Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажар Ғиният: Коронавирус індеті жеңіл түрде өтіп жатыр

Ажар Ғиният: Коронавирус індеті жеңіл түрде өтіп жатыр

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус індеті жеңіл түрде өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүкіл әлемдегі сияқты, омикрон ВА.5 штамынан болған COVID-19-дың кезекті толқыны биылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70 пайызында анықталды», – деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, коронавирустың қазіргі штамы (Омикрон ВА.5) жоғары жұқпалығымен сипатталады және дельта нұсқасымен салыстырғанда әлдеқайда ауру жеңіл өтеді. Бұл өз кезегінде науқастардың 94 пайыздан астамы амбулаториялық жағдайда емделетіндігімен де расталып отыр.

«Стационарлық ем қабылдайтын пациенттерге қатысты талдау жүргізу кезінде 36 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар, 64 пайызы ересектер екені, ал ауырған адамдардың 52 пайызында қосалқы созылмалы аурулары бар екені анықталды», – деді Ажар Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, былтырмен салыстырғанда КВИ-ге қатысты жедел медициналық көмекті шақырту саны 3,7 есе азайған. Бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын айқындайды. Бұдан бұрын хабарланғандай, министр қыркүйек айында коронавирустың таралуы төмендеуі мүмкін екенін айтты.

kyzylorda-news.kz
02 тамыз 2022 ж. 390 0