Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отан отбасынан басталады

Отан отбасынан басталады

Отбасы – адам үшін жағымды өнегелер мен мұралардың, салт-дәстүрдің сақтаушысы болып саналатын ең жақын әлеуметтік орта.Сондықтан да отбасылардың орнықты дамуын жетілдіру, ата-ана жауапкершілігін арттыру, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, бақытты отбасын құру – әрбір азаматтың міндеті.Бүгінгі көкейкесті мәселелердің бірі – ажырасу. Қайда барсақ та, кімді көрсек те «кеше үйленіп еді ғой, бір жылға жетпей ажырасып кетіпті, пәленшенің қызы ажырасып, үйіне баласымен қайтып келіп отыр» деген сөздерді жиі естиміз. Қоғамды деңдеген бұл дерт соңғы 15-20 жылда тамырын кеңінен жайып кетті. Ата-бабаларымыз өзінің некелі жары әйелі тұрмақ, жесірін де қаңғыртпаған. Жетімін де жылатпаған. Бүгінгі күні мұның бәріне өткеннің ертегісі секілді қараймыз. Бұрын отбасын тастап, өзгемен көңіл қосу ар саналатын. Ал қазір статистика бойынша некеге тұрған жас жұбайлардың 50 пайызынан астамы жарының отбасылық өмірде кездескен нақты қиындықтарға төтеп бере алмауы салдарынан ажырасуға бейім тұр.
Халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген даналық сөзі бар. Демек, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны белгілі. Негізінен, ажырасудың көптеген себептері бар. Соның ішінде, жоқшылыққа шыдай алмау, шектен тыс қызғаншақтық, туыстарымен арадағы нашар қарым-қатынас, маскүнемдік секілді себептер отбасының кейде ойранын шығарып жатады. Мұндай ажырасудың жастарға этикалық, медициналық, психологиялық, құқықтық, әлеуметтік тұрғыдан әкелер салдары көп. Себебі әркез қызықты, жеңіл, романтикалық және материалдық жағынан бірқалыпты тірлік кешеміз деп ойлайды. Қарым-қатынасты үзіп, ажырасып, оңай сынақтан құтыламын деп шешеді.
Қош делік, ал енді туыстарының себебінен ажырасып жатқан жұбайлар саны қаншама. Оның ішінде ене мен келін, қайын апа, қайын сіңілі арасындағы түсініспеушіліктер. Бұрындары ата-бабамыз жас жұбайлар бір-бірін таңдап үйленгеннен кейін, бір-бірінің ата-анасын да өз ата-аналарындай көрген. Қай ата-ана көптен күткен келіні мен жастайынан бағып-қаққан балаларының жаман болғанын қалайды. Керекті жерінде ақылын айтып, балаларының жарасып, қиыншылық көрмеуіне септіктерін тигізіп, қолынан келгенше көмектерін беріп отырады емес пе. Мейлі, үлкендердікі дұрыс, бұрыс болсын, келін әрқашанда өзіндік келіндік міндетін білуі керек. Үлкендерге ілтипат көрсетсе, кеше ғана жанұя болып, үлкен өмірге аттанған ерлі-зайыптыларға енелеріміздің де қолдау көрсететіні сөзсіз.
Ер адам үшін ананың разылығы алдыңғы орындағы дүние болған. Осы ретте айта кетейік, бұрынғы заманда анасын разы етпей, әйелінің сөзін сөйлеген Әлқама атты сахаба жаны алқымға келгенде кәлимаға тілі келмей, қатты қиналған екен. Міне, осындай қағиданы ұстанған бабаларымыз күйеуін анасынан бөліп әкеткені жұбайын тозаққа итергені деп түсінген. Әрі мұндай маңызды істе әйел адам еріне анасының разылығын алу жолында көмектесіп отырған. Себебі, «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қасиетті сөз болған.
Сондықтан ұрпақ қамын ойласақ, қазірден бастап ажырасудың алдын алғанымыз дұрыс. Өмірде әртүрлі жағдайлар кездесетін болғандықтан, кейде екеуара түсініспеушіліктен туындаған түйткілді мәселелеріне балаларды араластырып, солардан ашуын алып, қол көтеріп жатады. Міне, осыдан алдымен бала зардап шегіп, психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алады. Мұндай жағдайда ата-аналар өздерінің құқықтарын асыра пайдаланған деп есептеліп, тіпті оның кейбір түрлеріне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатады. Расында, бұл өмірде мінсіз ештеңе жоқ, әр адамның алдынан кедергі шығады,соны жеңу керек. Әркімнің өз жолы мен тағдыры бар. Сол сияқты әр отбасының өзіндік сынағы бар, ол сынақтар ерлі-зайыптыларды біріктіре түседі немесе жолдарын екіге айырады.
Некенің қасиетін ұғыну, келешек ұрпақ қамы үшін отбасы құндылықтарын отбасында, ұжымда, кез келген ортада үздіксіз дәріптеп отыру керек. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме?! Шаңырағы биік, босағасы берік қазақстандық отбасы – қоғамның тұрақты дамуының және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің бұлжымас кепілі. Тек берік отбасылық дәстүрлер орныққанда ғана мығым әрі мызғымас ел бола алады.
Иә, отбасын сақтау үшін ата-аналарға құрмет, ерлі-зайыптылардың бір-біріне сүйіспеншіліктері, кешірімді, бауырмалдық пен сыйластық боп ер мен әйел өз міндеттерін жете түсінсе, отбасында келісім салтанат құрары анық.

Еркегүл ДАБЫЛОВА,  
Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық
хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы
25 мамыр 2021 ж. 10 937 0