Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық көше жөнделуде

Орталық көше жөнделуде

«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқалы барыс-келіс, алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Оны бәрі біледі. Өйткені қазіргі дамыған заманда қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Осыған орай барлық аймақ темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен тығыз байланыс­та болуы керек. Жол аймақтардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланысын нығайтады.
Бүгінгі таңда тек республикалық маңызды жолдар ғана емес, аудан, қалаішілік жолдарына да мән берілу қажеттігі туындап отыр. Уақыт талабына сай елдің ахуалы түзелген сайын, қалаішілік көлік қозғалысы да күрделеніп келеді. Соған байланысты бүгінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы жол құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Дәл қазіргі уақытта көлік қозғалысының ең күрделі тұсы, қаланы қақ жарып өтетін темір жолдың екі бетін жалғап тұрған өткелдің тоғысар тұсындағы Панфилов көшесінің жолына орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Аудандық бюджеттен қаржыланған бұл жолдың ұзындығы 340 метр. Жолды жөндеуге жауапты мердігер "Арал құрылысы" ЖШС осы көше арқылы өтетін асфальттың жанына жаяу жүргіншілер жолын салып жатыр.
– Расында бұл тұс өте қауіпті болатын. Көше де тар. Әсіресе қыс мезгілінде көлікпен өткен кезде жүргізушіге де, жаяу жүргіншіге де қауіпті болатын. Былтыр осы жергеде көлік қозғалысын бір бағыттағы қозғалыс етіп, қиындық сәл де болса жеңілдеген еді. Ал мына жөндеу жұмысы мәселенің түбегейлі шешімі болатынына сенімдімін. Жол жиегінде көптеген кәсіпкерлік нысандар бар. Оларға да кедергісін тигізбейді, – дейді қала тұрғыны А.Аманов.
Мұнан бөлек жол құрылысы бойынша биыл республикалық бюджеттен қаржыландырылып, Сазды елді мекеніне кіреберістің 21 шақырымы орташа жөндеуден өтсе, қалған бөлігі алдағы уақыттағы жоспарда болады. Өтпелі жоба ретінде жүзеге асқан бұл жолдың да жөндеу жұмысын "Арал құрылысы" ЖШС жүргізді. Қазірде сапалы жол тұрғындардың көптен бергі сұранысын орындап, ауыл тұрғындарының игілігіне жұмыс жасап тұр.
Мұнан бөлек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы тағы бір маңызды жолдардың бірі "Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс" бағытындағы жолдың 21 шақырымы республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылып, жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жолдың да қалған бөлігі өтпелі жоба ретінде қарастырылған.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
13 тамыз 2022 ж. 328 0