Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтың айласынан опық жеме...

Алаяқтың айласынан опық жеме...

Бүгінгі қоғамда айла-шарғысы арқылы «оңай олжаға» құныққан алаяқтық көбейген. Беймезгіл уақытта кез келген алаяқ жазықсыз жанның телефонына түрлі себептер тауып қоңырау шалу, әлеуметтік желі арқылы бопсалауды, ақша сұрауды және жекелеген азаматтың атынан онлайн түрде несие рәсімдеудің жиілегені жұртшылықтың алаңдауына себеп болуда.
Шынымен де  алаяқтың арбауына түсіп, қиын жағдайға тап болған жандар қаншама?! Бүгінгі жаһандану заманында интернет  пен цифрлы технологияның қарыштап дамуы қылмыс түрлерінің көбеюіне әкелуде. ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бойынша алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденген адамның мүлкі тәркіленеді. Сонымен бірге бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылып не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады екен.  Осындай қылмысқа барған қаншама адам жазасын өтесе де, олардың саны азаймай тұрғаны көпшілікті алаңдатады.
Қазірде әлеуметтік желі арқылы сауда-саттықпен айналысуға мүмкіндік бар. Сөйтіп тапсырыс беріп, қанша мыңдаған тауарды алдыратын көпшілік интернет алаяқтығына кезігуде. Сапасыз тауарды сату арқылы тұтынушының сеніміне кіру, сатып алынған тауарды уақытылы жеткізбеу тәрізді жайттар жиі кездеседі. Осылайша жаппай тауарды сатып ала бастаған көптің ақшасын жымқырып, өздері жайлы деректі жойып жіберіп, тұтынушымен байланысты үзеді. Сөйтіп бар қаржысынан айырылған тұтынушы орасан зор зардап шегетіні шындық.
Жақында әлеуметтік желіден қазақстандықтардың көлік алаяқтарына  алданып қалғанын білдік. Олар АҚШ-тан келген қымбат автомобильдердің алғашқы жарнасы ретінде алаяқтарға 5-20 млн теңге аралығында қаражат аударған. Алаяқтарға алданып, сан соғып қалған қазақстандықтардың айтуынша, олар танымал автокөлік сайтынан шетелдік көліктерді сату туралы жарнамаларға кезіккен. Азаматтар ондағы автомобильдердің бағасы нарықтан төмен екенін көріп, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауды ойлаған. Алданғандардың арасында Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Павлодар қалаларының тұрғындары бар екен. Жәбірленушілер алаяқ ұйымның басшысы мен қызметкерлері Ресей азаматтары, тек біреуі ғана қазақстандық екенін анықтапты.
Осы тұрғыда ауданда алаяқтық қылмыс туралы биылғы жылғы аудандық полиция бөлімінің берген дерегіне сүйенсек, ауданда алаяқтық қылмыстың тіркелуі 8-ден 8-ге тең күйде болып тұр. Тіркелген 8 алаяқтық қылмысының 7-еуі интернет алаяқтық, 1-еуі «жұмысқа тұрғызып беремін» деген желеумен жасалған алаяқтық қылмыстары екен. Алаяқтық қылмысының басым көпшілігі интернет желісі арқылы орын алған. Интернет алаяқтары уақыт өткен сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып отырғандықтан, мұндай қылмыстың нақты түрлерін айқындауда қиындықтар туындауда екен. Алаяқтық қылмыстарының алдын алу бағытында бөлімнің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары және криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілдерімен бірге «Алаяқтан сақтан» атты іс-шарасы өткізіліп, шара барысында халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде қаншама адамның жеке мәліметіне қол жеткізе алатын компьютерлік бағдарлама жетерлік. Сонымен бірге алаяқтыққа баратындар нысанаға алған адамын әбден зерттеп, бар деректі қандай жолмен болса да біліп алады. Ұтыс ойындар мен бәс саудаларға бейімдеу жекелеген адамның сеніміне кіріп, жеке дерегін ерікті түрді енгізеді екен. Ақыр соңында алдауға түсіп қалған жұртшылық бар қаражатынан айырылады.
Өз мақсатына жетуді көздеген алаяқтың түрлі айла-шарғыны пайдаланып, адамды қорқыту, бопсалауы көптеп кездеседі. Көпшілігінде алаяқтық фактісі телефон арқылы хабарласып, қаражат талап ету бойынша тіркеледі. Жақында бір танысым:
– Бір күні үй телефоныма "мама, менің қалтама біреу есірткі салып жіберіпті. Мен полицияда отырмын. Тездетіп мына есепшотқа ақша салып жіберіңізші" деп хабарласты. Баламның дауысын да танимын әрі осындай оқиғаларды естігенім бар еді. Сондықтан "қой, қайдағыны айтпа" деп телефонды қоя салдым. Шыдай алмай дереу балама хабарластым. Балам: "мен жұмыстамын, ешқандай уайымдамаңыз" деді. Біразға дейін өз-өзіме келе алмадым. Мұндай сорақылық та болады екен-ау, – деп қынжыла айтты.
Осындай шындыққа жанаспайтын түрлі оқиғаны құрастырып алып, үрейге берілген кісіден қомақты қаржы сұрау жиілеген. Мұндай уақытта дер кезінде құзырлы органға хабарласу керек.
Түйін. Қандай жағдай болмасын алаяқтар жеке мәлімет сұраған кезде өзіңіз тұтынатын банктің сенім телефонына хабарласып, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізген абзал. Қай кезде де құқық қорғау органдары күдікті қоңырау шалу мен хабарлама келіп түскенде банктің көмегіне жүгіну керектігін айтады. Міне, интернет алаяқтығы белең алған шақта әрбір адам жеке мәліметін қатаң сақтау маңызды. Өз қырағылығыңыз ғана мына заманда алаяқтар құрығына түспеуге мүмкіндік беретінін есте сақтаңыз.

К. МАХСҰТ 
16 шілде 2022 ж. 512 0