Алғыс арқалаған Арман
Жақында әлеуметтік желіден Қызылорда қаласында кәріз құдығына түсіп кеткен сәбиді құтқарып қалған бозбала жайлы бәріміз оқыдық. Бірақ осы оқиға болған тұстан өтіп бара жатқан бір тұрғын түсірген фотодағы құтқарушының аты-жөні белгісіз болып қалып еді.
Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, әріптесіміз Гүлбану Мақажан сол бозбаланы іздеп тауыпты. Терең құдыққа қорықпай қойып кеткен батыр 15 жастағы Арман Аманжол болып шықты. Арал ауданы Бөген ауылынан облыс орталығындағы колледждердің біріне құжат тапсыруға келіпті. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді. Алдында екі әпкесі, екі ағасы бар Арман үйдің кенжесі екен.
«Бәрі аяқ астынан болды. Анасы мен оның алдына түсіп алып, құлдыраңдап сәби сәл ілгері кетіп бара жатқан. Кенет анасының жан дауысы шықты. Қақпағы ашық құдықты көргенде-ақ бір оқыс оқиғаның болғанын біле қойдым. Ойланбастан құдыққа түстім. Баланы қолыма алған сәтте жетіп келген бір ағаға тапсырдым. Артынша мені де сол кісі шығарып алды», дейді ол.
М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне құжаттарын өткізген Арман болашақта электрик болғысы келеді. Ұяңдау бозбала ерлігінің жалпақ жұртқа аян болып кеткеніне қысылатын секілді. «Менің орнымда кез келген адам осыны жасар еді ғой» дейді күлімсіреп. Оқиғадан хабардар болғандар Арманға хабарласып, алғыс айтып жатыр екен. Арнайы шақыртып, кейбір іс-шараларға қатыстырғысы келетіндер де бар көрінеді. «Сыр медиа» ЖШС ғимаратында аты-жөнін атамауды өтінген бір замандасымыз ерлік көрсеткен бозбалаға қаржылай сый табыс етті.
Қиналғанға қайырым көрсетіп, қалғып бара жатқан қоғамды бір сілкіп алатын осы Армандай айналайындар ғой...
egemen.kz