Тұрақтылық негізі – татулық
Бүгінгі күні еліміздегі түйткілді мәселелердің бірі – ажырасу болып отыр. «Үйленгеніне көп болмап еді ғой, ажырасып үлгергендері ме?» деген сөздерге құлақ та, ой-санамыз да үйренгендей. Тіпті «кеше ғана тұрмысқа шыққан қызы қайтып келіпті» немесе «келіні кетіп қалыпты» деген сөздер де таңсық емес. Иә, ажырасу мәселесі біздің мемлекетте ғана емес, көптеген елде шешімін таппай келеді.
Уақыт ағымына қарай атаулы мәселемізді қарастырып көрелік. Кеңес кезеңінде ұрпақ тәрбиесіндегі ең үлкен қателік – ер мен әйел адамды теңестіріп, гендерлік саясаттың алға қойылуы. Яғни әйел адам отбасындағы тірліктерін шетке ысырып, ерлер істейтін ауыр жұмыстармен айналысты. Мәселен, колхоздың жұмысына жегілгені секілді. Көйлегін шешіп, жаулығын тастап, ер адамдардың шалбарын киді. Қай істе болмасын «еркектермен теңбіз» деп ұрандатты. Мінекей, осы бір теріс тәрбиенің нәтижесі бүгінгі күнге әсер етіп отырғандай. Тұрмысқа жаңа шыққан қаракөз қыздарымыз қаражаттан қысылмаса да, жолдасымен жарысып жұмыс істеуі мен карьера қууына әкеп соқтырады. Осыдан соң үйдегі бала тәрбиесі, сонымен бірге үй шаруасы да жайына қалған көрініс жолдасының наразылығын тудырары сөзсіз. Бұдан кейін екі жас арасында түсініспеушіліктер орын алып, соңы ажырасуға соқтырып отыр.
Ертедегі аналарымыз ерінің жолын тосып, алыс сапардан оралса, бар тәттісін дайындап, күтіп алушы еді. Сондай-ақ отбасындағы әке абыройын қай кезде болмасын көкке көтеретін. Балалары бұзықтық жасаса, «әкеңе айтамын» деп, әке мәртебесін биіктететін. Көріп отырғанымыздай, әйел адамның негізгі қызметі үй шаруасы, бала тәрбиесі мен шаңыраққа береке кіргізуі. Сол үшін әйел адам ерінен асып түсіп жұмыс істеймін деген пікірде болмауы керек.
Атаулы мәселедегі тағы бір нәрсе – әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Иә, әлеуметтік жағдайдың төмендігі көптеген отбасылардың екіге бөлініп кетуіне себеп болып отыр. Мұндай жағдай көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан секілді үлкен қалалардағы жас отбасыларға қиын. Яғни, үй мәселесі. Пәтерден пәтер жағалап, көшіп-қонып жүрген де оңай емес. Осылай жүргенде араға сәби келеді. Тіршіліктің таршылығын татып отырған отбасында баланы жеткізу де қиындық туғызады. Оның тамағы, киімі, тіпті памперсінің өзі аз ақша емес. Міне, осы жағдайда әйелінің еріне деген көңілі толмауы басталады. Шаңырақ басында ұрыс, түсініспеушілік орнап, сәбиін бауырына басқан ана төркінге аттанады. Қазіргі кезде екі қолға бір күрек табылмайды деу жалған сөз. Ниет етіп, әрекеттенген ер адамға жұмыс та табылады. Ал әйел отағасының тапқан табысы қандай көлемде болса да, үнемдеп жаратуы тиіс. Аз болса, сабыр сақтап, жолдасына рухани көмек, қолдау көрсетуі керек. Иә, азға қанағат ете алмау – жаман әйелдің сипаты. Шал ақын: «Ер жігіт қапалықпен қартаяды, қатын жаман, мінген ат қырсау болса» деген екен. Иә, жақсы әйел жоқтан бар жасайды. Отбасындағы қиындықтарға ерімен бірге сабыр етіп, жоқшылықтан шығуына қолдау көрсетеді.
Туыстарының сөзімен ажырасып жатқан отбасылар да жоқ емес. Соның ішінде ене мен келін арасындағы түсініспеушілік басым. «Не анаңмен тұр, не менімен бөлек шық» дейтін келіндер баланы алға тартып, ата-анасын тастап, бөлек шығарып алады. Жолдасы келіспеген жағдайда баласын ертіп, кетіп қалып жатады. Әрине, бұл дұрыс әрекет емес. Өзінің болашақ жарын таңдар алдында оның отбасы мен ата-анасын да қабылдай білу керек. Ер адам үшін қашанда ана разылығы алдыңғы орында тұрады. Сол үшін осындай маңызды істе әйел адам жолдасына ана разылығын алу жолында көмектесуі қажет.
Бір жағынан қарасақ, заман дамып, технология шарықтаған мына заманда адамзат баласының да қоғам мен оның құндылықтарына деген көзқарасы өзгергені белгілі. Абай атамыз: «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» демекші, заманға қарай адамның да мінез-құлқы өзгеше қалыптаса береді екен. Бүгінгі қоғамдық сананың уланғаны да шындық. Жетім сәби, жауапсыз әке мен көкек ана саны артып келе жатқаны кімді болмасын алаңдатады. Соның ішінде жаныңа батары – отбасындағы балалардың көз жасы. Әкесі мен анасы тірі бола тұра, жетім атанған сәби өмірі. Жарық дүниені көруге асыққан нәрестенің әкесіз, не анасыз қалуы қиын жағдай. Ажырасу – отбасындағы туындаған мәселенің шешімі бола алмайды. Керісінше, бұл әрекеттен соң бала тәрбиесі бұзылып, келешегі құртылады. Сол үшін баланың болашағын ойлап, ақылмен әрекет еткеніміз жөн.
А. НҰРЛАНОВА