Конституцияда қандай өзгерістер болады?
Бүгін Парламент депутаттары ел Конституциясына енгізілетін түзетулерді қолдап дауыс берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойғаннан кейін Қазақстанның негізгі заңдар жинағы қалай өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі материалында.
Парламент бүгін екі негізгі түзетуді мақұлдады: біріншіден, президенттік өкілет жеті жылға дейін ұзартылады және президенттерге қайта сайлануға тыйым салынады; екіншіден, елордаға Астана атауы қайтарылады.
Бұл шешімдер Конституцияның жеті тармағына түзету енгізуді көздейді.
Астана
Қазіргі 2-баптың 3-тармағы:
"Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Астана қаласы болып табылады".
Қазіргі 2-баптың 3-1-тармағы:
"Нұр-Сұлтан қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін".
Президент
Қазіргі 41-баптың 1-тармағы:
"Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды".
Қазіргі 42-баптың 5-тармағы:
"Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Бір адам қатарынан бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды".
Қазіргі 91-баптың 2-тармағы:
"Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері, Республика Президентi жетi жыл мерзiмге сайланады және бiр адам Республика Президентi болып бiр реттен артық сайлана алмайды деген ережелер өзгермейді".
Конституциялық сот
Қазіргі 71-баптың 1-тармағы:
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды".
Өзгерістерді енгізгеннен кейін:
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі сегіз жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды".
Конституцияның жаңа бабы
Сондай-ақ, Конституцияда жаңа 94-2 нөмірлі бап пайда болады, онда:
"Конституцияның 42-бабы 5-тармағының ережесі ("Бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды". - еск.) Конституцияның осы нормасы күшіне енгеннен кейін өткізілген президенттік сайлаудың қорытындылары бойынша республика Президенті болып сайланған адамдарға қолданылады".