Жұрттың әйелі неге сұлу?

Жалпы, қыз-келіншектер біреуге ұнау үшін боянады дейді психологтар да. Алайда, бірге тұрған ерлі-зайыптылар уақыт өте бір-біріне назар аударуды ұмыт қалдыра бастайды екен. Себебі, Абайша айтсақ, «адамның бір қызығы бала деген». Сол баланың қамын күйттеген әйел, еріне де баласы секілді қарай бастайды. Сыртқа шығарда ғана боянып, үйге келгенде әбден тозығы жеткен киімін үстіне іле сала, бар сұлулығын сумен шайып тастайтын әйелдер жайлы әзілкеш Тұрсынбек Қабатов «Сонда анау күйеудің не кінəсі бар деймін да» деп жеткізген еді. Бұл ерлердің көзқарасы.
Түзге тотыдай таранып, үйде әбден жүнжіп жүрген әйелін көрген ер-азаматта да «қызғаныш», «түсінбеушілік» пайда болады екен. Статистика бойынша елде ажырасу пəленбей пайызға өсіп кетіпті дейді. Нақты айтып шошытпай-ақ қояйын. Көп себебінің бірі – осы қызғаныш пен түсініспеушілік.
Жалпы, әйел адамның үйдегі әдемілігі жайлы хадисте бар. Əйелдің күйеуіне сүйкімді көрінуі де маңызды. Бұл міндет шариғатта əйел адамға уəжіп деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылман жақсы көреді, өзі де жақсы көріледі. Жақсы көрмеген жəне жақсы көрілмеген адамдарда қайыр жоқ», – деп айтқан. Келесі хадисінде: «Жақсы көрген, жақсы көрілген жəне көп бала туатын əйелге үйленіңдер» – деп, өз ұнамдылығын жоғалтпай, сүйкімділігін сақтай білетін əйелге үйленуді өсиет еткен.
Бұрын қазақ отбасында, күйеуі сырттан тамағын кенеп үйге кіріп келе жатқанда, баламен арпалысып отырған ақылды əйелі, етек жеңін жинап, шашын ретке келтірген деседі. Міне, осының өзі үлкен тəрбие. Керемет сыйластықтың белгісі. Күйеу – əйелдің жəннаты. Жəннаттарыңызға абай болыңыздар!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
osken-onir.kz