Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қандай мамандық сұранысқа ие?

Қандай мамандық сұранысқа ие?

Қазір мектеп түлектері ҰБТ сынағын тапсырды. Енді оқу орны мен мамандық таңдау қызу талқыға түсері анық. Біздің бүгінгі әңгімеміз мамандық таңдауды ойланып жүрген түлектерге ғана емес, жұмысы бола тұра басқа салаға көз тігіп жүрген жандарға қатысты. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек, бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.
Профессия – латын сөзінен шыққан, «profession» — анықталған іс, мамандық дегенді білдіреді. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау, яғни өз қабілетің мен бейімділігіңе сай кәсіп түрін таңдау деген сөз. Бұл ретте өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы, адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген ынтасы арта түсетіні белгілі.
Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан әрбір жас сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуы үшін  өз мамандығын дұрыс таңдап, өмірден өз орындарын дұрыс таба білуі керек. Мамандық таңдау мектеп бітіруші түлектердің басты мәселесі.
Әлемдегі пандемияның еліміздің еңбек нарығына айтарлықтай  әсері болды. Қашықтан жұмыс және цифрландыру жаңа мамандықтың пайда болуына әкелді. Енді осы жылы елімізде сұранысқа ие мамандыққа тоқталсақ. Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл Қазақстанның еңбек нарығында бағдарламашылар, логистер мен сәулетшілер және бағдарламалық баптауларды жөндеумен айналысатын "классикалық" бағдарламашылардан басқа, веб-дизайнер мамандығы сұранысқа ие және танымал болмақ.
Қазір бизнесте бәсекелестік өте жоғары сипатта. Сол себепті бизнеске қойылатын талап та жоғары. Бүгінде жер шарындағы қала тұрғындарының саны айтарлықтай артуына байланысты алдағы уақытта сұранысқа ие мамандық сәулет және урбанистика саласының мамандары болмақ. Қазірдің өзінде мегаполистер мен ірі қалалар тұрғындарының саны өсуі себепті  тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Соған сай сәулетшілердің де жұмысына сұраныстың жоғары болары анық. Сондай-ақ айта кетерлігі, биыл ең көп оқу гранттары бөлінетін бағыттар – педагогика, ІТ және техникалық білім салалары болатын көрінеді. Түсінгеніміз, енді мамандарға өз саласын жақсы игеру аздық етеді, бұдан былай олардың жан-жақтылық қабілеттері де сарапқа салынатын сыңайлы.
Ж.Аймауытов: "Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе" дегендей, жас буынның алға ұмтылып армандарына жетіп, мамандық иесі болуына тілектеспіз. Өз ісін, кәсібін шексіз сүйетін адамнан түбінде жақсы маман шығады. Жоғарыда атап өткен салаларда сізге де өз күшіңізді байқап көрер кез келгендей. Сондықтан болашақ мамандық иелері болу жастардың өз қолында екені даусыз.

К. МАХСҰТ 
16 шілде 2022 ж. 606 0