Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адыраспан – емдік шөп

Адыраспан – емдік шөп

Қазақ халқы адыраспанның адамға пайдасын ықылым заманнан білген. Елімізде алты мыңға жуық өсімдіктің түрін кездестіруге болады. Сол өсімдіктердің ішінде 500-дейінен дәрілік зат алынатын көрінеді. Соның бірі – адыраспан.
 Адыраспан – Шығыс халқы кие тұтатын көпжылдық өсімдік. Ол Орталық Азияда, Ресейдің Еуропа бөлігінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік Еуропада, Солтүтік Африкада, Таяу Шығыс пен Моңғолияда, Қытайда өседі. Биология ғылымдарының кандидаты, палинолог С.Нығметова бұл шөп осыдан 2 мың жыл бұрын халық арасында кеңінен қолданыста болғанын айтады. Бұл өсімдік тер шығару мен несеп айдау кезінде, сонымен бірге қабынуға қарсы қабілетін пайдаланып, ертеде бала көтермеген әйелдерді де емдеген. Адыраспанның тұнбасымен малярия, мерез ауруларын емдеп, ірі қара малдарын қотырдан құтқарған. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластыратын ем-шараларда әлі күнге дейін қолданылып келеді. Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» Сырда өсетін өсімдіктер қасиеті ерекше аталады. Олардың қатарында адыраспан да бар. Ирак халқы оны «Уарау Аспанд» деп атайды екен. Бұл «барлық ауруға ем» деген ұғымды меңзейді.
Бүгінде медицинада пайдаланатын дәрі-дәрмектердің 40 проценті өсімдіктен жасалады. Құрамында адыраспан қоспасы бар дәрілер қабыну, бас ауру, зәр айдауды жақсарту, іш ауруын алғашқы кезеңінде, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесі жұмысын реттеп, жазуға пайдаланады. Аталған шөптің емдік қасиеттері бұдан да көп. Ескертіп айта кетерлігі, адыраспан улы болғандықтан, пайдалану мөлшерін сақтап, абайлап қолданған жөн. Әдетте емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады. Ол кезде оның тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіп, енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей, көлдей орамалға түйеді. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қояды. Осылайша ол екі жыл сақталады. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады.
Ертеректе адамдар адыраспанды тұрмыста бояу ретінде де қолданған. Мысалы, шөптің тұқымымен жүннен тоқылған бұйымдардың түрін қызыл түске бояп, тіпті заттың күн нұрына өңін бермейтін амалын тапқан. Сондай-ақ  халқымызда шөп тұқымымен қой, түйе жүнін бояған. Бұл өсімдіктің ерітіндісінің ауыл шаруашы­лығында зиянкестерімен күресте де орны айрықша. Ол өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайтын көрінеді. Оның түтінімен жұқпалы сырқаты бар адамдардың бөлмесін ыстап қойса, микробтарды жоятын қасиетін сезесіз.
Сондай-ақ ертеден қалыптасқан қағида бойынша адыраспанды тек ер адамның ғана үзуіне рұқсат етілген әрі сол адамның жан-тәні таза, дәреті бар екеніне үлкен мән берілген. Сосын  міндетті түрде Аллаһқа құлшылық етіп: «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан», – деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген. Бұл жердегі Омар мен Оспан – пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаһауи-с-саламның әйгілі сахаба­ларының есімі.
Ғалымдардың зерттеуінше, адыраспанның құрамында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күреседі дейді. Сондай-ақ ол сал ауруы мен Паркинсонді емдеуде қолданылады. С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері Э.Капсалямова адыраспанның емдік қасиеттері ғылыми түрде дәлелденгенін айтады. Бұл шөпті қазақ киелі өсімдік деп санайды. Сондықтан халық арасында оны "бәле-жаладан сақтайды" деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге, кереге басына іліп қояды. Егер үйдегі жас сәбиге біреудің сұқтанғанын көңілге алып қалсаңыз, кейде көңіліңіз құлазып, ештеңеге зауқыңыз соқпаса, кез келген уақытта дереу адыраспан түтетіп жіберіңіз.
Қазақстанның дәрілік өсімдіктері – еліміздің ұлттық байлығы. Академик Н.И.Вавилов «Өсімдіктер әлемі неткен бай еді, бірақ біз оны тым аз пайдаланымыз-ау!» деген екен. Оны тиімді пайдалануға өсіп-өндіру мен қорғауға ғалымдар ған емес, бүкіл халық атсалысуы керек. Біздің жеріміздегі өсімдіктердің қай-қайсы да шипалық қасиетке бай. Алайда олардың ішінде улы өсімдіктерді дәрі-дәрмек ретінде пайдаланғанда аса сақтық, білімділік, тәжірибе қажет-ақ.

К. МАХСҰТ 
23 шілде 2022 ж. 1 044 0