Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу беру маусымы жауапкершілік жүктейді

Жылу беру маусымы жауапкершілік жүктейді

Арал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.  Брифингке  бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Жиенбаев қатысып, бөлімнің 10 айда атқарған жұмыстары туралы айтып берді.
Жалпы, аудан көлемінде жылу беру маусымының қарсаңында   күшейтілген профилактикалық іс-шаралар кешені өткізілуде. Оның басты мақсаты – жылу беру маусымында орын алатын өрт салдарынан азаматтардың қаза болуы, жарақат алуы, көмірқышқыл газынан улану сынды төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіп-қатерін азайту.  Іс-шара барысында профилактикалық жұмыстардың ең тиімді әдісі – бұл тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнату арқылы, яғни қызметкерлермен тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары бойынша толық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Әрине қызметкерлермен санитарлық талаптар басты назарда ұсталады және үй иесінің рұқсатымен ғана жылыту пештерінің жағдайы зерделеніп, нұсқамалар беріліп, арнайы дайындалған үнпарақтар таратылады. Баспасөз брифингі барысында Мұрат Жиенбаев қазіргі таңда қаладағы 6000-ға жуық тұрғын үй мен Сексеуіл кентінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігін айтты.
– Статистикаға сәйкес, жылу беру маусымында тұрғын үйдегі өрттердің 60 пайызға жуығы жылыту пешінің ақауынан немесе оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы салдарынан орын алуда. Қызметкерлер тұрғындарға қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарамай, пеш құбырларын, мұржаларын уақытылы тазалауды, жарылған, сызат түскен жерлерін сылауды ескертіп өтеді.  Өйткені ақаулы пешті пайдалану – көмірқышқыл газынан уланудың ең басты себебі болып табылады. Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің бұйрығына сәйкес аталған іс-шара бойынша жұмыстар ауданымызда ағымдағы жылдың 15 тамызынан басталып кетті. Себебі маусым қарсаңында аудан тұрғындарын 100% насихат жұмыстарымен қамту үшін 1 ай жеткіліксіз және әр аптаның жұма, сенбі күндері өрт сөндіру бөлімінің негізгі жұмыс режиміне кедергі келтірмес үшін, профилактикалық жұмыстарға кезекшіліктен тыс жеке құрамы ғана жұмылдырылады,– деді.
Сонымен қатар  өрт сөндіру бөлімінің теңгеріміндегі адам эвакуациялауға арналған арнайы техникалар көмегімен жеке құрамды тасымалдап, Сексеуіл, Жақсықылыш, Шижаға елдісмекендерінің тұрғын секторына жұмылдырылуда. Себебі жыл сайын жүргізілетін талдау нәтижесі өткен жылу беру маусымында аталған елді мекендерде өрт оқиғасы басқа елді мекендерге қарағанда, көбірек орын алғандығын көрсетуде. Өрт – тілсіз жау. Жылу беру маусымында оның тіпті көбейетіні түсінікті.  Жыл басынан ауданымызда 23 өрт оқиғасы және 26 өртке жатпайтын жану оқиғасы орын алған. Ең бастысы, адамдардың өрттен жарақат алу немесе қаза болу факторлары тіркелмеген. 
Ағымдағы жылдың 2 қазанында аталған іс-шара Сексеуіл кентінде  өткізілді. Профилактикалық жұмыстарға Арал ауданының төтенше жағдайлар және №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа да ауылдарда жалғасатын болады.
Н. Маратқызы
13 қазан 2020 ж. 713 0