Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтың құрбаны болмау үшін нені білу керек?

Алаяқтың құрбаны болмау үшін нені білу керек?

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай алаяқтың арбауына түспес үшін нені білу керек екенін айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздің 90 пайыз тұрғындары интернетті пайдаланады. Интернетсіз күнін өткізе алмайды. Сондықтан желіге кіргенде есте сақтау керек қағидаттар бар. Банк қызметкерлерінің немесе құқық қорғау органдарының телефон арқылы жасалатын несие толтыру туралы, мүлікті сату мен қаражатты қауіпсіз шотқа аудару немесе қарыз толтыру туралы нұсқауларына еш уақытта құлақ аспаған жөн. Құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операция жасамайды, - деді ол.

Жандос Сүйінбай ешкімге жеке мәліметтерді, пластик картадағы реквизиттерді, ақша аударымы туралы түбіртекті немесе кодты айтуға болмайтынын баса айтты.

Бейтаныс адамға, тексерілмеген сайтқа, басқа күмәнді көздерге жеке мәліметтерді сеніп беруге болмайды. Нақты көз жеткізіп, тексермейінше ақша аударымы жасалмауы тиіс. Төлем тауар алынған соң жасалуы керек. Қосымшаларды App Store, Play Market сияқты ресми көздерден ғана жүктеу керек. Спам сілтемелерден сақтанған жөн. Алаяқтар көбіне төлем жасау үшін фишинг сілтемелер арқылы өтуді талап етеді, - деді маман.

Ол сондай-ақ лицензиясы бар антивирус бағдарламаларын орнату және логин мен парольді күрделі етудің маңызын айтты. Алаяқтардан сақтану үшін интернеттегі өзі туралы ақпаратты шектеуді ұсынды. Ата-аналарға балаларын бақылау бағдарламасын орнатуға кеңес берді.
01 тамыз 2022 ж. 407 0