Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі мезгіл бастауы

Берекелі мезгіл бастауы

Қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың жетінші, ал қазіргі Григориан күнтізбесінің тоғы­зыншы айы – қыркүйек айы. Қыркүйек –күз мезгілінің алғашқы айы. Әдетте қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады. Жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түседі. Бұл айда шуақты, тымық күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Бұл табиғат амалын халқымыз «мизам шуағы» деп атайды.
Күз – берекесі мол мезгіл. Адамдардың төккен тер, еткен еңбегі ақталады. Күздің шымылдығын түріп берген қыркүйек айы қызықтарымен ерекше. Бала кезде білім күні неліктен қыркүйек айында деп ойламаған адам жоқ шығар. Ежелгі римдіктер үшін қыркүйек жылдың жетінші айы еді. Сондықтан "septem" деп атады, латын тілінен аударғанда бұл сөз жеті деген мағынаны береді.
Есепшілер қыркүйектегі ауа райы­на қарап, алдағы қыстың қандай болатындығын болжап топшылаған. Шуақты күндер көп болса, яғни мизам шуағы ұзақ тұрса, алдағы қыс жұмсақ, жайлы болады деп күтілетін. Қыркүйек айының атауы мал шаруашылығына байланысты туғаны белгілі. Малшылар қой мен ешкінің төлдеу мерзімін жылдың жылы айларына келтіру, малдың қоңын толықтыру мақсатында жаздың басында қошқарлар мен текелерге күйек байлайды. Байланған күйек тоқсан күннен соң алынып, аталық малдар еркін жіберіледі. Сол себепті қазақтар күйек ағытатын мезгілді «қыркүйек» деп атаған. Атаудың шығуына "қырғи" атауы себеп болуы мүмкін деседі. Қырғи деген құс осы айда балапандарын қанаттандыратын көрінеді. Мұндай табиғи құбылыс та атауға себеп болуы мүмкін.
Қыркүйекте болатын ірі табиғи құбылыстардың бірі – Сүмбіле жұлдызының тууы. Сүмбіле жазда көк аспаннан жоғалып кетеді де, қыркүйек айының ортасына таман туып, көзге көрінетіндей келбетте болады. Мұны "Сүмбіленің тууы" дейді. Халқымыз үшін Сүмбіленің тууы – зор белгі. Бұл уақытта күн аздап суыта бастайды. "Сүмбіле туса, су суыр" дейді. Яғни, су салқындайды. Сүмбіле туған сәттен бастап түн де суытады. Осы кезден бастап, жауын-шашын көбейеді. Осыны күз келді дейді. Күндіз күн шуақты болғанымен, түнде суытып кетеді. Содан шөптің басында шық пайда болады.
Қыркүйекте болатын тағы бір табиғи құбылыстың бірі – күн мен түннің теңесуі. Ол қыркүйек айының 22 немесе 23 жұлдызына сәйкес. Кібісе жылда (366 күн толық келетін жыл) бір күн артық болғандықтан күн мен түннің теңесетін уақытында аздаған айырмашылық бар. Бұл – күзгі теңелу. Оңтүстік жарты шарда, керісінше, наурыздағы күн мен түннің теңелуі күзгі, ал, күн мен түннің қыркүйекте теңелуі көктемгі болып саналады.
Қыркүйек айында туылған адамдар ойлау қабілеті мен жетілуімен ерекшеленеді. Олар ақшаны шашыратуды ұнатпайды. Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысында қыркүйек айында дүниеге келген балалар мектептегі ең жақсы бағаны алады деген қорытындыға келген. Чикаго университетінің зерттеулері бойынша 100 жас және одан көп жасаған адамдар қыркүйек-қараша айларында дүниеге келген екен.
 Бұл айда дүниеге келгенадамдар қызуқанды, әсершіл, үнемі алдына мақсат қойып, соған жету жолын ойланумен жүретін көрінеді. Сыйлық бергенді ұнатады. Бірақ ақшаны үнемдеп жаратады. Өзін-өзі жақсы көреді. Есепке өте жүйрік. Әйелдер күйеуінен гөрі өзінің жайын көп ойлайды.Тәуелсіздікті жақсы көреді, шыдамсыз. Үй шаруашылығына пысық, тамақты дәмді әзірлейді, үйді айнадай таза ұстайды. Ал ерлер қызғаншақтарды жек көре тұра, өздері өте қызғаншақ келеді. Көрсеқұмар, бірақ жар таңдау жолында өте сақ. Жақсы жағдайда өмір сүргенді ұнатады.
К.Махсұт
29 тамыз 2022 ж. 1 000 0