Жоңышқа егуге жаңа дем берді
Көрген қиындығыңмен, оны жеңгеніңмен мақтанатын кез емес қазір. Қазір сол қиындықтан сабақ алу маңызды. Ол жағдай қайта туындай қалса, алдын қалай аламыз деген сауал мазалауы керек әркімді. Сонда ғана келер күніміз кемел, болашағымыз жарқын болады. Оны уақыттың өзі дәлелдеп берді бізге. Біз де сабақ алдық. Оған дәлел ретінде келесі әңгімені келтірсек.
Былтырғы қуаңшылық шаруаға да, төрт түлікке де өте ауыр тиді. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, жергілікті атқарушы билік тарапынан көптеген көңілге қонымды істер тындырылып, бастамалар қолға алынған болатын.
Солардың бірі мал азығын өзімізде дайындауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру еді. Міне, қазірде осы жұмыс басталғалы тұр. Аудан басшысының бастамасын қолдауға білек сыбана кіріскен кәсіпкер, «CAMEL PRO» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Қуаңбай:
– Малдың несібесі жерден, жанның несібесі малдан ғой қашанда. Арал маған да алыс емес. Былтырғы қиындықты көрдім. Көмектесуді көздеп осындай бастаманы қолға алып отырмын. Бұл аудан халқына да көмек болады деген сенімдемін. Маған артқан сенімі үшін аудан басшыларына да алғысым шексіз. Алдағы мақсат – сол сенімнен шығып, аудан халқын жоңышқамен қамтамасыз етуге үлес қосу, – дейді.
Айта кетейік, Қайрат Найзабайұлы Арал ауданының Аманөткел ауылдық округіне қарасты Хан елді мекенінің маңайында жоңышқа шөбін егуді қолға алған. Түркиядан әкелген егістік алқабын суаруға арналған ұзындығы 505 метр құрылғы осы бағыттағы облыстағы алғашқы құрылғы болып отыр. Ол қожалық төрағасы жоспарлап отырған 80 гектар алқапты 11 сағатта суарып шығатын мүмкіндікке ие.
О. ЖОЛДАСОВ