Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Деподағы дамылсыз тірлік

Деподағы дамылсыз тірлік

Тамыз басталса теміржолшылардың төл мерекесі келетінін білетінбіз. Нақтылау үшін Сексеуіл кентіндегі Сексеуіл пайдалану локомотив депосы бастығының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Аяғановқа хабарластық. Бұл сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тамыз айының бірінші жексенбісіне келгендіктен мереке 6 тамызға белгіленген екен. Ендеше не тұрыс. Жұмысымыз әр саладағы өркенді істер мен нәтижелі жұмыстарды көрсету болғандықтан бұл жолғы бағытымыз Тербенбес тауы болды.

Әдетте халық ішінде «тоғыз жолдың торабы» деген тіркес сақталып қалған ғой. Қатынастың қай түріне болмасын мүмкіндік жасалған мұндай өңірлерде дамудың жаңаша бір деңгейі қалыптасқан. Тамыр жайған саламен өзектес болғандықтан бұл жақтағы негізгі тіршілікті темір жолмен байланыстырмау мүмкін емес. Жасы мен жасамысынан сыр суыртпақтасаңыз өзінің немесе тегінің темір жолмен байланысы барын білесіз. Сондықтан да болар, кейде мұндағыларды «теміржолшылар елі» деп жатады.
Хош... 12 мыңдай тұрғыны бар тіректі елді мекенге де келдік. Тоқ ішекше созылған темір жолдың қос тіні тізбектей тартылып Сексеуіл кентіне еніп кетті. Мұнда депо болғандықтан шойын жолмен жүйтки келген тепловоз біткеннің бәрі осы Сексеуілге келіп бір дамылдайды. Локомотивтердің барлығы түгелдей тексеруден өткен соң сапарды қайта жалғастырады, жарамсызы сонда қалады. Мұның барлығы біз айтпасақ та жалпақ жұртқа белгілі жайт шығар. Алайда тіршілігі қайнаған мұндағы мекемелердің ішкі жұмыс кестесіне еніп, жұмысты көзбен көру бөлек әсер қалдыратындай. Сонымен «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосына табан тіредік.
Ғимарат маңы абаттандырылып, сыртқы көрінісі жақсы үйлестірілген. Салмағы 130 тоннадан асатын темір жол патшасы іннен шыққан аюдай баяу қозғалып, ғимарат маңынан кері бұрылуда. Ғимарат ішіне енген сәтте мұндағы тіршіліктің қайнап жатқанын байқау қиын емес еді. Біздің «мұнда кім бар» деген сұраулы үнімізді естіген бір қызметкер жанымызға жақындап, мән-жайды сұрастыра жөнелді. Есімі – Жаңабай, тегі – Ниязбаев. Осы депоның автотежегіш цехының жөндеушісі болып қызмет істейді. Келген шаруамызды білген соң басшылыққа жол сілтеді. Қаз-қатар тізілген есіктер бойын жағалап, ғимарат ішімен жүріп келеміз. Депо басшысы Мұхтар Кеулімжаев іссапарда жүргендіктен, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Хангелді Төрединовпен жолығудың сәті түсті. Аз-кем сұрағымызға жауап алған соң «жақсыны көрмекке» деп мекеме ішін аралап, мұндағы жұмысты өз көзімізбен көруге оқталдық. Жанымда «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосының оқу инженері Қайрат Құлмырзаев бар. Қырықты алқымдаған азаматтың өз ісіне жетік, мекеме жұмысына қанық екені байқалып-ақ тұр. Кез келген сұрағымызға тосылмай жауап беріп, әр бөлімше бойынша жүріп жатқан жұмыстарды таныстырып келеді. Мұнда барлығы 250-дей адам қызмет атқарады екен. Әркім өз ісіне жауапты мамандар. Локомотивтердің құрылымдық ерекшеліктеріне қарай СО1-ден СО5-ке дейінгі сервистік қызметтер көрсетіледі мұнда. ТЭ33А, ТЭП33А, ТЭП33АС тепловоздарына сервистік қызметтің 5 деңгейі бойынша қызмет көрсетілсе, МК, ВК тепловоздарға 4 деңгейлі сервистік қызметтер жасалады. Осылайша мұнда айына 25-28 локомотив қайта жөндеуден өтіп, экономиканың күретамырына айналған шойын жол бетімен жүйткіп жүр.
Ғасырға жуық тарихы бар мекеменің алдымен колесо ауыстыру бөліміне бас сұқтық. Мұнда тепловоздардың доңғалақтары тексерістен өткізіледі. Салмағы жол талғамайтын автокөліктермен пара-пар болатын (3300 тонна) колесоның әрқайсысында қосымша қозғалтқышы болады. Сол арқылы тепловозға қозғалу мүмкіндігі беріледі. Ал оның дөңгелегі жүздеген тоннаны көтергендіктен кей жағдайларда жарылып немесе қатты темірдің морт сынып кететін кездері де кездеседі екен. Темір жолға тиетін беті көп жағдайда жарақат алатындықтан колесо қайта жонылып, қосымша қолданысқа беріледі. Мұндай жұмыстардың барлығы осы бөлімде атқарылып жатыр.
Мұнда жалқаулыққа жол жоқ, еріншекке орын жоқ. Еңбек майданында кездесе бермейтін көмескі тіркестер жұмысшылардың ұранына айналғалы қашан?! «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – азап» деп келетін ұранды сөздер мекеме ішіндегі әр қызметкерге күш беретіндей. Мұнда тепловоздың әр қосалқы бөлшегі маңызды рөл атқарады. Мәселен, біз «компрессор» деп атайтын ауа беретін құрылғы істен шықса, мыңдаған тонна болатын көлік қозғалысын реттеу мүмкін емес еді. Ал ондай сәттерде машинистке электрмен жұмыс істейтін тетіктер де көмекке келеді. Бұл мекемедегі ұстахана бөлімі болмаса, жер қайыстырар ауыр салмақтан майысқан сом темірлер мен білектей металдарды қайта қалпына келтіру қиын шаруа. Мұндағылардың басты ұраны – «темірді қызған кезде соғу». Жабық пеште жанған от пен қызған темірдің ыстық лебіне шыдас беру мүмкін еместей. Бірақ жұмысшылар оның барлығын қалыпты жағдайда атқарып жатыр.
Автотежегіш бөлімшесіне бас сұқтық. Тепловоздың ішкі көрінісі мен панельдік құрылғылар жайғасқан бұрышта барлық қосалқы тетіктер орналасқан. Автотежегіш цехының жөндеушісі Жаңабай Ниязбаев тежегішті іске қосатын тетіктің қозғалыста маңызды рөл атқаратынын айтты. Шұғыл жағдайларда тартылатын тетіктің артында үлкен жауапкершілік тұр. Ондай сәттердің соңында төтенше жағдай орын аламағанмен, темір жолдағы қоғалыс кестесі бұзылып жатады. Ал темір жол бойында әр минут есептеулі болғандықтан, еліміз бойынша барлық темір жол қозғалысы бұзылуы мүмкін. Мұның жауапкершілігі ауыр болатыны да сондықтан.
Тепловоз жүрегі қозғалтқыш десек, сол жүректің құрамдас бөлшектерінің өзі ерекше маңызға ие. Оған қосалқы бөлшектер орналасқан бөлімге енгенде көз жеткіздік. Адам бойындай гильзалар мен поршень, шатундар қаз-қатар тізіліп тұр. Салмағы да зіл батпан. Бір адам қозғай алмас, сірә. Мұндай қосалқы бөлшектерге бұрыннан қанық болғандықтан бір сәт алыптар әлеміне еніп кеткендей болғанымыз жасырын емес. Алайда бәрін де көзбен көргендіктен әсері де айрықша болады екен.
Осылайша бөлімшелерді аралай жүріп алып тепловоз тұрған ашық алаңқайға келдік. Жөндеуде тұрған тепловозды құдды бір қозғалатын үй дерсіз. Шұбыла тізілген вагондарды қиналмай сүйрейтін мұндай күш бұл техникаға сірә адам баласы арқылы беріліп тұрғандай. Жұмыс бір сәтке тоқтаса алып күшке ие екендігіне қарамастан локомотивтен де жан кетеді. Біз бір сәттік жұмыс кестесінен осыны аңғардық.
Иә, мұндағы қайнаған тірлік біз барда дамылдаған емес. Біз кеткен соң да тоқтамасы анық. Өйткені бұл мекемеде өмірмен өзектес істер атқарылып жатыр. Және ол бір сәтке болсын тоқтамауға тиіс. Біз мақтайтын маңызды саланың сонда ғана сәні кіріп, тынысы ашыла түспек. Айтпақшы, биыл "Қазақстан Теміржолы" мекемесінің құрылғанына 25 жыл. Бұл ширек ғасырлық белесте жолаушыға жақсы жағдай жасай білген барша теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекет үшін маңызды істеріне табыс, ел үшін жасап жатқан еселі еңбектеріне береке тілейміз.

А. БИСЕНОВ
06 тамыз 2022 ж. 535 0