Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенде кемшілік болмасын...

Сенде кемшілік болмасын...

"Сенде кемшілік болмасын..." бұл сөздерді ол қаншама жылдар өткен соң есіме аламын деп ойлаған жоқ. Бір ауыз сөздің осыншама құдыреттілігін мойындай алмады. Болашақтан күдерін үздбесе де осыдан 10 жыл бұрынғы жастық шағы есіне түсе берді, елестей берді.
Ол кезде Жақып жас жігіт еді. Арман қуып Алматыға енді келген кезі. Жоғарғы оқу орнының "агроном" мамандығының 1-курс студенті атанған. Көңілінде ерекше ризашылық, қуаныш бар еді. Оқу жылы басталғаннан үлгілі тәртібі, жақсы оқығандығы үшін көзге түскен ол талай қыздың жүрегін жаулаған. Қоңырау кездері факультеттің қыздары оның жанына жиналып қалатын. Кейбірі көзіне түсуге тырысып сабақ сұрай да келетін. Дегенмен Жақыптың жүрегін селт еткізген ару басқа болды. Өзімен қатар оқуға түскен қыздардың ішінен өзі тұйық, сабағынан өзгеге алаңдамайтын Еңлік қыз ерекше болатын. Онымен қалай танысарын, не әңгіме айтарын білмей жүргенде жарты жылдық біткен де еді.
Демалыстан келген соң Жақып  Еңлікке көңілін білдіре бастады. Екеуі сабақтан соң жатақханаға бірге қайтатын болды. Бірте-бірте қыз бен жігіт ретінде достарымен серуендеуге шығып жүрді. Олардың сезімдері күшейгені сонша, олар кейін бір-бірінсіз тұра алмайтындай еді. Барлық достарының арасындағы "махаббат символы" іспеттес болған.
2,3 курстың демалыстары оларға сағынышқа толы, қимастық кезең болып өтті. Махаббаттың алдында төзімдері таянған ғашықтар келесі оқу жылына соншалықты асығып келетін. Соңғы курсқа өткенде Жақып оқу бітірген соң үйлену туралы ойлай бастады. Еңліктің  отбасымен танысып, құда түсіп, той жасау туралы түрлі қиялға берілді. Осылай оқудың екі айы өте шықты.
Қараша айының 7-ші жұлдызы. Жақыптың туған күні. Бұл күн Еңлік үшін де ерекше. Себебі ол бүгін Жақыпқа сый ретінде өзінің аяғы ауыр екенін айтқысы келген. "Несі бар-, дейтін ол ішінен. Жақында оқу бітіреміз, содан соң тойымыз болады. Балалы бола алмай жүрген қаншама жан бар. Бақытты отбасының кілті - бала. Жақып мұны түсінеді"
Туған күн жақсы өтті. Отырыс, достар, тілек, би. Таңға жуық жастар үйлеріне тарасты. Қос ғашық әдеттегідей бірге қайтпақшы болған. Еңлік жүрегі алып ұшып жаңалығын жеткізуге асықты. Күн шуағына қарсы келе жатырған Жақыпқа:
- Менің аяғым ауыр,- деді ол ақырын ғана. Жүзінде күлкі, кеудесінде қуаныш бар. Жақып суық түрімен Еңлікке қарады:
-Түсінбедім?
-Менің аяғым ауыр. Кеше білдім.
Жақып түрін тез суытып алды.
-Қалайша? Еңлік, бұл дұрыс емес. Бала тойдан кейін, өз уақытымен болуы тиіс. Қазіргі таңда ол бізге кедергі болады.Оның үстіне әулет үшін ұят, абыройдың кемшілігі!
    Еңліктің көзі жасқа толды. Жақыптың сөздерінен мұздай суды үстіне құйғандай күй кешті.
-Ендеше сенде кемшілік болмасын!,- деді ол. Еңліктің қатты айтқаны да, реніші де осы болды.  Осыдан кейін екеуі көріспеді. Еңлік академиялық демалыс алып, басқа қалаға кетті. Жақып оқуын бітіріп, жұмыс жасады, кейін отбасын құрды.
Олар бақытты отбасы болатын. Екі жылдан соң келіншегі Жақыптың ізін қуатын қамшы ұстар өмірге әкелді. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмаған. Бала 4 жасқа қараған шағында аты жаман аурумен ауырып, шетінеп кетті. Одан кейінгі сәбилері жарық дүниеге жете алмады.
Жақып осы оқиғалардан соң шынымен ойлана бастады. Еңлік пен оның сөздері есіне түсе берді. Оның сол жасқа толы көздері қарсы алдында тұрғандай. Сол жастықтың буымен жасаған қателігі қайта айналып келгендей. Ол бірінші рет өз ісіне шынымен өкінді. Бір тамшы көз жасының алдында дәрменсіздігін сезді.

Гүлмарал Мықтыбайқызы  
22 қыркүйек 2022 ж. 335 0