Пойыздар неге шұғыл тоқтайды?
Алматыда тек биылдың өзінде пойыз машинистері 110 рет шұғыл тежегішті басуға мәжбүр болған. Неге? Мұндай келеңсіздікке қауіпсіздік ережелерін бұзған жаяу жүргіншілер мен автожүргізушілердің бейжайлылығы, малдың рельс үстінде жайылуы себеп болған.
Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «ЖТ Алматы бөлімшесі» бас инженерінің міндетін атқарушы Александр Игошен: «Осы жылдың тек 7 айында теміржолдың Алматы филиалының шекарасында локомотив бригадаларына шұғыл тежегішті 110 мәрте басуға тура келді, оның ішінде 5 оқиға өліммен аяқталды. Пойызды шұғыл тоқтату санының азайғанына қарамастан, статистика өте жағымсыз», деген мәліметтерді келтірді.
Қай кезде де теміржолшылар апаттардың алдын алу, әсіресе адамдардың пойыз астына түсіп қалуын болдырмау үшін қолдан келген шаралардың бәрін де жасап жатады. Мысалы, желілік полиция бөлімімен бірлесіп рейдтер жүргізіледі, түсіндіру жұмыстары, оқу орындарында кездесулер өтеді. Арнайы сақтандыру плакаттары ілініп, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу мәселелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықталып жатады.
Егер осы амал-шараларды нақтылайтын болсақ, биыл 2 мыңнан астам адамды қамтыған кездесулер мен Алматы-1 стансасындағы жоғарыдағыдай оқиғалар жиі тіркелетін 10 учаскеде рейд өткізілген.
«Теміржолдың жанында тұратын адамдар қозғалыс қауіпсіздігін естен шығармағандары жөн. Олар белгіленбеген орындарда жолдарды кесіп өтпеуі, теміржол көлігі нысандарында ойын-сауықтар өткізбегені абзал. Жолаушылар пойызының жылдамдығы сағатына 140 шақырымға жетеді, ал жүк пойыздары сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүреді, салмағы 7 мың тоннадан асады. Мұндай кезде локомотив бригадасы жолда кедергіні байқаса, шұғыл тежегішті қолдануы әбден мүмкін. Ал локомотивті оқыс тоқтатқан кезде жолдың сапасына, пойыздың салмағы мен жылдамдығына байланысты кемінде 500 метр, ал кейде бір шақырымнан артық қашықтық қажет болады. Бұл автокөлік емес, онда бірнеше метр қашықтықта тоқтауға немесе бір жаққа бұруға болады», деді ҚТЖ спикері.
Александр Игошен пойыздарды шұғыл тоқтату теміржол қозғалысына кері әсер ететінін алға тарта келе: «Пойыздардың қозғалысы адамдардың, мал немесе автокөліктің кесірінен оқыс, жоспарсыз тоқтаған кезде үзіледі. Қозғалыста осындай іркілістер орын алып жатады, бұл күтпеген шығын әкеледі», деді.
Қалай десек те, балалардың теміржолдарда ойнауы, әлеуметтік желілер үшін роликтер түсірілуі теміржолшыларды қатты алаңдатады. Спикердің айтуынша, теміржол көлігі нысандарында бейнероликтер түсіру, құлаққаппен музыка тыңдау, әсіресе капюшонды киіп алу өте қауіпті. Өйткені мұндай жағдайда локомотив сигналдары естілмей немесе байқалмай қалады.
Сонымен спикер сөзінің соңында елді теміржол тәртіп ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырды.
egemen.kz