Көкжиегі кеңейген қала

Бұдан бөлек, атқарушы билік тарапынан әлеуметтік салаларға да ерекше басымдық беріліп, прокуратура, ішкі істер бөлімі, сот секілді стратегиялы маңызға ие нысандар халық игілігіне жарап, заманауи үлгіде бой көтерген мектептер, білім ұялары бірінен соң бірі шәкірттер мен ұстаздардың көз қуанышына айналды. Осы жолдардың авторы, мен де бұрынғы ақжал толқыны жағаға ұрған теңіз ұлтаны тұсында іргесі қаланған мектепте еңбек етіп келе жатқанымды және де жас буынға туған жер қасиетін сүйікті мамандығым арқылы ұғындырып жүргенімді мақтан тұтамын.
Иә, қазіргі Арал өркениет көшіне ілескенін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы бір туған қаламыздың атағын асқақтату жолында жасалып жатқан әрбір істің қайтарымындай жыл сайын шаһарымыз шырайлана түскенін көріп те, біліп те, сезіп те жүрміз. Берекенің бастауы бірлікте демекші, аралдықтар асқан ауызбіршіліктің арқасында талай қиындықты еңсеріп, бүгінгідей мамыражай тірлікті кешіп отырғанына шүкіршілік етемін. Лайым, ұзағынан болғай!
Айнұр Абужалиева,
№64 орта мектептің мұғалімі