеткерлікке осы мектептен шыққан. Бүгінде жылдар бойы еткен еңбегі мен көрген бейнетінің зейнетінің қайтарымы ретінде немерелерінің қызығына кенеліп отырған жайы бар.
Ал көпке үлгі боларлық Мәмбетовтер әулетінің отын маздатқан отанасы, мәңгілік маздайтын шырағданына айналған шамшырағы, ақ жаулықты анасы Малика Дуабайқызы 1950 жылдың 10 қазанында Қарақұм ауылдық округіне қарасты Көкаша елді мекенінде туған. 1973 жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітіріп, жолдама арқылы Сексеуіл кентіндегі қазақ орта мектебіне ағылшын тілі пәні бойынша жұмысқа орналасқан. 1974 жылы тұрмыс құруына байланысты Арал қаласындағы  №199 мектепке ауысып келген. 1981 жылы №83 орта мектепке ауысып, осы мектептен құрметті зейнеткерлікке шыққан. Одан әрі бірнеше жыл Арал гуманитарлық-техникалық колледжінде ұстаздық еткен. Жалпы 7 құрсақ көтеріп, «Батыр ана» атанған Малика Дуабайқызы өмірлік қорғаны, отбасының тірегі болған Шеризат екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде екі ұл, екі қызы үйлі-баранды.
Бұл өнегелі отбасының керегесін кең, шаңырағын биік етуші ізбасар ұрпағы, ұлдан үлкені – Бекбол Шеризатұлы. Ал оның өмірлік жары, шаңырағының ұйытқысына айналған адал келін Сая Ералиева. Бүгінде екеуі алдындағы асқар тау әкесі мен ақ жаулықты анасына қарап, бой түзеп келеді. Жас отбасыдан өмірге келген төрт перзенті ата-әжесінің көз қуаныштарына айналған. Бекболы қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкер. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет атқарады. Келіні Сая аудан әкімінің баспасөз хатшысы болып 2016 жылдан бері қызмет етеді. Бұл қызметке келгенше қаладағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде әдіскер маман ретінде еңбек еткен. Өзі Алматы облысы, Панфилов ауданының тумасы. Бүгінде айдынды Аралдың, оның ішінде Мәмбетовтер әулетінің ибалы келіні, қоғамға қызмет етіп жатқан үлгілі қызметкер.
– Мен бұл әулетке 21 жасымда, яғни 2012 жылы келін болып түстім. Бұрын-соңды естігенім болмаса, келіп көрмеген елге келін болу алғашқыда оңай болған жоқ. Өз еліңнен жырақтап кету қиын болды. Оның үстіне жас болдым. Оқу бітіргенім болмаса, отбасылық өмірдің қиындығына кезікпеген, ата-енеге қалтқысыз қызмет етудегі өмірлік тәжірибесінен өтпеген, әлі оң- солын тани қоймаған мен үшін келіндік қызмет үлкен сынақ әрі өмірлік сабақ болды. Сонда да мен «ата-енеге адал қызмет етуім керек» деген өмірлік ұстанымымнан айнымадым. Сынды сабырға, ашуды ақылға жеңдіріп, осы әулетке сіңісе білдім деп ойлаймын. Көптеген қазақы дәстүрлерді ұстанып, өзімді шыңдай түстім. Жалпы, жас келіндерге, келіндік өмірге енді қадам басқалы жүрген қыздарға айтарым, отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағын ата-енемен бірге тұрып бастаған жөн. Өйткені олар – өмір мектебінің тәжірибелі де білікті мамандары. Жанашыр ретінде үйретері көп болады. Сынай жүріп, болаттай берік болуға тәрбиелейді. Мен өзім түскен әулеттен осыны үйрендім, – дейді
Сая Ералиева.
Иә, өмір болған соң қуаныш пен қайғының қатар жүретіні заңдылық. Шеризат әкей мен Малика ананың тұңғыш қызы Зәурештің артында Құндызай және Нұршат есімді қыздары қалған. Нұршат Скендірованы оқытып-тоқытып, қатарға қосты. Бүгінде сол Нұршат қыздары Оңтүстік Корей елінде білімін жалғастыруда. Зәурештен кейінгі Жаннат есімді қыздары Алматыда тұрады, шебер-кондитер болып қызмет істейді. Ал Айгүл Атырауда тұрады. «Хабар» агенттігінде журналист болып қызмет атқарады. Екінші ұлы Нұрсұлтаны бүгінде мемлекеттік қызметкер, кіші келіндері Аяулым «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мекемесінде инженер. Бүгінде олар Алматы қаласында тұрып жатыр.
Осылайша ұл-қыз өсіріп, өріс кеңейткен өнегелі әулеттің отағасы Шеризат пен отанасы Маликаның 10 немересі бар. Олар Қазақстанның әр аймағында тұрса да, әркез ата-әжелеріне асығып тұрады. Біз әңгімеге арқау еткен мерейлі шаңырақтың бүгінгі бейнесі осы.
А.Бисенов
15 қыркүйек 2020 ж. 1 328 0