Әлеуметтік дүкенді білесіз бе?
Бүгінгі нарықта қымбатшылық алқымнан алып тұрған шақта бағаны тұрақтандыру ең бірінші орынға қойылып отырған мәселе. Осы тұста атқарушы билік тарапынан бірқатар маңызды шаралар қолға алынып отыр. Солардың бірі – әлеуметтік дүкен ашу. Мұндай нысандар тұрғындардың қалтасын қақпай, тұрмысын түзеуге мүмкіндік береді. Бүгінде Арал ауданында бір ғана әлеуметтік дүкен бар. Оның қазіргі әлеуетіне толығырақ тоқталайық.
Биылғы жылы жеке кәсіпкер Таңшолпан Исаева әлеуметтік дүкен ашу мақсатында мемлекеттен 0,1 пайызбен 20 миллион несие алған. Несиені өтеу мерзімі 1 жыл. Осы арқылы кәсіпкерге әлеуметтік маңызы бар 21 азық- түліктің бағасын нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмендету ұсынылған. Дүкен өз жұмысын бастағалы аз уақыт болған жоқ. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазіргі күні аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, асыраушысынан айырылған отбасылар тізімі алынып, соларға арнайы талон арқылы беріледі. Ең бастысы, аудандағы наубайханалармен келісімшарт жасасып, оларға әлеуметтік ұн беріліп, нан бағасын 80-90 теңгеден сатуда. Дүкендерде нан бағасы 100 теңгеден сатылып жатыр.
– Талонның жарамдылық мерзімі бір жыл. Онда берілетін азық-түлік мөлшерінде де шектеу бар. Мәселені бір адамға аптасына бір рет 1 кг қант, 5 кг ұн, 1 кг күріш сынды әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер шекті мөлшерде беріледі. Мұндағы мақсат арзан бағадағы азық-түліктер халыққа тегіс жеткілікті мөлшерде болса екен деген ой, – дейді ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Шерхан Есжанов.
Әлеуметтік дүкендерге сатылып жатқан өнімдердің сексен пайызы отандық өнімдер. Себебі шетел асып келетін ас-ауқат күн санап қымбаттауда. Дүкенге келушілердің қатары көп. Себебі тауарлардың құны қалтаны қақпайды. Қарапайым халықтың игілігі үшін ашылған дүкенге жергілікті тұрғындар дән риза.
– Мен көпбалалы анамын. Талон арқылы әлеуметтік дүкеннен апта сайын өзіме керекті азық-түлік түрлерін базар бағасынан әлдеқайда арзан бағада сатып алып жүрміз. Әрине шекті мөлшері бар. Десе де апта айналып келгенше жеткізуге болады. Осындай әлеуметтік дүкендер көптеп ашылса екен дейміз. Өздеріңіз жақсы білесіздер қазір азық-түлік бағасы күн сайын шарықтап тұрған шақта қарапайым халықтың қалатасы көтермей жатады. Ал аталған дүкенде бағалар қалтаға қонымды,– дейді қала тұрғыны Айнұр Жетесова
Нарықты реттеп, бағаны тұрақтандыру мақсатында қолға алынып отырған әлеуметтік дүкендердің қатарын көбейту алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе. Дегенмен осындай сауда нүктелері көбейсе, қарапайым тұрмыс кешіп отырған халыққа үлкен қолдау болар еді.
Н. МАРАТҚЫЗЫ