Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заңнаманың тиімділігі

Жаңа заңнаманың тиімділігі

Өткен жылдың 1 шілдесінде  еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандырылған жаңа заңнама – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енген болатын.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Ондағы әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртіптері бекітілген. Әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Сотқа төрт түрлі талап қоюмен жүгінуге болады, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлар.
Бұған дейін жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар Азаматтық процестік кодексі аясында қаралып келді. Азаматтар мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша өз шағымын дәлелдеуге міндетті болатын.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқығы мен бостандығын әкімшілік талап арыз беру және кейіннен соттың әкімшілік істі қарауы және шешуі арқылы қалпына келтірудің құқықтық режимін қалыптастыруда Әкімшілік іс жүргізу заңнамасының рөлі өте жоғары.
Олай дейтініміз, жаңа заңнамаға сәйкес сотқа талап арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Сот бұл дәлелдерден бөлек қосымша мәліметтер сұратып, дәлелдемелер жинауға құқылы. Яғни, бұрын судья алдындағы іс материалдары мен дәлелдемелерге сүйенсе, енді әділетті шешім шығару үшін белсенді бола түседі.
Сондай-ақ Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Тиімділігі мол заңнама, жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етпек.

Г. НҰРЫМБЕТОВА,
Арал аудандық сотының судьясы

22 маусым 2022 ж. 715 0