Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың арғы-бергі тарихы

Аралдың арғы-бергі тарихы

Қазақ сахарасы ежелден сан алуан аңызға бай. Осынау байтақ даладағы әрбір төбешік басы бір-бір тарих десе артық болмас.
Адамзат баласы жаратылғалы Тұран ойпатының төсінде толқын атқан Арал теңізі туралы талай эфсаналарға қаныққан болар. Ол әлі де жалғаса бермек. Әйтеуір біз ақтарған том-том тарихи оқулықтарда, танымдық кітапшаларда аталмыш теңіздің арғы-бергі өткені туралы алуан түрлі аңызға бергісіз шежірелер сайрап тұрғанына қанықтық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайбір жылы қасиетті Ұлытаудың төрінде ел мен жер, қазақ даласының тарихы жөнінде берген сұхбатында: «Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ ата-бабаларымыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен  жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол. Мәңгілік елдің жолы» деген болатын.
Шынында да, қазақ жерінің тарихы тым әріден басталатынын екінің  бірі, еңкейген қариядан бастап, етек-жеңін буған естияр балаға дейін білсе керек. Сол сияқты Арал теңізі, оның жағалауын қадым заманнан мекен еткен халықтың тарихы да уақыт тереңінде екенін ұмытпасақ деймін.
Жаһан дүниенің дәл кіндігінде орналасқан Арал теңізі туралы алғашқы жазбаша мәліметтер Тұран ойпатын әрі-бері шарлаған Араб, Еуропа саяхатшыларының тарихи еңбектерінен, қолжазбаларынан мәлім болған.
Одан бұрынырақ құмдауытты, жан-жағын көшпелі құм қоршаған, климаты құрғақ бұл теңізді ерте замандағы Сармат теңізінің бір бөлігі деседі. Тіпті, мұнан 21 млн 1200 жылдай уақыт бұрын Кайназой дәуірінде Арал теңізі Каспий теңізіне қосылып жатқан су айдыны болған екен. Географ ғалымдардың пікірінше, бұл байланыс 1573 жылға дейін созылған көрінеді.
Талай жұт жылдары жүген-құрығын ұстап қалған Арқадағы бай ауылдар Арал теңізі жағалауына ат басын тіреп, жан сақтап қалғанын кеше ғана өмірден өткен кәрі құлақтар сонау жылдары қара сирақ біздің құлағымызға құйып отырушы еді. Тіпті, бір қап бидайға не бір асым балыққа бола небір сұлу келіншектер кәрі-құртаңдарға пенде болғанын көп жасаған, көпті көрген қариялар мыңнан бір мысал ететін еді. Сонан да шығар, бай ауылдардың алтыны арзымай, күмісі күлдіреуіш құрлы  болмағаны. Сонан болар, ақылы сұңғыла ата-бабаларымыздың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дегені.
Тағы да Аралдың ежелгі дәуіріне оралайықшы. Баяғы замандағы Араб саяхатшыларының «Үлкен сызба» кітабында бұл су айдыны Көк теңіз, одан бұрынырақ, теңіз жағалауын мекендеген сақтарға байланысты Сақтар теңізі, кердерілер заманына орай Кердері теңізі аталғанын абыз тарих аңыз тілінде талай айшықталған болатын. Ал Арал теңізі деп араб жиһанкезі Ибн-Рушд алғаш рет ауызға алып, ақ қағазға ресми түрде айшықтаған көрінеді.
Онан бұрын да біз туған Арал теңізі жағалауында талай-талай тарихи оқиғалардың болғаны, бұл жерге ондаған ұлыстардың қонғаны жайлы сарғыш тартқан көне парақтар күмбір-күмбір сыр шертеді.
Мысалы, «Ұлы дала тарихы» атты кітапта бұл жөнінде сараң болса да қолмен қойғандай нақты баяндалады. Біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасыр және біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырларда кең-байтақ далада өмір кешкен ғұн тайпалары осы кезеңдерде Арал теңізі аймағында пайда болады.
Осыған байланысты көптеген тарихшылардың ортақ ой-пікірі ғұндардың ата-тегі түркілер екендігін пайымдайды. Ал біздің дәуіріміздің ІХ-ХІ ғасырларында байтақ даланы бауырына басқан оғыз мемлекетінің жауынгерлері Сырдарияның төменгі жағы мен Арал маңайын жаулап алады. Осы жерлерде оғыз көсемдерінің резиденциясы болғаны, оның ескі Гузия деп аталғаны және астанасы болғандығы айтылады. Сірә, Қазалы ауданындағы Жанкент қаласын оғыздардың қоныс етіп жайлағаны осы кезең болса керек. Алайда кейін жыландар патшалығы болып бір аңыздарда Жанкент қаласы өмір сүруін тоқтапты-мыс дейді.
Қалай болғанда да сол дәуірде салтанат құрған оғыздардың Жанкент қаласының тарихын қазіргі таңда археолог ғалымдар аса қызығушылықпен зерттеу үстінде көрінеді. Ертеде бұл қоныс Женд  деп те аталған көрінеді. Сірә, бұл Арал теңізінің суы сол жерге дейін сол бір дәуірде жетуіне орай оғыздар қаласының ескі аты Женд теңізінің (Арал теңізінің) атын иеленген болар деп ойлаймыз. Біздің бұл пікірімізді тарихи оқулықтар да, тарихшы ғалымдар да жоққа шығармайды.
Жоғарыдағы оғыздар мемлекеті ХІ ғасырдың ортасына таман қыпшақ тайпаларының соққысынан кейін өмір сүруін тоқтатып, тұс-тұсқа бытырай қашуға мәжбүр болады. Сөйтіп оғыз тайпалары осы күнгі Сырдария, Арал, Каспий қазақтарының этникалық тарихында із қалдырғанын байқауға болады.
Шыңғыс хан әскерлерінің жортуылынан кейін тарих сахнасына ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басында қазақ даласындағы Арал теңізінің солтүстігінде Ноғай ордасы пайда болады. Бұл феодалдық бірлестік болатын. Оның құрамында қазақтың басқа да ру-тайпаларымен бірге Кіші жүздің Алшын тайпасы болғанын тарихи жазбалар айғақтайды. Кейбір деректерде Алшын тайпасынан тараған Әлім, Шекті, (Жаманақ) руларының Ноғай ордасы, оның алдындағы Алтын Орда қағанаты құрамында болғаны баяндалады. Демек, осының баршасы Солтүстік Арал теңізі жағасында болған тарихи мезеттер, аңызға бергісіз айтулы оқиғалар. Ендеше, біз туып-өскен, ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп жатқан ата қонысымыздың өткен тарихын білсек, жас буынның бойларына сіңірсек, мұратымызға жеткеніміз емес пе!
Иә, кешегі өткен ХХ ғасыр мен бүгінгі ХХІ ғасырдың тоғысында тіршілік кешіп жүрген біздің ұрпақтан көп заман бұрын Арал теңізі жағалауын кімдер жайламаған десеңші. Егер дана тарихтың абыз тілін сайратар болсақ, біраз мағлұматқа кенелер едік.
Осыдан мыңдаған жылдар бұрын, тіпті біздің дәуірімізге дейін де Арал теңізін зерттеушілер, әртүрлі ағымдағы дін таратушылар әлемнің тұс-тұсынан ағылып кеп, бұл аймаққа құмырсқаның илеуіндей қаптап, жапа-тармағай артына біраз еңбектер қалдырып кеткенін енді оқып, енді біліп жатырмыз. Алайда қатпар-қатпар уақыт тереңінен сүзіп алған бұл еңбектер бізге бұрмаланбай тарихи шындыққа сәйкес жетті ме? Міне, гәп осында.
Әріге бармай-ақ осы арада бір мысал айтайын. Төбесін ақ қар, көк шыны мұздақ мәңгілік көмкерген әйгілі Тянь-Шань тауларынан ең кемі ондаған, жүздеген үлкенді-кішілі бұлақтар, жылғалар  бастау алады. Бірақ, соның бәрі жолындағы құла түзді, құмды-шөлейтті құрғақ жерлерді басып өтіп, алыстағы Арал теңізіне арқырап, жарқырап жете алады ма, жоқ. Себебі, жол-жөнекей әлгі бұлақтар мен жылғалар талай бөгесінге тап болып, не құмға сіңіп кетеді, не кеуіп қалады. Діттеген жерге ілуде біреуі ғана баяғы қалпынан көп өзгеріске ұшырап барып жетеді. Бұл ата-бабаларымыздың өткен өмірі, тіршілік тынысы туралы бізге жеткен аңыз-әңгімелер сияқты. Ол оқиғаның болған мерзімі, уақыты да белгісіз. Кәрі құлақтардың аңыз-әңгіме тиегін ағытқанда «баяғыда...» деп бастайтыны да содан болар.
Арал тарихы тым әріде. Кім білсін, адамзат баласының ұрпағымен бірге жасап келе жатқан да болар. Әйтеуір, «Арал-анам» деп алыста жүргендер айналып, толғанады. Ендеше, сол теңіз анамыздың арнасы сарқылмай, табаны тартылмай біздермен, бізден кейінгі талай толқын ұрпақтарымен мәңгілік жасай бергей.
Арал теңізінің тарихы және географиялық орны
Арал ауданының географиялық жағдайы Арал теңізімен тікелей байланысты. 1950 жылғы мәлімет бойынша Аралдың ұзындығы 426, ені 284 шақырым, ең терең жері 68 метр болған. Теңіздің 96 пайызын су, ал 4 пайызын құрғақ жер құраған. Суы ащы болғандықтан, теңіз деп атаған. Көлемі 1092 текше шақырым, теңізде 200-ге тарта аралдар болған. Үлкендері «Көкарал», «Барсакелмес», «Қасқақұлан», «Көзжетпес», «Ұялы», «Кентөбе», «Возрождение», тағы басқа аралдар.
Сыр бойының інжу-маржан тектес тарихын айтар болсақ, алдымен ауызға Арал ілігеді. Өйткені, Орта Азия, Қазақстан, Арал теңізі, Әму мен Сырдария жайлы алғашқы мәліметтер араб, грек, моңғол мен жоңғар шапқыншыларының жорықтары барысында жиналған. Алғашқы жинақталған деректердің шындыққа жанаспайтын жаңсақ жақтары көп болған.
Біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырларда парсы патшасы І Дарийдің атынан құрастырылған Бехистун жазбаларында Арал, Каспий теңіздері мен өзендері жайында мәліметтер болған. Ал Александр Македонский сақтар елін басып алған кезде Сырдарияны Дон деп ойлаған. Бірде Яксарт, бірде Танаид деп атаған. Оның да Арал теңізі мен Орта Азия туралы жаңсақ, яғни қарама-қайшы пікірлері болған. Птолемейдің картасында Әмудария мен Сырдария Каспий теңізіне құяды деп белгіленген, сондықтан Каспийден Индияға дейін үздіксіз су жолы бар деген пікір айтылған. Бұл қате пікірді Ресей патшасы І Петр кезінде анықтаған.
Жер бетіне көрік берген Арал тарихта өте ерте кезден белгілі болған. Суының тазалығы жөнінде Эгей теңізімен пара-пар болған дейді.
Ерте заманда Үргеніш ханы, әрі ғалымы Әбілғазының жазбасында (1630 ж.) Арал теңізі деп аталуы Әмударияның құяр сағасын мекендеген елге байланысты деген дерек бар. Ал араб зерттеушілерінің «Үлкен сызба» кітабында Ховарезм (Хиуа) болмаса Сырдарияның құйылысындағы Жанкент қаласының аталуымен Женд деп аталған. Бір кездерде ол Көк теңіз, сақтар теңізі, оның жағалауын мекендеген тайпаның атымен Кердері теңізі деп те аталған.
Арал теңізі жайлы деректер Мәскеу мемлекетінің картасында (1627 ж.)  Көк теңіз деген атпен берілген.
Әму мен Сыр және Арал тарихы жер жүзі ғылымынан үлкен орын алған. В.Бартольдтан басталатын зерттеуді С.П.Толстов сияқты ғалымдар жалғастырды. Тұранның төрінде жатқан Арал, Әму, Сыр тарихы жөнінде ғылым, ертегі, аңыз, эпостар әртүрлі мағлұматтар береді. Оның бәрі жай ғана айтылған емес.
Археологтар Арал төңірегінен табылған тас дәуірінің ескерткіштері екі замандық уақытқа-неолит пен энеолитке жатады деген тұжырымдар айтады.
Біздің заманымызға дейінгі VІІІ-ІХ ғасырларда Сыр бойы мен Арал өңірінде ғана емес, қазақтың сайын даласының бар аймағында тарихтың атасы Геродот скиф, грек географы Страбон «сақ»  деп атаған тайпалар өмір сүрді. Арал теңізі маңында, оның оңтүстік-шығыс бөлігінде және Сырдарияның оң жағында парадарайа сақтары өмір сүрген. Ежелгі грек жылнамашылары сақ тайпаларының осы бөлігін массагеттер немесе яксарттар деп атаған.
«Ер Төстіктің аты Шалқұйрық Арал түбінен алтын қазанды алып шықты» деген болжамды профессор Ә.Қоңыратбаев жазып кеткен. Сондай-ақ «Арал теңізі Нұх пайғамбардың заманында топан су қаптағанынан қалған...»  деген тарихи болжамдар да болғаны бұрыннан белгілі болып отыр.
Бәлкім, жүз мың,
Мүмкін миллион жыл бұрын,
(Болжай алмас бұл тарихтың ешкім нақты шындығын).
Жатыр мұнда өткен бағзы замандардың сан ізі,
Оған куә оғыздар мен абыздардың аңызы.
...Ертеректе Арал теңізі болмаған. Сырдария мен Әмудария қосылып, Лаузан, Көне Үргеніштегі Аубугир арқылы Астрахань (Каспий) теңізіне құйған.
Бұл да ескі тарихи негізі аңызбен астасқан көне қолжазбаларда бар жәдігер. Бәлкім, Аралдың мұнан басқа да көне тарихи жазбалары болашақта табылып қалар.
Жалпы, адам баласы жарық дүниеге келіп, жұмыр жерді алшаңдап басқалы Арал теңізі алты құрлық, төрт мұхитқа түгел мәлім деседі. Әрине, ол ертедегі араб, грек, еуропа жиһанкездері жолжазбаларының  арқасында он сегіз мың ғаламға аян болғанын баян етсе керек.
Арал теңізі туралы аңыздардың бір парасында бұл бағзы замандағы Варахш теңізі екендігі айтылады. Күндердің бір күнінде алапат су айдыны Каспий теңізіне ғайыптың күшімен аударылып кеткендігі, ал келесі аңызда Арал ауданының Сапақ темір жол бекетіне таяу «Ақжұлпас» деген жерге дейін теңіз суы болғандығы баяндалады. Міне, осы «Ақжұлпасты» бір заманда қоныс еткен әйгілі Асан Қайғының баласы Абат батырды ат суарып тұрғанда кемедей нән жайын арандай аузын ашып жұтып қойған деседі-мыс. Сонда жағада қайырлаған жайынның ішін жарған адамдар Абат батырды ат үстінде ақ найзасын тік ұстаған қалпында көріпті...
Десек те келесі деректер біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырларда өмір кешкен І Дарий патшаның атынан құрастырылған «Бехистун» жазбаларында сирек те болса кездеседі екен. Тіпті, ескі замандардан «Ескендір Зұлқарнайын» атымен елге мәлім болған Александр Македонский, Шыңғыс хан әскерлерінің жортуылдары Арал жағалауында Батыстан Шығысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке айқыш-ұйқыш өткен көрінеді.
Кейбір деректерде Каспий мен Арал теңіздерінің мұхиттан бөлініп қалған атыраулары, онан әрідегі Нұх пайғамбарымыздың дәуірінен бергі жағалауы жасыл майса, арнасы ақ көбік толқын атқан ғаламат айдын болғанын мағұлым етеді.
Адамзат баласы жаратылғалы тұмса Тұран ойпатында пайда болған Арал теңізі туралы нақты деректерге негізделген мұнан басқа да мыңжылдық әңгімелер аз емес. Соның мыңнан бір мысалы бізге былай деседі: Осы күнгі Арал ауданының солтүстік-батысындағы Ақеспе елді мекені маңайынан антрополог ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізу кезінде қалың құм қабатынан киттің омыртқа және акуланың жақ сүйектерін тапқандығы туралы тарихи деректер де жоқ емес. Осыған қарағанда ертеде ежелгі Арал теңізі көк мұхиттармен жалғасып жатқанын байқауға болады. Тіпті, тағы бір деректерде Каспий мен Арал теңізінің де құлақ естіп, көз көрмеген замандарда жер шарының осынау қойнауында талай өзендерді қосыла тел емген кезеңдері де болғанын баяндайды.
Айтпақшы, жоғарыда біз әңгімеге арқау еткен Варахш теңізінің табиғат тосын мінез танытқанда Арал айдынына ат басын бұрып, қосылып кеткенін баян еттік емес пе? Осының салдарынан жағалай қоныстанған қырық қала тасқын судың  табанында қалады. Арнасынан асып аққан су аттылы адамға жеткізбейді деген емес пе. Бұл дерек ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Әбілғазы ханның атақты «Түрік шежіресі» кітабында тайға таңба басқандай айтылады. Онда автор Аралдың бұрынғы табанында даххания (адай)  елі тұрғанын, олардың да қаласы топан суға кеткенін, желсіз тынық күнде су астындағы қырық қаланың бұлдырап көрініп жататынын жазады. Осы оқиға академик В.Бартольдтың, профессор Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми еңбектерінде айна-қатесіз баяндалады. Академик С.Толстов теңіз астындағы қырық қаланы ұшақпен үстінен 1949 жылы ұшып өткенде көргенін тәптіштеп қағаз бетіне түсіріпті.
Талай тарихи кезеңді басынан кешкен айдынды Арал теңізінде балық аулау, бұл өңірде өндірісті дамыту кешегі кеңестік кезеңнен бастап жүзеге асырылған. Өткен ғасырдың он тоғызыншы, жиырмасыншы жылдарындағы Ақтөбе майданында жеңіліс тауып, азып-тозып  Аралға қарай шегінген ақтар тап осы жерде жергілікті қызыл жасақтар тарапынан қатты қарсылыққа кезігеді. Алтықұдық темір жол бекетінің маңайында болған сол бір шайқастан қалған тарихи деректерді Арал қаласындағы жергілікті тарихи өлкетану мұражайындағы әсем безендірілген экспонаттардан көруге болады. Мұның тағы бір тарихи дерегін Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы «Ымыртта» кітабы және Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» тарихи эпопеясы баян  етеді. Осы аталған әдеби шығармаларда суреттелған Аралдың өткен тарихын жас ұрпақ жадында жаңғыртсақ артық бола ма? Тек мұны үйлестіріп, құнттап қолға алатын тиісті сала басшыларының көзі қарақты, көңілі жүйрік болса қанекей.
Аралдың арғы-бергі тарихын таразыға салып, тарысын талқанынан тазартқанда үлкенді-кішілі ешбір оқиға, тарихи адамдар тағдыры шет қалмауы тиіс. Өйткені, халқымыздың өткені, оның әрбір сәті біз үшін аса қымбат. Осы жерде тарихы Арал өңірімен тығыз байланысты 1710 жылғы Қарақұм құрылтайын, Лениннің Арал балықшыларына хаты тұрған мәрмәр тақта, бұрынғы кеме жөндеу зауыты аумағындағы станокты, темір жол вокзалы, су мұнаралары, балықшылар мұражайының ғимараты, ескі кемелер, Алтықұдық маңындағы ақтар мен қызылдардың  шайқасын, кәмпеске, қуғын-сүргін, колхоздастыру, Ұлы Отан соғысы, тағы басқа кезеңдер ұрпақ санасында сақталса артық болмас еді. Осы сияқты тарихи орындар, жер-су атаулары аз емес. Олардың әрқайсысына тіл бітсе, осы өңірдің өткенін аңыз-жыр іспетті ақтарар еді.
Тарих түпсіз, тұңғиық мұхит тәрізді. Оны тереңіне сүңгіп зерттеп, түбіндегі маржандарын ұрпақ қажетіне жарата білу – аса ұқыптылықты, табандылықты, білгірлікті талап етеді. Сондай-ақ, көздің қарашығындай сақтау аса қажет-ақ. Бұл сөзімізге көп дәлел керек емес. Мысалы, Аққұлақ елді мекенінің іргесінде бой көтергеніне бір жарым ғасырға таяу уақыт болған Бекетай Қатпаұлының күмбезді кесенесі құлау қаупінде тұр. Осыған облыстық, аудандық билік тарапынан көңіл бөлініп, реставрация жасалса, бұл өткенімізге деген құрметіміз болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әлгінде ғана тілге тиек еткеніміздей, туған жер тарихын жас ұрпақ біліп өссе, олардың елге, жерге, Отанға деген перзенттік сезімі оянып, ұлтжанды, елжанды болып ержетер еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ
07 қыркүйек 2021 ж. 6 501 0