Балық шаруашылығы: беталыс қалай?
Сырдағы ағайын егінін егіп, төрт түлікті де түлетіп отыр. Әсіресе, мал санын көбейтіп жүргендер көп. Мемлекеттің тиімді бағдарламасы арқылы мал басын арттырып, пайызы төмен несиемен алдына қара-құра жиғандар да бар.
Мал мен егінді қатар алып жүруден бөлек, тағы бір кәсіптің тізгінін ұстап жүрміз. Бұл – балық шаруашылығы. Дария жағалай қоныстанған елге бұл ежелден сіңісті кәсіп. Сырдария мен бастауын сол өзеннен алар теңіз және көп көлді сүзіп, несібесін теріп жүргендер бізде жеткілікті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде балық аулау тым қарқынды бола қойған жоқ. Өйткені, бұрынғыдай шалқыған теңіз жоқ. Бірақ Арал өңірі үшін ең маңызды болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске асқан соң, бұл саланың біртіндеп дамығаны рас. Егемендіктің басында 400 тонна ғана ауланып келген балық көлемі 20 есеге өсіп, бүгінде 8 мың тоннаға дейін жетті.
Облыста Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзені бар. Бұған жоғарыда айтқандай, балық шаруашылығында маңызды орын алатын 207 көлді қосыңыз. Қазіргі уақытта 185 көл конкурстық негізбен 5-10 жылға табиғат пайдаланушыларға бекітіп беріліпті. Қалғаны резервтік қорда тұр.
Былтырғы есепке жүгінсек, нәтижесі тым жақсы. 7364 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 152 млн теңге қаржы түскен. Ал жыл басынан бері 4819,8 тонна балық ауланып, қазынаның қоры 70,1 млн теңгеге толығыпты.
Бір қуаныштысы, біздегі экспорт тәуір. Еуропа елдеріне балық өнімдерін артып жүрміз. Мысалы, былтыр 3911 тонна балық 10 шет елге жіберілді. Оның ішінде Ресей, Польша, Литва, Грузия, Австрия, Германия, Украина және Нидерланды бар. Көрші Қырғызстан мен Әзербайжан мемлекеті де қалыс қалмаған. Ал биыл 1800 тоннадан астам балық өнімі біз айтып өткен елдермен қоса, Венгрия, Чехия сияқты елдерге экспортталыпты.
Балық өнімін экспорттауда қиыншылық жоқ дей алмаймыз. Мұндайда еуропалық стандартқа сай растайтын белгісі бар кәсіпорындарға басымдық беріледі. Осындай «Еврокод» белгісі бар төрт зауыт бізде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, аймақта алты балық өңдеу зауыты бар.
Қазір тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке сияқты балық түрлері сыртқа шығуда. Әсіресе, Еуропа елдерінде көксеркенің еті тым бағалы көрінеді. Жергілікті халық «тісті» деп атайтын бұл балықтың филесін шетелдіктер сүйсініп жейді. Сондай-ақ, зауыттарда өңделген өнім түрінде филеден бөлек, тыран қанаттары, балық фаршы мен сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны дайындалып жүр.
Көл мен теңізді сүзіп келгенмен, ондағы балықтың табиғи көбеюіне кедергі көп. Соның бірі – су тапшылығы. Осының салдарынан ондағы қор да азайып тұр. Екіншіден, мамыр айы туысымен уылдырық шашатын уақытта балық аулаушылар легі тоқтамай кетеді. Инспекторлар мен табиғат қорғаушылары қатаң жұмыс тәртібіне көшсе де, жасырын аулап жүргендер жоқ емес. Өйткені, жағалаудағы су жылып, өз уылдырығын шашатын балықтың қай түрі де жиекке жақындайды. Мұндайда балықты ау құрып та, шанышқымен түйреп те алу оп-оңай.
Жалпы біздегі Кіші Арал мен өзен-көлдерде балықтың 22 түрі мекендейді. Соның 18 түрін ғана аулауға болады. Ал енді аймақтағы балық шаруашылығын дамыту, сондай-ақ оның қорын көбейтуде атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес.
Былтыр «Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» әзірленіп, облыс әкімдігінің 2020 жылғы 30 қазанда №127 қаулысымен бекітілді. Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін балық экспортын екі есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұдан шығар нәтиже сол, облыста 16 шарбақтық және 12 тоған шаруашылық, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғыларын іске қосып, тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының санын 55-ке жеткізбек.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметте, тауарлы балық өсіруге (аквакультура) жыл сайын басымдық беріліп келеді. Кейінгі бес жылда осындай шаруашылықтармен 713 тонна балық өсіріліп, нарыққа шығарылған. Қазір мұнымен айналысатын шаруашылықтардың саны 39-ға жетті.
Мойындау керек, балық аулау және оны экспорттауда Арал ауданының үлесі басым. Арал ауданы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, өңірде 31 балықшылар бригадасы бар. 400-ден астам адам жұмыс істейді. Бригадаларға тиесілі 215 флот, 6 үлкен (СМБ-40) және 2 шағын кеме (БМК-130), 6810 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар.
Жоғарыда айтып кеткен, 10 балық зауытының 9-ы да Арал ауданында. Бұлар жылына 24 мың тоннаға жуық балық өңдеуге қауқарлы. Қазір бес зауыт, атап айтсақ, «Арал балық өңдеу» зауыты, «Арал СДО», «Камбала балық» балықшылар өндірістік орталығы, «СДО Қарашалаң», «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС сияқты балықты терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатарында. Ал қалған «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Жалғасбай» деп аталатын шағын зауыттар балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жұмыстар атқарып, өнімді жеңіл өңдейді.
Айта кетейік, Аралда жылына 6500 тоннадан астам балық ауланады. Есесіне ауланған балық көлемін толықтыру мақсатында шабақ өсірумен айналысатын «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигі 1966 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Барлығы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Питомникке қарасты «Қосжар» бөлімшесінде 10 балық өсіру тоғаны бар, оның 3-уі қыстық тоған. «Тастақ» бөлімшесінде 23 өсіру тоғанын пайдаланып отырмыз. Тоғандардың жалпы ауданы 165 гектарды құрайды. Қазіргі таңда шамамен 14 млн-ға жуық бір жаздық және 420 мың екі жаздық балық шабақтары өсірілуде. Мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай деп аталатын балық түрлері бар. Өсірілген балықты теңіз бен Қамыстыбас көліне күз айларында жібереміз. Бір қуаныштысы, былтырғыға қарағанда су тапшылығы биыл аса қиындық тудырған жоқ. Тоғандарға су жіберуде мүмкіндік болып тұр, – дейді балық өсіруші Шынболат Күлмашов.
Питомник пен оның «Тастақ» бөлімшесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтар бар. Оның біреуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелінді. Облыс көлемінде балық қорын көбейту мақсатында жыл сайын Кіші Арал теңізі мен «Ақшатау», «Приморский», «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне бір және екі жылдық шабақтар жіберіледі.
Балықшыларға деген құрмет те жыл сайын артып келеді. Оның дәлелі ретінде, 50 жылдан соң алғаш рет 2015 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Арал өңірі балықшыларының слеті өтті. Ал балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ресми түрде бекітілген.
Жоғарыда айтқан 207 көлді шама келгенше толтыруға тырысып келеміз. Дария арнасы бір қайтып, бір толған уақытта бұл көлдердегі су деңгейі де өзгеріп отырады. Жалпы облыс бойынша 9 көлдер жүйесі бар. Жаңақорғандағы 845 гектарлық «Тайпақкөл-Қандыарал», Шиелідегі 1130 гектарлық «Телікөл» мен 1429 гектар жерді алып жатқан «Нансай-Ханқожа» осы көлдер жүйесі қатарында. Сырдария мен Жалағаш ауданындағы «Жаңадария» (2633 гектар), «Қараөзек» (1064 гектар) көлдер жүйесі де осы есепке кіреді. Қармақшы мен Қазалы аумағына тиесілі 5445 гектар аумақты алатын «Қуаңдария», Аралдағы «Қамыстыбас» (20767 гектар) пен «Ақшатау» (8034 гектар) және «Приморский» (9660 гектар) көлдер жүйесін де осы тізімге қосамыз.
Бүгінде облыс әкімдігінің арнайы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар жүргізіліп, аймақтағы 19 көлді су тапшылығы нәтижесінде жоғарыдағы көлдер жүйесінен алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Су тапшылығы демекші, былтыр жауын-шашынның аз түсуі және Сырдария өзеніндегі су көлемінің төмен болуынан құрғақшылық орын алды. Облыстағы көлдерде су тартылып, шабындық пен жайылымдық жердің құнарлығы төмендеді. Әсіресе, теңізге құяр сағадағы көп ауыл бұдан зардап шекті. Бір Арал ауданының өзінде 600 бас мал өлімі тіркелді.
Орын алған жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Мысалы, облыстық бюджеттен және демеушілік есебінен қаржы бөлініп, Аралдағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүрді. Аудан бойынша бірінші кезекте тұрған 8 каналдың арнасын тазалау және гидротехникалық құрылғыларды қайта жаңғырту жоспарланып, құжаттары толық әзірленді. Бүгінде Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау» және «Дің» каналдары қазылып, канал сағасына су тоспасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қаратереңдегі «Жыланды» және Жаңақұрылыстағы «Ералы» каналдарының арнасын тереңдетіп қазу, ұлғайту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасы бөгеліп, «Аспай» су ағытқысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Аспай» демекші, осының арқасында жағалаудан 600-700 метрге дейін тартылған «Қамбаш» көлі қайта тола бастады. Бұған қоса, «Ақшатау» көлдер жүйесіне су барды. Балық шаруашылығында маңызы бар 25 мың гектарды қамтитын көлдерге су түсіп, мал азығы дайындалатын 7150 гектар шабындық алқапқа су барды. 12900 гектар жайылымдық жер жөнге келді.
Сондай-ақ «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін реттеп отыру үшін «Аманөткел» ауылының тұсында су торабын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген еді. Енді су торабының құрылысы алдағы уақытта басталады деген сенім бар.
Ержан ҚОЖАСОВ
syrboyi.kz