Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырға жуық тарих қалай қалыптасты?

Ғасырға жуық тарих қалай қалыптасты?

Бүгінгі таңда құндылықтарымызды қадірлеп, өткенімізді түгелдеуге толықтай мүмкіндік туды. Бұрындары қазақтың қазақылығы мен тарихтың талай парақтарын еркін ақтарып, айтылмай қалған тұстарын ашық айта алатындай күн де болған. Мұның барлығы бір кездері тарихымызды жоққа шығаруға талпынған кеңестік сананың салқыны еді.

Иә, расында қазақтың тарихы отыз жылдың көлемінде қалыптасқан жоқ. Оған көнеден келе жатқан естеліктер соның куәсі. Кейінгі ұрпаққа том-том болып жетер тарихы бар мекеннің бірі бүгінгі Арал қаласы.
Масудидің: «Балық өзені келіп құятын Джейнухом (Амудария) Тармидь, Испиран сияқты бірнеше салаға бөлініп, бір тарауы Хорасанмен көп қамалға айырылатын Ховарезм (Қият) қаласының төменгі жағымен Джоуджания (көне Үргеніш) жиегінде тұрған көлге құяды» деп жазған жазбасынан-ақ сол аталған көлдің Арал теңізі екенін аңғарамыз. Ал бұл жазба біздің дәуіріміздің 950 жылында жарық көргенін ғалымдар анықтаған. Ал 1800 жылдай бұрын өмір сүрген атақты грек оқымыстысы Кландин Птоломей өзінің «Алмагест» (Ұлы құрылыс) деген шығармасында жер шарының 27 бөліктен тұратын картасын жасаған. Оның 22-картасында Арал теңізі мен Каспий теңізі бейнеленген. Мұнда Зарафшан, Амудария (Оксус) өзендерінің Каспийге құйып жатқандығы көрсетілген.
Айта берсек мұндай деректер өте көп. Бірақ оқырманға осы екі жазбаның өзі анық дәлел болар. Ал бүгінгі тақырыбымыз осы тарихы терең мекеннің жаңа белесі жайлы болмақ.
Биыл Арал қаласы 95 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Ғасырға жуық бұл уақытты атап өту әрбір аралдық үшін зор абырой. Ал осы жаңа кезеңнің қалай басталғаны жайлы аудандық архивтің басшысы Болат Қуатов:
– Арал ауданының 95 жылдығы расында ерекше мерейтой. Жергілікті халық үшін бұл тарихи мекеннің тағылымы жайлы терең түсінік беру, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Сондықтан кеңінен ақпараттық жұмыстар жүргізуді мен де қолдаймын. Бірақ тарихи оқиғалар қайталануы немесе соған ұқсас бір өзгерістің болуы мүмкін. Оған кездесіп те жүрміз. Естіп, көріп те жатамыз. Бірақ тарих қайталанбайды. Оны бұрмалауға, ақиқаттан аттауға болмайды. Тарихты өзгерту кешірілмейді. Біз соған қатты мән береміз, – дейді.
Расында солай. Бізде архив басшысының деректеріне сүйене отырып, газет оқырмандарына Аралдың құрылуы жайлы ақпарат беруді жөн санадық.
Арал ертеректе Қазалы уезінің құрамында болғаны жайлы көпшілік біледі. Бұл жайында жиі айтылып, жазылған. Бір кездері Аралдан шыққан батырлар мен тұлғалар Қазалы уезінде туған дерекке сәйкес оны Қазалынікі деген ақпараттар таратылып, Аралдың тумасы екені де талай тартысқа түскен болатын. Мәселен, Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтің де туған жері Қазалы деген дерек те кейін дәлелденіп, Аралда туғаны нақтыланды.
Міне, 1923 жылы 3 наурызда сол Қазалы уезінің құрамына Арал болысы қосылған. 3 жылдан кейін нақтырақ 1926 жылдың 11 наурызында атауы Арал қыстағы болып ауысады. 1927 жылдың 1 қазанында Арал қаласы станса атағын алады. Сол жылы 17 қаңтарда Қазалы уезінің таратылғанына байланысты Арал қаласы 1927 жылдың 1 қазанында құрылды деп айтуға болады.
1928 жылдың 3 қыркүйегінде Қазалы уезі құрамындағы Арал және Қамыстыбас болыстығынан Арал ауданы құрылады. Бұл туралы ВЦИК – Бүкілресейлік орталық атқару комитеті бекіткен.
Бірақ араға 4 жылдай уақыт салып 1932 жылы 20 ақпан күні көршілес Ақтөбе облысының құрылуына байланысты Арал ауданының орталығы Арал қаласы Ақтөбе облысының қарамағына кірді. Бұл жайында жоғарыда аталған комитет 1932 жылдың 10 наурызда бекітті.
Міне, сол уақыттарда, яғни 1934 жылы Арал қаласынан бөлек 19 ауылдық кеңес Ақтөбе облысы құрамындағы Арал аудандық кеңесінің құрамында Ауан, Бөген, Бекбауыл, Жалаңаш, Қамбаш-Аман, Қамыстыбас, Көзжетпес, Көкарал, Қаратерең, Құланды, Мұрынши, Райым, Сайғонды, Сексеуіл, Сарбасат, Сапақ, Ұзақбайсор, Ұзынқайыр, Ұялы кеңестері болды. Сол жылғы есеп бойынша Арал аудандық кеңесі құрамында барлығы 11019 шаруашылық саны болса, халық саны 45163-ке жеткен.(Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві АОМА, қ-85, т-1, іс-226, п-7,45)
Болат Қуатов осы тұста "Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тарихи маңызы бар жер атауларын нөмірлерге ауыстырды. Сол кездегі метрикалық кітаптарға ауылдың аты жазылмай, нөмірмен берілген. Бұл да тарихи сананы жою, діни ұғымдарды адам санасынан өшірудің бір тәсілі болды" дейді.
Сондай-ақ бұл нөмірлер арқылы жоғарыда сөз еткен Мақаш Балмағамбетовтің Аманөткел елді мекенінде туғанын анықтағанын да айтты. Деректерде Қазалы уезі, 17 ауылда дүниеге келген деп берілген ақпарат бойынша, 17 саны Аманөткел елді мекеніне сәйкес келетіні анықталған.
Ал КСРО Жоғарғы Кеңесі сессия шешімімен Қазақ КСР Президиумы Орталық Кеңесінің 1938 жылғы 15 қаңтарда "Облыстардағы аудандық әкімілік -аумақтық бөліну" туралы қаулысына сәйкес Ақтөбе облысынынан Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда аудандары бөлініп, Қызылорда облысы құрылды. 15 қаңтарда 1938 жылы Арал ауданы Қызылорда облысының солтүстік-бастысындағы аудан ретінде қабылданды.
СОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы қарашадағы пленумы шешімінің негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1962 жылдан бастап өндірістік қажеттілікке орай кеңес органдарын тарату және республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінуін өзгерту жөнінде бірнеше өкімдер қабылдаған. Сол өкімдер нәтижесінде республикада көптеген өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтар болсақ, соның нәтижесінде үш аймақтық, 14 облыстық (ауылдық), облыстық (өнеркәсіптік) және 1 облыстық (бірыңғай) еңбекшілер депутаттары құрылды.
Сол жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан аймағына Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстары қарады. Осыған байланысты 1962 жылы Арал ауданы тағы да таратылып, Қазалы ауданына қараған делінген деректер бар.
Бірақ көп ұзамай Арал аудан ретінде қайта құрылады. Бұл жайлы деректе "ауыл шаруашылығын мамандандыру, аудандық звеноларды колхоз, совхоздарға жақындастыру, сонымен қатар елді мекендерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 1964 жылдың соңында облыстағы аудандарды қайта бөлу басталды. 1964 жылдың 23 қазанында Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі және оның атқару комитетінің №322 шешімімен Арал ауданы қайта құрылды" (Қазақстан әкімшілік-аумақтық территориялық бөліну анықтамалығы, Алматы қаласы, 1959 жыл, 112.162,221. Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөліну анықтамалығы 8,9,10 парақ)
Міне, осындай кезеңдерден өткен Арал қаласы бүгінде жаңа бағытта дамып, сәулеті мен ажары келіскен айшықты мекенге айналып отыр. Бүгінде ата кәсіптен қол үзбеген Аралдың өнімдері еліміздің түкпір-түкпірінен табылып, мемлекеттің басты назарындағы қалаға баланады. Тоғыз жолдың торабындағы Аралдың ақ алтыны есептелетін тұзы мен теңізінің маржаны шетел асса, мал өнімдері де маңызды азық-түліктердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп келеді.
Мұнан бөлек те тарихта аты таңбалы әріппен қалған мекеннің болашағы жарқын, келешегі кемел деп анық сеніммен айта аламыз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

16 шілде 2022 ж. 688 0