«Тілсіз жаудан» қалай қорғанамыз?
Өрт – тілсіз жау. Бүгінгі күні елімізде өрт кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Жалпы, қай уақытта болмасын өрт шығу факторлары қоғамдағы түйткілді мәселе болып табылады. Соңғы уақыттары өртке байланысты орын алып жатқан жағдайлар барлығымызға таныс болар. Ел басына күн туып, қаншама халық қиындықта қалып отыр. Жалпы елімізде бұқара есінде қалған талай табиғи апаттар орын алды. Соның салдарынан қаншама адам ажал құшты.
Ата-бабаларымыз «жеті жұттың» біріне санаған өрт апатын расымен де тілсіз жау деуге тұрарлық. Сондай-ақ ойламаған жерден өрт шыққанда адам сасқалақтап, үрейге бой алдырып жатады. Тіпті күнделікті өмірімізде өрттен ауыр жарақат алған немесе қаза болған адамдарды естіп, алаңдайтынымыз анық. Бүгінгі жазбамыз «тілсіз жаудан қалай қорғану қажет?» деген сауалға жауап береді. Бұл жөнінде Арал ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Бахыт Өтеулиев:
– Иә, дана қазақ өртті бекерден бекер «тілсіз жауға» теңемеген. Өрт көбіне адамдардың немқұрайлылығынан және ұқыпсыздығынан шығып жатады. Өрт қауіпсіздігі жөнінде қанша үгіт-насихат жұмыстары уақытылы жүргізілсе де, қауіптің алдын алу мүмкін емес болып барады. Жалпы, жыл басынан бастап ауданда 32 өрт оқиғасы және өртке жатпайтын жану оқиғасы бойынша 26 хабарлама келіп түсті. Жылу беру маусымы бойынша аптасына 3 рет тұрғын үй аралау жұмыстары жүргізіліп келеді. Көбіне өрт отты дұрыс қолданбағандықтан, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан пайда болады. Сондықтан мамандар өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыруды және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды сұрайды,– деді.
Өртенген заттың иісі немесе түтіннің пайда болуы өрттің бастапқы белгісі болып саналады. Мұндай жағдайда адам өзін қолға алып, өрт сөндіру диспетчеріне хабарлап, мән-жайды түсіндіруі қажет. Сонымен бірге жаңа басталған өртті су, жамылғыш, өрт сөндіргіш арқылы тоқтатуға болады. Егер ыңғайға көнбесе, арнайы мамандарға хабарлау қажет.
Айтып келмейтін апаттан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберетін өрт пен жазым болса тұңғиығына тартып әкететін су да адам баласы үшін қауіпті дүние. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, өрт мәселесінің алдын алу баршамызға міндет.
А. НҰРЛАНОВА