Егін еккеннің еңбегі ақталады

– Балғын балалық шағымның куәсі болған Арал өңірі мен үшін ыстық көрінеді. Ақтөбеде жүрсем де осы кәсіпті өз туған жеріме келіп дамыту ойымда болатын. Жалпы, егін шаруашылығы саласында 4 жылдық тәжірибем бар. Бүгінде 14 гектар жерге елді мекенде орналасқан су ұңғымасын пайдаланып, тіршілік көзін үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісімен бақша, көкөніс дақылдарын егуді қолға алдым. Нәтиже жаман болған жоқ. Биыл қарбыз, қауын, қияр және картоп өнімдерін егумен айналыстым. Қарбызды 5 гектар, қауынды 4 гектар, қиярды 2 гектар жерге пайдалана отырып өндірдім. Ешқандай да дәрі қолданбай, таза өнім алу үшін еңбектендім. Бұл шаруашылығыма ағайындарым да көмектесті. Әрине, Арал – несібелі жер. Мұнда балық, тұз өнімдері шығады. Ендігі кезекте Арал халқына бақша өнімдері қажет деген мақсатпен осында келіп, егін шаруашылығын қолға алдым. Алдағы уақытта көкөніс пен жемістің басқа да түрлерін егу жоспарда бар,–дейді кәсіпкер Елтай Төреханов.
«Берсең – аларсың, ексең – орарсың» дейді дана қазақ. Жеке кәсіпкер қазіргі уақытта еккен өнімдерін аудан орталығына жөнелтіп, еңбегінің несібесін көріп отыр. Келешекте де ауданымыздың егін шаруашылығын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруды қолға алған Елтайға тек сәттілік тілейміз.
А.НҰРЛАНОВА