Көк майса – елге ризық
![](/uploads/posts/2022-05/medium/1653634009_zhayylym.jpg)
Биыл шөп бітік шықты. Тіпті жауын-шашынның мол түсуінен Арал аймағында бұрын-соңды өспеген өсімдік түрлері пайда болғанға ұқсайды. Айналаға көз тастасаңыз, жасыл кілем жайылғандай. Тұмса табиғаттың мұндай көрінісін бұл аймақтан көзбен көрмегелі көп болыпты-ау. Жауын-шашын мол түсіп, жер құлпыра бастағанда-ақ қала сыртынан алыстау шығып, табиғаттың тамаша көріністеріне тамсана қарағанымыз бар. Әсіресе сулы аймақтардағы нулы жерлер жасыл өскінге бай екен. Жалпақ даланы еркін жайлаған төрт түлік те біраз қоң жинаған. Уызға жарып, аузы көкке тиген құлыншақ та қолтығын жазып, жазық далада желмен жарысуда. Мұның барлығы тіршіліктің тамаша бір көрінісі болса керек.
Шаруашылықтың жайын бір кісідей білетін «Нұркелді» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабай да бұл жылы өрістегі малына сырттай бақылау жасаумен отыр. Күн жылынғалы қара жерге нәр берген өсімдік атаулы шаруашылыққа тиесілі төрт түлікке жайлы болғандай. Оны өзі де сезінеді. Өйткені малдың барлығы былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай қоң жинаған. Былтырғы жағдайға алаңдап, төрт түлікке ерген төлді қысқа түсірмей сатуға бекінген шаруа жер бітік болса малға қысы-жазы зауал келмейтінін айтады. Расында жаздай қоң жинаған мал қысқа төзімді болады. Мұны бұл өлкедегі шаруалар жақсы біледі.
Өткен жылдың қиындығы біздің шаруашылыққа да өз әсерін тигізбей қоймады. Қанша дегенмен, несібемізді осы малдан көріп отырған соң біздің де жағдайдың соңы не болар екен деп алаңдағанымыз рас. Дегенмен малға қажетті жем-шөптің қорын мол дайындауға жаз бойы көрсетілген көмектің септігі болды деп есептеймін. Әйтсе де қоңсыз мал қысқа жайсыз боларын білген соң, біршама малдың санын қысқартуға тура келді. Шаруа болған соң шығынсыз болмайтыны түсінікті. Алайда табиғат-анаға келген кеселдің осыншама әбігерге түсірерін білмедік. Дегенмен көп болып ол қиындықты да артқа қалдырдық. Негізі малға ең керегі шөп пен су ғой. Күнді Құдай берді. Жаңбыр уақытында жауып, жер көк майсаға оранды. Алайда күннің ыстығында малға қажетті су көздерінің жеткіліксіздігі әлі де байқалады. Сондықтан аудан аумағында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті жерлерге бұрғылау ісін одан әрі де жандандыра түссе деген тілегіміз бар. Бұл көптеген шаруалар үшін қуанышты жағдай болар еді, – дейді қожалық төрағасы Ж.Кәдірбеков.
Иә, қуаңшылықта туған құлын тай болды, бота тайлақ болды. Десе де шаруаларға қиын соққаны сол бота-құлындарды аналық басымен қалай сақтап қалу ісі болды. Сәтін салып сол қиыншылықтан өткен төрт түлік бүгінде кең жазиралы жазық далада еркін жайылып, қоң жинауда. Енді шаруаларға алаңдауға еш негіз жоқ секілді. Себебі жер бітік, өріс отты. Аралдың соңғы жылдары мүлдем қайталанбаған тұмса табиғаты келгендерді де керемет көрінісімен тамсандыруда. Тіл-көз тасқа...
А. ҚАРАСАЙ