Денсаулық сақтау министрі: Қазақстанда әзір карантиндік шектеулер енгізілмейді
Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты әзір карантиндік шектеулер енгізілмейді. Бұл туралы Үкімет қабырғасында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Бірақ мамандар адамдар көп шоғырланатын сауда үйлері, әуежайлар мен вокзалдар секілді орындарда бетперде киюге кеңес беріп отыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында вирус жұқтырғандардың тек 5 пайызы шетелден келгендер. Сондықтан әзір шекарадан кіретіндерге ПТР-тест тапсыру міндеттелген жоқ.
Ведомство басшысы "қазір елде ұжымдық иммунитет қалыптасты" деп отыр. Жағдай күнделікті бақылауда. Еске сала кетейік, вирус жұқтыру бойынша кеше Алматы қаласы "сары" аймаққа өтті. Қазақстан "жасыл" аймақта. Өткен тәулікте елімізде 187 адам вирус жұқтырды. Оның 112-сі Алматы қаласында, 37-сі елордада тіркелген.
“Ауырған адамдардың 80 пайызы вакцинация алмаған. Немесе ревакцинация уақыт өтіп кеткен. Аурулардың көпшілігі өте жеңіл түрінде ауырып жатыр. Бүгінгі таңда бүкіл республика бойынша 220 пациент ауруханада жатыр. 11-нің жағдайы қатаң. Бірақ өкпе жетілдіру аппаратында жатқан пациенттер жоқ”, – дейді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.