Құрақ құрап, тігін тіккен Даража

–Бұл кәсіпке келгенге дейін түрлі жұмыстарды істеп жүрдім. Тіпті үйлерді ремонттап, дизайндар жасадым. Бірақ өзім бала кезден тігін тіккенді жақсы көрдім. Алғашында үйде тұрмысқа қажетті дүниелерді келтіріп тіге беретінмін. Содан кейін әлеуметтік желілерден видео сабақтарды қарап жүріп, құрақ көрпе тігуге ой келді. Міне, қазір құрақ көрпе тігіп жүргеніме 3 жылдан асты. Осы ісімді әрі қарай жетілдіру мақсатында қалаларға барып ақылы курстар оқыдым. Тапсырыс алып, қыздың жасауларын, қонаққа жаятын арнайы көрпелер жасаймын. Күндізгі күйбең тіршілік қамынан соң кешкілік уақыттары қолыма ине мен жіп алып, ойыма түскен түрлі фантазиялар арқылы көрпелер тігемін. Иә, құрақ жасау үлкен шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Себебі бұл жерде түстердің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды болып табылады. Сондай-ақ матаның да қалай қиылғандығына ерекше назар аудару қажет. Ендігі мақсатым – тігін тігумен айналысуға арнайы шағын ғимарат алып, қасыма көмекші қыздар алсам ба деймін. Себебі кейде тапсырыстың көптігінен жалғыз өзім үлгере алмай қалып жатамын. Өзім көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегерімін. Аудандағы кәсіпкерлер палатасымен кеңесе отырып, «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Содан қайтарымсыз грант ұтып, тігін тігуге арналған түрлі машиналар мен құралдар алдым. Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын осындай жобалардың болғанына ризамын,–деді.
Көз майын тауысып, қара нардай қайратын арнап тігін тігумен айналысып келе жатқан Даража Бижанова бүгінде осы кәсібінің несібесін көріп келеді. Иә, тәуелсіз елімізде кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, қолдайтын жобалардың бары қалың бұқараны да қуантпай қоймайды.
А. НҰРЛАНОВА