Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала құқығы – басты назарда

Бала құқығы – басты назарда

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп, отбасындағы бала тәрбиесіне ата-ананың жауапты екендігі анық көрсетілген. Сондай-ақ «Отбасы туралы Заңда» әр ата-ана өз ұрпағын тәрбиелеп, оны қоғамға араластырып, қатарға қосуы міндеттелген. Иә, отбасы – баланы қалыптастырушы алғашқы бесік болып табылады. Балаға ең алдымен өз ата-анасы тәрбие береді және бала сол тәрбиені келешекте сыртқы ортада көрсетері анық.
Отбасы мүшелерінің жалпы қарым-қатынасы, бір-біріне сый-құрметі немесе басқа адамдарға деген сыйластығы, яки болмаса, жағымсыз іс-әрекеттері баланың қалыптасуына ерекше әсер етеді. Шаңырақ басындағы ұрыс-керіс, реніш, орынсыз жанжал бала психологиясында жағымсыз қалыптасып, алдағы уақытта балаға зиянын тигізіп, оны бұзақы әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Яғни  баланың қатігез, өзімшіл, дөрекі болып өсуіне әкеп соқтырады.
Ендігі кезекте бүгінгі күннің өзекті мәселелесінің біріне айналып отырған – бала құқығы. Ертеңгі ел болашағын қалыптастырушы бүгінгі ұрпақ құқығын қорғау аса маңызды.  Оның тәрбиесіне отбасы, мектеп, сондай-ақ бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет. Иә, қай ата-ана болмасын өз баласының жаман болғанын қаламайды және жаман тәрбие бермейді. Бірақ тәрбиенің немқұрайлығынан, шектен тыс еркелетуден немесе ата-ананың ішімдік ішіп баласына қысым көрсетуінен бала психологиясы бұзылып жатады. Мұндай тәрбие көрген бала бұзақылық әрекеттерге барары сөзсіз.
Бұл жөнінде Арал ауданының жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Алма Сермағамбетова:
Бала құқығын қорғауды ата-ана, бағып-қағу және қамқорлыққа алу органдары, сот, прокурор жүзеге асырады. Сонымен қатар заң баланың абыройын төмендетуден, ата-аналар тарапынан болатын қиянаттан қорғайды. Елімізде балалардың мүддесі қорғала отырып, ондай ата-аналарды ата-аналық құқығынан және баланы бағып-қағуға беруден айырылуға байланысты шараларды қолдану заңдылық тұрғыда қарастырылған. Бүгінгі күні ауданда 32254 кәмелетке толмаған бала бар. Негізгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 63. Оның ішінде 33 қыз, 30 ұл бала бар. Сонымен бірге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 баланың 13-і ата-аналық құқығынан айырылса, 1 баланың ата-анасы сот шешімімен хабар-ошарсыз кетті деп танылды. Есептегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 баланың ата-анасы заңға сәйкес жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасауға бейім балаларды есепке қоямыз. Яғни баланың тұрғылықты мекенжайын есепке қойып, психологиялық-профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Құқық бұзушылық әрекет жасаған баланы психологтың жеке қабылдауынан өткізіп, оның қызығушылығы жайында ақпарат аламыз. Мәселен, балалардың бірі дала ойындарына қызықса, енді бірі сурет салуға қызығушылы болады деген секілді. Ақпарат алынған соң білім бөлімімен байланысып, баланың  бос  уақытын шектеу мақсатында арнайы үйірмелерге тартамыз.  Сонымен бірге аудандағы кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі беймезгіл жүрістерін ырықтау, келеңсіз жайттарды олардың тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полицияның кешенді күштері жүйелі түрде жұмылдырылуда.  Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында, жыл басынан үкіметтік емес ұйымдармен және бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірлесе отырып, аудан көлемінде «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Жасөспірім-Көше», «Заң – Бала– Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар!», «Отбасында әкенің рөлі», «Зорлы- зомбылықсыз балалық шақ» және «Демалыс» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Тағы айта кетерлігі, «Жастар ресурстық орталығымен» бірігіп, құқығын танып-білу мақсатында мектеп оқушыларына семинар-тренингтер, видео қойылымдар көрсетіп, жиын өткізіп, пікірталас ұйымдастырамыз. Жалпы, әр бала өз құқығын білуге және оны қорғауға міндетті. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасап, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізер еді. Сол үшін тәуелсіз елімізде бала құқығын шеттетпей, алдыңғы қатарға қойғанымыз жөн,–деді.
Отбасы болған соң онда түрлі жағдаяттар орын алып жатады. Мәселен, баланың бұзықтық жасап қоюы, ата-ана арасында келіспеушілік туындауы сынды оқиғалар болып тұрады. Аталған екі жағдайға баланың көзқарасы қандай болады? Сондай-ақ бұл баланың психологиясына қалай әсер етеді? Әрине ой-өрісі толықтай дамып үлгермеген  баланың психологиясы да қалыптасып үлгермейді. Ол айтылған сөз бен іс-әрекетті ой елегінен өткізбей тура қабылдайтын болады. Бұл туралы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің педагог-психологы Айгерім Еркінқызы:
Қазір біздің қоғамда «бұл бала ғой, не түсінеді дейсің? Бүгін көргенін ертең-ақ ұмытып қалады» деген ой қалыптасып қалған. Әрине бұл бала психологиясын қалыптастырудағы қателік болып табылады. Себебі ақыл-ойы тап-таза тіршілік иесінің есте сақтау қабілеті де тасқа қашалған жазумен тең. Мәселен, ата-ана баласына сыртта көп ойнауға болмайтынын айтады. Бірақ ойын баласы тыңдамай, қатарластарымен ойнап кете береді. Келесі күні баланы далаға шығармау мақсатында «сыртта мастар, ұрылар, қорқынышты құбыжықтар жүреді» деп қорқытсаңыз, бала ойынға шығуға қорқып қалады. Міне, осы әрекеттен соң бала есейгенде өзін еркін сезіне алмайтын, ылғи да қорқыныш жетегінде жүретін болады. Бір сөзбен айтқанда, өзімен өзі қоғамнан оқшауланып қалады. Мектепте біз оқушылардан түрлі психологиялық тесттер аламыз. Мәселен, баланың мінез-құлқын анықтайтын, суицидке қарсы және әлеуметтік сауалнамалар жүргіземіз. Тест нәтижесі бойынша мінез-құлқында өзгеріс табылып тұрған баланы жеке сұхбатқа шақырамыз. Сонымен бірге мінез-құлқы жағынан өзгеріс табылған жағдайда оның ата-анасы және сынып жетекшісімен байланысамыз. Баланы жеке бақылауға алып, онымен түзету-дамыту жұмысын ұйымдастырамыз. Отбасынан қысым көрген немесе ата-анасы ішімдікке салынған баламен арнайы психологиялық жұмыстар жүргіземіз,– деді.
Бала құқығын қорғау оның ата-анасынан бастап әр адамның азаматтық борышы болып саналады. Сот тарапынан бала құқығының қорғалуы қай уақытта болмасын басты назарда болады. Ендеше бүгінгі бала тәрбиесіне келгенде заманға сай білімді де, білікті болып қалыптасуы жолында олардың қазірден бастап құқығын қорғап, психологиялық қолдау – бізге міндет. Елімізде із-түзсіз жоғалып кетіп жатқан балалар жетерлік. Тәуелсіз елдегі тәрбие процесінде әділетті болуды әр адам өзінен бастағаны жөн.
А. НҰРЛАНОВА
05 шілде 2022 ж. 897 0